Accessibility links

Трансатлантикалық байланыстарда игі нәтиже байқала бастады


Маусымның 21-і, сәрсенбіде Венада басталатын Еуропа одағының алқалы жиынында АҚШ президенті Буш пен мемлекеттік хатшы К.Райс қатысып, Трансатлантикалық байланыстарды талқыламақ.

Австрия астанасында өтетін бұл саммитте әлемдік экономикалық мәселеден бастап Ирандағы ядролық бағдарламаға дейінгі жағдайлар өзара әңгімеге арқау болмақ.

Венадағы бұл саммитте АҚШ президенті Буш пен Мемлекеттік хатшы К.Райстың Еуропа сапары кезіндегі жұмыс бағдарламасы өте тығыз екендігін айта кеткен жөн. Оларды алдымен Еуропа одағының кезекші президенті Аустрия канцлері Волфган Шуссел қабылдап әңгімелеседі. Бұл кездесуге Еуропа комиссиясының президенті Хосе Бароссо және Еуропа одағының сыртқы саясат бойынша бастығы Хавиер Солана қатысады.

Саммит бағдарламасында Иран және өзге де аймақтық мәселелер бар. Ал одан кейін пленарлық сессия басталып, оған ел жетекшілерімен қатар өзге де ресмилер және кеңесшілер қатысады. Ол бас қосуда бейбітшілікті нығайту, демократия және адам құқықтары мәселесі де әңгімеге арқау болмақ. Әсіресе, Таяу шығыс, Балқан елдері және Африкадағы жағдайларға арнайы тоқталмақ. Ал одан кейінгі мәжілістерде энергия қауіпсіздігі, климаттағы өзгерістер, СПИД және құс тұмауы мәселесі талқыланбақ. Әрине, лаңкестікпен күрес, жойқын қаруларды таратпау және БҰҰ-ндағы реформа мәселесі де назардан тыс қалмайтын секілді.

Сондай-ақ барлық мәжілістерде АҚШ пен Еуропа одағы арасындағы байланыстарға негізгі назар аударылмақ. Бұл жөнінде АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңсесінен кеңесші Стефан Хадли президент Буштың осы сапарына байланысты маусымның 15-інде былай деген болатын:

- Президент Буштың айтқанындай, АҚШ күш-қуатты Еуропаны қолдайды. Бізге әлемдік еркіндікті дамыту үшін қуатты әріптес керек.

Ал енді бұл орайда еуропалықтардың көзқарасы қандай? Еуропа Комиссиясынан өкіл Эмма Удвин тілшімізге келесіні айтты:

– Ирақ соғысынан кейінгі қиын сәттер артта қалды. Қазіргі кезде ЕуроОдақ пен АҚШ арасындағы байланыстар өте жақсы. Ал бұл саммит кезінде біз бірге нәтижелі жұмыс атқаратын боламыз.

Ал Лондондағы стратегиялық зерттеулер жөніндегі Халықаралық институттан талдаушы Дана Аллинның айтуынша, АҚШ пен Еуропа арасындағы байланысты нығайтуда үлкен жұмыстар атқарылған.

- Соңғы бір жарым жылда екі арадағы қарым-қатынасты нығайтуда үлкен шаралар атқарылды. Ал президент Буштың алғашқы 4 жылдық мерзімінде трансатлантикалық байланыстар нашарлап кеткендігі құпия емес, - дейді лондондық талдаушы.

Дегенмен барлық жағдай жөнге түсті деуге әле еретерек, дейді Аллин. Еуропа кеңесі мен ЕуроПарламент Орталық барлау агенттігінің күдікті лаңкестерді ұстап беруде Еуропа елдерінің қатыстығы мәселесіне де зерттеулер жүргізді.

Сонымен, АҚШ президенті Буш Вена саммитінен кейін маусымның 22-сінде Будапештке ат басын бұрып, Венгриядағы 1956 жылғы төңкерістің 50 жылдығы мерекесіне қатыспақ.
XS
SM
MD
LG