Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.24.2006 жыл


Сенбілік баспасөз шағын кәсіп жұмысшылары 57 миллиард теңге шамасындағы жалақысын ала-алмағандығы туралы жазды. Сонымен бірге газеттерде қоғамдық эксперттер палатасының «Ар-ұят кодексінен» бас тартқандығы айтылған.

Қазақстан өндірісіндегі жұмыс берушілердің заңды әрдайым сақтай бермейтіндігі «Литер» газетінде айтылды. Аталған газеттегі мақалада Қазақстандағы еңбек құны төмен екендігі жазылған. «Егер жалақыны Ішкі жалпы өніммен салыстырып көрер болсақ тек 33 пайыз ғана болады. Бұл аз. Мәселен Арменияда осындай көрсеткіш 40 пайыз болса, Ресейде 43, ал Украинада 46 пайызға келеді екен. Сонымен бірге мемлекеттік емес сектордағы жұмысшылар 57 миллиард теңге жалақысын алмаған» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» басылымында Парламент мәжілісі жанынан құрылған Қоғамдық эксперттер палатасының «Ар-ұят Кодексінен» бас тартқандығы айтылды. Мақалада былай делінген: аталған палата елді әр отырыс сайын тосын қылықтарымен таңғалдыруда. Бірінші басқосуларында "біз волонтер емеспіз!" деп, заң жобаларына "ақысыз-пұлсыз, әшейін тегін" сараптама беруден ат-тондарын ала қашса, кешегі екінші отырыста олар... "Ар-ұят Кодексінен" бас тартты. "Қоғамдық палата" мүшелерінің бұл қылығын қалай түсінуге болады?» деген сауалды «Айқын» газеті қойып отыр.

Сонымен бірге аталған газетте қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы соғыс ашқандығы туралы мақала басылған. Маусымның 23-күні Қаржы министрлігінде кеңейтілген алқа отырысында Экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы күрес агенттігі мен министрлік мамандары экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және өзекті мәселелеріне байланысты бірлесіп әрекет ету жөнінде уағдаласты. Агенттік төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың айтуынша, елімізде сыбайлас жемқорлық өрттей қаулап барады. Оған қарсы құқық қорғау орындары және халық болып күреспесе, бой бермей, мемлекетке зор қауіп төндіруі мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс түрлері өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 22 пайызға артып кеткен. Өткен жылы тұтылғандар саны 604 болса, биыл 740-қа жеткен. Қаржы министрі Наталья Коржова ханымның пайымдауынша, әзірге салықшы, кеденші басқа да органдар заң жобасын өздері жасап отырғанда, мұндай қылмыстық әрекеттердің саябыр таппайтындығын айтады. Өйткені олар қалай болғанда да, өздеріне қолайлы, айналып өтуге мүмкіндіктері бар жобаларды өткізуге күш салады. Сондықтан заңдарды шығаруға депутаттар бастамашылық жасап, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылғаны жөн» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «Комсомолская правда» басылымы караокеден әлем біріншілігінде Қазақстанның намысын Арманжан Байтасов қорғайтындығына назар аударған. Маусымның 22-күні Алматыда аталған бірінішіліктің іріктеуі өткен болатын. Байқауға қатысқандардың қатарында белгілі әншілер болғандығына қарамастан медиахолдинг басшысы Арманжан Байтасов қазылар алқасының жоғарғы бағасына ие болған. Сөйтіп ол караокеден әлем біріншілігінде Қазақстан атынан ән салатын болады» деп жазды «Комсомольская правда» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG