Accessibility links

Түркіменстан: ресми билік оппозицияның қастандығын әшкерелегенін мәлімдейді


Түркіменстанның қауіпсіздік қызметінің шенеунектері саяси оппозицияның елдегі тыныштықты бұзбақ болған қастандығын әшкерелегендерін мәлімдеді. Өткен дүйсенбі күні ұлттық теледидардан сөйлеген сөзінде ұлттық қауіпсіздік министрі Гельдымұхаммед Әшірмұхаммедовтің атап көрсеткеніндей, ол қастандыққа бірқатар шетел азаматы мен дипломатының қатысы болған көрінеді.

Ұлттық қауіпсіздік министрінің бұл мәлімдемесі “Азаттық” Радиосының штаттан тыс тілшісі Огулсапар Мұрадов пен Түркіменстанның адам құқықтарын қорғайтын “Хельсинки қорының” бірден 2 қызметкерінің қамауға алынғаны туралы хабардың ізінше шықты. Штаб-пәтері Болгарияда орналасқан Түркіменстанның “Хельсинки қорының” белсенділері Аннақұрбан Аманкылышев пен Елена Овезова өткен жұмада (16-ншы маусым) және жексенбі күні (18-інші маусым) тұтқындалды. Оларға қоса ресми билік Түркіменстанның “Хельсинки қорының” төрайымы Тәжігүл Бегмедованың балдызы болып табылатын Сапардұрды Хаджиевті де қамауға алды. Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері, сонымен қатар, 19-ыншы маусым күні Огулсапар Мұрадовтың есейіп қалған 3 баласын ұстап алып кетіп, әлі жібермей отыр. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан адам құқықтарын қорғайтын “Эмнисти интернэшнл” ұйымы бұл іс-әрекетке наразылығын білдірді.

Түркіменстанның “Хельсинки қоры” 20-сыншы маусым күні жасаған мәлімдемесінде ұсталғандардың кейбірін абақтыда қинап-жәбірлеуі немесе қорлауы мүмкін екенін және өзінің соған алаңдайтынын атап көрсетті. Аталған ұйымның хабарлауынша, қауіпсіздік қызметінің өкілдері Огулсапар Мурадовты туысқандарына хабарласып, өзінің компьютерін, сымсыз телефонын және радиоқабылдағышын билік өкілдеріне бергізуге мәжбүр еткен. Түркіменстанның “Хельсинки қорына” Мурадовтың жақындары сырқат адамдай сөйлегенін хабарлаған. Болгарияның Варна қаласынан “Азаттыққа” берген сұхбатында Тәжігүл Бегмедова тағы бір ұсталғанға байланысты суық хабар алғанын мәлімдеді. Өзінің сұхбатында ол былай деді: “Аманқылышевтың туысқандары аулада тұрған кезде, олар Ішкі істер министрлігінің бұл іске қатысы жоқ қатардағы қызметкерінен сұрады. Ол жерде, негізінен, КГБ-нің қызметкерлері жұмыс істейді де, Ішкі істер министрлігі ол іске жақындауға да қорқады және оның қатардағы қызметкері: “Сіздер Құрбан Аманқылышевті танымай қаласыздар. 3 күн бойы үзіліссіз тергеуден кейін оны тануға болмайды”, -деп мәлімдеді”.

19-маусым күні президент Сапармұрад Ниязовтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында Ұлттық қауіпсіздік министрі Гельдымұхаммед Әшірмұхаммедов Аннақұрбан Аманқылышевтың тұтқындалуы – оппозицияның қастандығын әшкерелеуге мүмкіндік бергенін мәлімдеді. Президент алында ол: “Аннақұрбан тұтқындалды. Оның автокөлігін тінту барысында бірнеше қару мен оқ-дәрі табылды”, -деп есеп берді.

