- Мен айыппен келіспеймін және тағылып отырған айыпқа қатысты көзқарасымды жазбаша білдіремін, - деді, тергеу ісінде А.Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші ретінде қарастырылатын Ержан Өтембаев.
Ал, қылмысты ұйымдастырушы деп айыпталып отырған Рустам Ибрагимов:
- Мен өз жауабымды жәбір көрушілердің көзінше айтамын, - деді.
Сондай-ақ, осы қылмыстық іске қатысты деп ұсталып, сотқа тартылған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобының бұрынғы әскери қызметкерлері де өз айыптарын жартылай ғана мойындады. Атап айтқанда, олар Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің еркін жүріп-тұруын шектегендерін ғана мойындады.
Ал, А.Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған Алымжан Газиевтың қорғаушысы оның психикалық денсаулығының соңғы кезде нашарлағанын алға тартып, психиатриялық сараптаудан өткізу туралы сот төрағасына өтініш білдірді. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып , оны дүйсенбі күнге дейін тиісті сараптаудан өткізуді мойнына алды.
Сот төрағасы Лұхмат Мерекенов жәбір көруші жақ, яғни Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарының сотқа қатысу ниеті барлығын, ол үшін олар жақтаушы іздеп жатқандығы себепті сот ісін 19-шы маусымға қалдырылуын сұраған жеделхатымен таныстырды. Алайда бұл өтінішті прокурор Кириенко негізсіз деп тауып, судья онымен келіскенімен, артынша айыпталушы Газиевтың психикалық денсаулығы туралы өтініш түскен соң, сот ісінде дүйсенбі – маусымның 19-ына дейін үзіліс жарияланды. Сот төрағасы Л.Мерекенов Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанаттың соттағы өкілі Серікқали Мусин арқылы жәбірленуші жақтың соттың дүйсенбідегі жалғасына шақырылатыны, оларға барлық жағдай жасалатыны туралы сәлемдемесін жолдады.
15-ші маусымдағы сот ісі ұзақ уақыт соттың қайда өтуі керектігі туралы пікірталастың төңірегінде өрбіді. Заң бойынша сот ісі қылмыс орын алған және қылмыскерлерді тергеген жерде өтуі керек деген Серікқали Мусиннің талабы да, «Талдықорғанда жақтаушыларға жағдай жоқ, тіпті кейде электр жарығы, су болмай қалады, сондықтан сот ертерек, әрі тиімді өтсін десеңіз - Алматыда өтуі керек» деп шағымданған, 10 айыпталушының жақтаушыларының да уәжіне, сот төрағасы Л.Мерекенов, бұл сот Талдықорғанда өтуі керек деген Жоғарғы соттың шешімін алға тартып, ескерусіз қалдырды. Тағы бір ескерусіз қалғаны – адвокат Серікқали Мусин жәбір көрушілер тізіміне Алтынбек Сәрсенбайұлының барлық ағайындарын қосу керек және жәбір көруші деп заңды тұлға «Нағыз Ақ жол» саяси партиясын тану керек деген өтініші болды.