Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.23.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөзде белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін қай жерде өлтіргені анық емес екендігі жазылды. Сонымен бірге газеттерде Астана әкімшілігінің шенеунігі пара алған жерде ұсталғандығы, тағы бір газетте Қарағанды қаласының бұрынғы әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалғандығы айтылды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот маусымның 21-күні айыпталушыларды тергеуге кіріскендігі «Караван» газетінде айтылды. Айып тағылып отырғандардың бірі - Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев өзінің кінәлі емес екендігін айтқан. Сол секілді Рүстам Ибрагимов, Виталий Мирошников, Әли Ғазиев және «Арыстан» тобының үш сарбазы да кінәні мойындаудан бас тартса, екі «арыстандық» кінәлі екендігін жартылай мойындаған» делінген мақалада. «Бұл уақытта сотқа тартылып отырғандардың адвокаттары зардап шеккендер олардың денесі табылған орында емес, басқа жерде өлтірілген деген пікірде отыр. Адвокаттардың Алтынбек Сәрсенбайұлының көзінің астындағы ісік қайдан пайда болған деген сұраққа тергеушілер жауап бере алған жоқ. Соңғы баллистикалық экспертиза өлтірілгендердің денесінен табылған бес оқтың әртүрлы тапаншадан атылғандығын анықтап берді» деп жазды «Караван» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Республика» басылымында былай делінген: «Бұл іске қатысты сот қаншаға созылатындығын ешкім болжап айта алмай отыр. Алайда, Қазақстандағы адковат атаулының осы процеске тартылуы және істің кейіпкерлері арасында маңызды сұрақтарға байланысты келіспеушіліктің көп болуынан-ақ соттың ай көлемінде біте қоймасын көрсетіп отыр». Дүйсенбі күні Талдықорғанға зардап шегуші жақтың өкілдері келген. Сот барысында «Ибрагимовтың жаңа адвокаты Серік Сәрсенов сотқа дейінгі тергеу заң ережелеріне сай жүргізілмегендігін, соған байланысты куәгер ретінде 57 адамды сотқа шақыруын талап еткен» деп жазды «Республика» газеті.

Аталған басылымда сонымен бірге Талдықорғанда өтіп жатқан осы іске қатысты тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың жазған мақаласы жарық көрді. Мақала авторының пікірінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің денесі толық тексеруден өткізілмеген. «Атап айтқанда, ішкі құрылысы қоса тексерілуі қажет еді. Өйткені, осы арқылы ғана зардап шеккендердің дәл қай уақытта өлтірілгендігін анықтауға болады. Ал тергеушілер тек қан құрамын тексерумен ғана шектелген. Бұл кімге керек болды екен?» деген сұрақ қойған Сергей Дуванов. Оның пікірінше, А.Сәрсенбайұлы және оның көмекшілері сенбі күні емес, жексенбі күні өлтірілген болуы мүмкін. «Яғни, бір тәулік бойы олар біреуге қажет болған» деп жазды Сергей Дуванов «Республика» газетіне жазған мақаласында.

Ал «Панорама» басылымы Талдықорғандағы сот ісін бақылап отырған журналистерге жасалған жағдай көңілден шықпайтындығына назар аударған. «Журналистердің айтуынша, олар отырған бөлменің жарығы үнемі сөніп қалады, теледидардың дауысы өте нашар шығады және сотты түсіріп жүрген оператордың жұмысы да көңілден шығарлық емес» деп жазды «Панорама» газеті.

Баспасөзде кеңінен талқыланып жатқан тағы бір тақырып – сыбайлас жемқорлық туралы. «Айқын» газеті маусымның 22-күні Қарағанды қаласындағы Қазбек би аудандық прокуратурасы қаланың бұрынғы әкімі Юрий Литвиновтың және облыстың бірнеше лауазымды қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғағандығын жазды. «Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Құсбақовтың пікірінше, Юрий Литвинов бірнеше қылмыстық іс бойынша – жер телімдерін бөлу кезінде өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны, коммуналдық жеке меншік нысандарын заңсыз жекешелендіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Облыс прокурорлары көтерген қылмыстық іс бойынша тергеу-тексеру амалдарын одан әрі жалғастыру мақсатында бұл іс Қарағанды облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне жіберілді. Қалай дегенмен де, біраз жыл Қарағанды облысын басқарып, үстіміздегі жылдан бері облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген 55 жастағы Юрий Литвиновтың заң алдында жауап беретін уақыты алыс емес», дейді Нұрбек Құсбақов «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Республика» газетінде Астана қалалық әкімшілігінің бір шенеунігі үлкен пара алған жерінде ұсталғандығы рас екендігін жазды. Бұл тақырып аталған газеттің өткен санында басылған еді. «Осы істің анық-қанығына жүгінгенде Ұлттық қауіпсіздік қызметі астаналық әкімшіліктің мемлекеттік тапсырыс департаментіне қатысы бар кісінің жарты миллион теңдеген астам пара алып жатқан жерінде ұсталғандығын растады» деп жазды «Республика» газеті.
XS
SM
MD
LG