Одан бір күн бұрын – жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде Түркіменстанның “Хельсинки қоры” қауіпсіздік қызметі офицерінің Аманқылышевтың автокөлігіне белгісіз бір пакетті тастағанын хабарлады. Осы мәлімдемеге қарағанда, аймақтық прокуратураның аты-жөнін атамаған бір өкілі әлгі пакетте не есірткі, не қару-жарақтың болуы мүмкін деген. Ал Ұлттық қауіпсіздік министрі Әшірмұхаммедовтың мәлімдеуінше, жоспарланған қастандыққа оппозицияның шетелде қуғында жүрген тұлғалары құпия түрде жетекшілік еткен көрінеді. Оларға ресми билік іздеу жариялады. Қастандыққа басшылық еткен оппозиция лидерлері ретінде Әшірмұхаммедов Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Хұдайберді Оразовтың, Түркіменстаның Түркиядағы бұрынғы елшісі Нұрмұхаммед Ханамовтың, бұрынғы сыртқы істер министрі Әбді Құлиев пен осыдан 3 жыл бұрын түрмеде қинаумен өлтірілген оның бауыры Парахат Ықлимовтың есімдерін атады. Ол, сонымен қатар, Түркіменстанның “Хельсинки қорының” төрайымы Тәжігүл Бегмедова мен оның күйеуі әрі Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Аннадұрды Хаджиевті де солардың қатарына қосып қойды.

“Олар Аманқылышевты мәлімет жинауға және Түркіменстанда қастандық жасаудың амалына оқыту үшін, сондай-ақ Украинадағы “қызғылт-сары төңкерістің” барысында қолданған әдіс-тәсілдеріне үйрету үшін Украинаға шақырды”, - деп мәлімдеді министр.

Алайда, Гельдымұхаммед Әшірмұхаммедовтың бұл сөзін Тәжігүл Бегмедова “бос дақпырт” деп бағалады. Оның айтуынша, “Хельсинки қорының” өткен аптада тұтқындалған 2 белсендісінің Украинаға барып қайтқаны рас, бірақ олар, әрине, Түркіменстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру үшін барған жоқ.

“Біз, Түркіменстанның “Хельсинки қоры”, 2005-інші жылы Аманкылышев пен Овезовтің, шынында да, адам құқықтарын қорғауға Польшаның белгілі “Хельсинки қоры” мен Донецк мемориалының ұйымдастыруымен адам құқын қорғайтын жазғы мектебінде оқығандарын мәлімдейміз. Бұл ұйымдар адам құқықтарының қорғалуына мониторинг жүргізуге үйрететін тренингтер өткізеді. Бұл, немене, заңсыздық па?”, - деп таңырқайды Тәжігүл Бегмедова.

“Азаттыққа” берген түсініктерінде Польшаның “Хельсинки қоры” да, “Донецк мемориалы” да Түркіменстанның саясатына тиіп-қашты қатысы жоқтығын мәлімдеді. Аталған ұйымдар бірыңғай азаматтық қоғам құру мен адам құқықтары проблемаларымен айналысатындарын айтты. Өзінің президент алдында берген есебінің соңында Ұлттық қауіпсіздік министрі бір бейнекамераны көрсетіп, оны таяуда келген францұз теледидарының өкілдері алып келгенін және бейнекамераның Аманқылышевқа арналғанын мәлімдеді. Министрдің сөзіне қарағанда, бейнекамераны Түркіменстандағы тұрмыс-тіршілікті бұрмалап көрсететін деректі фильм түсіру үшін пайдаланбақшы көрінеді. Оған қоса қауіпсіздік министрі Батыс елдерінің азаматтары қастандықты ұйымдастырмақ болған оппозициямен сыбайласты деп мәлімдеп, францұз дипломаттары мен британ азаматтарын нақты атады. Сондай-ақ ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның аймақтағы өкілін де қоса атады.

Г.Әшірмұхаммедовтың мәлімдеуінше, шетел дипломаттары кінәсін мойындарына алуға тиіс немесе елдеріне қуылатын болады. Не Ашхабадтағы францұз елшілігі, не Париждегі францұз сыртқы істер министрлігі әзірше оған сыр білдірмей отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Түркіменстандағы өкілдігі де Гельдымұхаммед Әшірмұхаммедовтің осы мәлімдемесіне түсініктеме беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG