Accessibility links

Талдықорғандағы сотта айыпталушылар бұрынғы берген жауаптарын өзгертіп айтып жатыр


Қазақстан оппозициясының көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның оққағары Бауыржан Байбосынов пен жүргізушісі Василий Журавлевтың өлімдеріне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінде айыпталып отырғандардың берген жауаптарының кейбір тұстары олардың сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауабымен үндеспей жатыр. Алтынбектің туыстары болса айыпталушылар қылмысқа қатысты маңызды жайттарды жасырып тұр деген көзқараста.

22 маусымдағы сотта жәбірленуші жақ оппозицияның белді мүшелерінің бірі Төлеген Жүкеевті Алтынбектің әкпесі Рая Сәрсенбаеваның соттағы өкілі деп тануын өтініп тағы арызданды. Бұл мәселе үлкен дауға айналып, жәбірленуші жақтың «егер сіздер бұл өтінішімізді қанағаттандырмасаңыздар, біз сотты тастап кетеміз» деген талабынан соң, сот мұның шешімін Ұлттық қауіпсіздік комитетімен ақылдасқан соң жұма күні айтатынын жариялады. Бұдан бір күн бұрын жәбірленуші жақ Төлеген Жүкеевті Салтанат Атушеваның соттағы өкілі деп тануын өтінген арызын сот қанағаттандырмай тастаған болатын.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Талдықорғандағы соттың 22-маусымдағы отырысында сот айыпкерлер деп танылып отырған Ерғали Қасымов пен Нүркен Едігеевтерден сұрақ-жауап алды. Қылмыстық істе Е.Қасымов мырза «Арыстандықтарға» қайғылы оқиға болған күні қару берген қызметкер ретінде аталады. Оның соттағы жауабы алдын-ала тергеу барысындағы жауаптармен онша үндес болмай тұр. Ол өзінің «арнайы рұқсатсыз қару бергенін» мойындағанымен, сотқа дейінгі тергеу кезінде «автоматтарды жалға 1000 долларға бердім» деген алғашқы жауаптарынан бас тартып отыр. Алайда, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек оның жауаптары ақиқатқа жанаспайды деп санайды.

- Бұл - жазадан жалтарудың тәсілі. Оны көп жағдайда жалған сөйлеуге итермелеген сияқты. Менің байқауымша, ол - бұйрықты орындаған адам. «Жалмауызға да жан керек» деген мақал бар ғой, бұған да жан керек. Ол әрбір автоматтың құнын 500 доллардан бағалап отыр ғой, сөйтіп бере салды деуге сенуге де болады, сенбеуге де болады. Себебі, оны сондай қылмысқа мұқтаждық итермелеген болуы мүмкін, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Дегенмен, бұларды қылмысқа итермелеген мұқтаждық дегенге де сену қиын дейді Рысбек мырза.

- Себебі, сот кезінде олардың өздері айтып отырғандай, олардың айлық табысы Қазақстанда аз деуге келмейді - 152 мың теңге шамасында, сондықтан, Қасымов мырза бұл жерде осы қылмысқа қатысы бар басқа біреулерді жасырып отыр, - деген болжам айтады Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бейсенбі күні сот отырысында сұрақ-жауапқа алынған айыпталушының тағы бірі Нүркен Едігеев – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобының майор шеніндегі офицері, Алтынбекті ұстап, басқа біреуге өткізгендер арасында болған. Оның да соттағы жауаптарына жәбірленуші жақтың өкілдері «бұл да бір нәрсені жасырып тұр» деген дүдәмал ой айтты.

- Оның келтірген деректеріне қарасаңыз, «Арыстан» арнайы бөлімшесі терроризммен күреспен емес, бопсалаумен, біреулердің тапсырмасын орындаумен айналысқандай секілді көрінеді. Мәселен, оның жаңағы сотта берген жауабында , өздерін басқарып жүрген адамға қойған сұрағын көрдіңіз бе? «Ол кім? Коммерсант па? Мемлекеттік қызметкер ме? Құқық қорғау қызметінің бақылауындағы адам емес па?» деп сұрағанын айтады. Ал негізгі міндеті терроризммен күресетін арнайы топтың офицері неге өйтіп сұрайды? Демек, бұлар бұдан бұрын да сондай әрекеттерге барып жүрген. Коммерсанттарды, бизнесмендерді бірінен екіншісіне ұстап беріп, өткізіп беріп, жеткізіп беріп... осындай жолмен ақша тауып жүргендер болып шығады, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Соттағы тағы бір даулы болған мәселе - оппозицияның белді мүшесі, бұрындары Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін екі рет атқарған Төлеген Жүкеевті Алтынбек Сәрсенбайұлының әкпесі Рая Сәрсенбаеваның өкілі деп тану туралы өтініш-арызы болды. Мұны сот Ұлттық қауіпсіздік комитетімен ақылдасқаннан кейін, өз шешімін жұма күні айтуды ұйғарды.

Алтынбектің жесірі Салтанат Атушева «Азаттық» радиосына берген қысқаша сұхбатында жалпы соттың барысына өзінің көңілі толмайтынын айтты:

- Сот процесі алдын-ала жоспарланған сияқты әсер қалып отыр. Мен, біз қандай да ақиқатты білеміз дегенге күмәнданамын, себебі, жауап берушілердің бәрі алдын-ала жаттағандай бірыңғай жауаптарды: «менің есімде жоқ, мен білмеймін, мен бұйрықты ғана орындаушымын» деген сөздерді қайталаумен болды. Менде үміт аз, бірақ, Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимовтың жауаптарын күтеміз.

Жұма күнгі сот отырысында өзге де айыпталушылардан сұрақ-жауап алу жалғаспақшы.
XS
SM
MD
LG