Accessibility links

Қырғызстан Мәскеу әкімін жылы қабылдады


Мәскеу үкіметінің төрағасы Юрий Лужковты Қырғызстан өте жылы қарсы алды. Қырғызстанға сәрсенбі күні ұшып келген Мәскеу әкімі қырғыз еліне, оның ішінде әсіресе елдің әйгілі курорты – Ыстық-көлге Ресейдің орасан зор инвестициясын тартуға уәде берді. Бірақ Юрий Лужков Қырғызстанға Ыстық-көл облысының туризм саласына инвестиция бағыттау үшін ғана келмеген көрінеді.

Ан-24 ұшағымен Ыстықкөлдің әуе жайына келіп қонған Мәскеу қаласының әкімі Юрий Лужков әйгілі көл жағалауына алғаш рет аяқ басып отырғанын айтып, қырғыз жерінің ғажайып табиғатына сүйсінгенін жасырмады. Тибеттен ұшып келген Мәскеу әкімі, сонымен бірге, Ыстықкөлдің “Тамшы” әуе жайын халықаралық деңгейге дейін жетілдірудің оңайға соқпайтынын, оған көп қаражат қажет болатынын атап көрсетті.

“Ең басты міндет, - деп мәлімдеді Ю.Лужков, - жергілікті табиғатқа сүйсініп отыра бермей, облыс басшылығымен, премьер-министрмен және біздің мамандармен оны жетілдіру және әуе жайдың құрылысына жұмсалатын қаражаттың қайтарылуы мәселелерін талқылау керек. Өйткені, бұл әуе жайды жетілдіріп, халықаралық әуе жай мәртебесіне дейін жетілдіруге қажетті қаражат аз емес. Оған қажетті 53 млн. доллар қаржыны инвесторларға 4-5 жылдың ішінде қайтаруымыз керек”.

Қырғызстан, көбіне қазақтар мен орыстар демалатын Ыстықкөл жағалауының инфрақұрылымын жетілдіруге кем дегенде 150 млн. доллар инвестиция жұмсайды деп үміттенеді. Осы күні Ыстықкөлдің туристерді қабылдайтын және оларға қызмет көрсететін инфрақұрылымы нашар дамыған. Еспубликаның өз қаражаты жоқ. Сондықтан да Ыстықкөл облысының әкімі Есенғұл Өмірәлиевтің айтуынша, “Тамшы” әуе жайын күрделі жөндеуден өткізумен қатар Мәскеу үкіметіне Ыстықкөлдің жағалауынан туристік кешен салу үшін 400 гектар жер бөліп беру мәселесі ұсынылған...

Е.ӨМІРӘЛИЕВ: “Аэропортты көріп, егер біздің ұсынысты қабыл алса, онда сол аэропорттың негізінде халықаралық жақсы аэропорт болса екен дейміз біз. Біз әуе жайдың бүгінгі күнгі халімен беруге мақұлмыз, әуе жайдың айналасындағы жерді беруге дайынбыз. Ал енді Мәскеудің үкіметі болса, ұшақтардың ұшып-қонатын жолын 4 шақырымға дейін ұзартып, оған қоса қонақ үй, көлдің жағасынан сауықтыру және спорт кешендерін тұрғызу, қысқасы алып кешен салуға 400 гектар жер беру туралы ұсыныс бергенбіз”.

Бірақ Ю.Лужковты Ыстықкөлдің әуе жайына кететін инвестицияның қайтарылу мәселесі қаймықтыратын сияқты. Өз сөзінде ол: “басқа, қосымша ресурстарды айтпағанда, әуе жайдың өзі осыншама қаржыны 20 жылға дейін ақтай алады деп айту қиын. Сондықтан да біз оның шешімін табуымыз керек”, - деп мәлімдеді.

Мәскеу үкіметінің халықаралық байланыстар департаменті бастығының орынбасары Борис Силаевтың айтуынша, Ыстықкөлді “түгел аралап көрген соң белгілі бір тапсырма беріледі және содан кейін ғана нақты шешім қабылданады”.

Ю.Лужков қырғыз жағымен келіссөзін Қырғызстаннан қайтқанша аяқтайтынын айтты. Оның Ыстықкөлге келген сапарының алдында Үкімет үйінде қырғыз-мәскеу келіссөзі өтіп, тараптар екі арадағы тауар айналымын өсіру жөнінде уағдаласты. Оның ізінше Ю.Лужков Қырғызстанның “Дәнекер” деп аталатын ұлттық орденімен марапатталды. Қырғызстан премьер-министрі Феликс Құловпен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған соң Мәскеу әкімі: “Біз Бішкек қаласында тұрғын үй салу жайында уағдаластық. Тұрғын үйлер бас-аяғы 100 гектардай жерге салынатын болады”, - деп мәлімдеді.

Өз кезегінде қырғыз премері Құлов: “Біз Ыстықкөлге бара жатырмыз. Онда 10 әкімшілік аймақ бар. Біз Ыстықкөлдің жағасында демалыс орталығы түріндегі 11-інші аймақ болсын дегенді ұсынып отырмыз. Мәскеуліктердің осында ұшып келуіне ыңғайлы болуы үшін Ыстықкөлдің әуе жайын жетілдіруге атсалысуды ұсындық. Егер біз осыған 500-дей гектар жер бөлетін болсақ, біз оны Ыстықкөлдің жағалауын Мәскеудің шеті сияқты жетілдіруге көндіре аламыз ғой деп ойлаймын”, - деп атап көрсетті. Одан кейін Ю.Лужков келешекте бой көтеретін “Мәскеу үйі” кешенінің іргетасына болашақ ұрпақтарға арналған жолдама-хат салынған капсуланы көмді. Егер Бішкекте “Мәскеу үйі” енді салынатын болса, Мәскеудегі “Бішкек үйі” көп ұзамай ашылатын сияқты.
XS
SM
MD
LG