Accessibility links

Дүйсенбідегі сотқа жәбір көруші жақтың жақтаушылары бірінші рет қатысты


Сот Алтынбек Сәрсенбайұлының ата-анасы мен 8 туған бауырының бәрін жәбір көруші жақтың соттағы өкілі деп тануды өтінген өтініштерін қанағаттаныдырмай, тек Алтынбектің туған ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы мен жесірі Салтанат Атушеваны жәбір көруші жақтың өкілі деп бекітті. Сот Рустам Ибрагимовтың жаңадан екінші жақтаушысы іске араласқандықтан, оған сот іс-қағаздарымен танысуға мүмкіндік жасау мақсатымен бір күнге үзіліс жариялап, келесі отырысын сәрсенбіде жалғастырмақ болып тарқады.

Талдықорғанда өтіп жатқан соттың 19-маусымдағы үшінші отырысына жәбірленуші жақтың жақтаушылары - Марат Қалиев пен Александр Розенцвайг бірінші рет қатысты.Сондай-ақ, қаза тапқан Бауыржан Байбосынов пен Василий Журавлевтың туыстары да қатысты.

Ал Алтынбек Сәрсенбайұлының анасының денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылғаны себепті оның туған-туыстары дүйсебі күнгі сотқа келе алмады. Бірақ олар сенімхат арқылы осы сотқа Болат Әбілов бастаған «Нағыз Ақ жол» партиясының бір топ жетекшілерін, Петр Своик және Маржан Аспандиярованы өздерінің сенімді өкілі деп тануын өтініп, арыз жазған екен, алайда оны сот қанағаттандырмай тастады.

Сонымен қатар сот Алтынбек Сәрсенбайұлының ата-анасынан бастап ағалары, апа-қарындастары – барлығы он адамды жәбір көрушілер деп тануын өтінген өтініштерін де қанағаттандырмай, тек ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы мен Алтынбектің жесірі Салтанат Атушеваны ғана жәбір көруші деп танитынын мәлімдеді. Прокурор Кириенко мырза осыған қатысты біраз заңдар мен Жоғарғы соттың осы заңдарға берген түсініктемелерінің негізінде:

- Қаза болған Алтынбек Сәрсенбайұлының барлық туыстарын жәбір көруші деп тану соттың міндеті емес, өз таңдауымен шешілетін мәселе! - деп айтты.

Сот төрағасы Лұхмат Мерекенов:

- Жәбір көрушілердің осыншама көптігі сот барысындағы процедураларды қиындатып жібреді деп есептейді, - деп, жәбір көрушілердің арыздарын қабылдамайтынын хабарлады.

Сот Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарын жәбір көрушілер деп танымағаны себепті оппозиция көсемдерінің сотта өкіл ретінде қатысуға құқығы болмай шықты. Бірақ, сот төрағасы оларға сотқа еркін қатысуларына болатынын айтты. Дегенмен, тек көрермен мәртебесіне ғана ие болған оппозиция өкілдері енді сот барысында қандай да сұрақ беру құқығынан айрылып, сотқа белсенді араласа алмайтын болды.

Осы сот ісінде айып тағылып отырғандардың бірі – Алымжан Газиевке психиатриялық сараптама амбулаториялық жағдайда, тікелей сот барысында іске асырылды да, стационарлық жағдайда сараптама қажетсіз деп табылып, оның жақтаушысының да өтініші қанағаттандырылусыз қалдырылды. Мамандардың айтуынша, стационарлық жағдайда психиатриялық сараптама жасау үшін кем дегенде екі апта уақыт қажет екен. Психиатриялық сараптамаға тергеу-тексеру барысында жасалған сараптамалық комиссия төрағасы әрі Газиевтың сол кездегі денсаулығы туралы баяндама әзірлеген Несіпбаев деген маман мен Талдықорған облыстық психдиспансердің 30 жылдық еңбек тәжірибесі бар маманы Светлана Загитулина шақырылыпты.

Дүйсенбі күнгі сот отырысына алғаш қатысқан Журавлевтың жесірі айыпкерлерден 100 миллион теңге моральдық шығын төлеуін өтініп, сотқа арызданды. Бірақ, бұл арыздың тағдыры әзірге белгісіз күйде қалды.

Сонымен, дүйсенбі күнгі сот Ибрагимовтың жаңадан екінші жақтаушысы іске араласуы себепті оған іс-қағаздарымен танысу үшін бір күн беріп, келесі отырысты сәрсенбі күнге қалдырды.
XS
SM
MD
LG