Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.27.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз мемлекеттік баспананы заңсыз алған қарағандылық шенеуніктер оңай олжаны қайта тапсыратындығы туралы жазды. Сонымен бірге басылымдардың бірінде 11 миллион теңгенің зейнетақысын ұрлаған пошта басшысының әрекеті анықталғаны айтылған.

Жақын күндері Қарағандыда өзін «кедей» деп дәлелдеп, мемлекеттің баспана алған шенеуніктердің бұл үйлерді қайта өткізу шарасы болатындығын «Мегаполис» газеті хабарлады. Аталған басылымдағы мақалада былай делінген: «Қарағанды облыстық прокуратурасы баспана алушылар тізіміндегі «жеңілдік» иелерінің тізімін тексеріп, оның арасынан қалалық әкімшіліктің шенеуніктерін кездестірген. Облыс әкімі Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, шенеуніктер өзінің әлеуметтік жағдайын әдейі кемітіп көрсеткен. Мәселен, Октябрь ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары жеңілдік арқылы үй алған. Ал облыстық жылжымайтын мүлік орталығының мәліметі бойынша оның бұған дейін Қарағандыда екі пәтері болған. Ал ол болса осы уақытқа дейін коммуналдық және ипотекалық баспана бөлімін меңгеріп келген». Қарағанды облыстық әкімшілігі баспананы заңсыз алған мемлеккеттік қызметкерлерді сотқа берді. Айта кетерлік бір жайт, сот шешімін күтпей жатып Октябрь ауданы әкімінің орынбасары өз еркімен қызметтен кетіпті» деп жазды «Мегаполис» газеті.

Ал «Айқын» басылымында 11 жарым миллион теңге зейнетақыны ұрлаған пошта бастығы туралы мақала басылды. «Қостанай облыстың Таран ауданында орналасқан "Қазпошта" мекемесінің жергілікті өкілдігі аталған сомадағы теңгені ұрлатып, күн өткен сайын зейнетақысын зарыға күтіп отырған зейнеткерлер алдында масқара бола жаздады» делінген мақалада. Ұрлықты жасаған "Қазпоштаның" аудандық филиалы басшысы міндетін атқарушының өзі болып шықты, яғни өкілдіктің өз бастығы деген сөз. Өткен аптаның жұмасында "Қазпоштаның" Таран аудандық филиалы зейнетақы мен жәр-демақы төлеуге тиесілі жалпы сомасы 11,5 миллионға жуық ақша алады. Алайда арада біраз уақыт өткенде ғимарат ішіндегі ақша тасушылар сөмкесіндегі "ірі көлемдегі" ақша аяқ астынан жоқ болып кетеді. Осынау оқиға жайлы хабар жетісімен облыстық ІІД бастығының орынбасары Марат Ысқақов бастаған ізшілер тобы оқиға ошағына жедел аттанады. Мамандардың араласуымен арада бірнеше сағат өткенде қолды болған ақша мен оны ұрлаушы анықталады. Оқиға орнынан филиал бастығы міндетін атқарушы, 39 жастағы азаматтың саусақтарының 26 ізі анықталады. Тексеріс барысында инкассаторлардың сөмкесіне салынған ақша "ұрының" шөп жинайтын қорасынан табылған» деп жазды «Айқын» газеті.

«Литер» басылымы болса жергілікті өзін-өзі басқару заңы күшіне енбей жатып-ақ жанжал туғызғандығына мән берген. Мақалада билік пен ақша қалай бөлінетіндігіне назар аударылған. Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығыны директорының орынбасары Қанат Берентаевтың айтуынша, жергілікті басқаруға мемлекеттік қазынадан қыруар қаржы бөлінетіндігіне күмән жоқ. Бірақ, өзін-өзі басқарудың өкілетті органы – «кеңес» болса ақша бөлуді атқаратын аудандық және облыстық әкімшілікке тәуелді болады, - деген Қанат Берентаев. Оның пікірінше, өкілетті органның өз билігіндегі қаржы көзі болуы тиіс. Ауыл адамдары оны жинап бере алмайды - тұрмысы төмен. Заң бойынша жергілікті билік аймақтың шаруашылығын реттеуге міндетті. Бұл ретте Қанат Берентаевтың айтуынша, денсаулық немесе білім беру мәселесінде жоғары жақтың билігі мен төменгі жақ арасында қайшылық пайдалы болуы мүмкін – яғни бұл «қосарланған билікке» әкеп соқтырады» деген Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығыны директорының орынбасары Қанат Берентаев «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Алматы қаласы 2018 жылғы қысқы олимпиада ойындарының астанасы мәртебесіне таласып көретіндігі туралы «Жас Алашта» жазылған. Бұған дейін 2014-жылғы қысқы ойындардан үмітті болған Алматы іріктеу турынан өтпей қалды. Он балдық жүйемен сынға түскен жеті қаланың ішінен Алматы мен Сочи шаһарлары бірдей балл жинаған. Алайда кейбір талаптары бойынша Сочи Алматыдан сәл-пәл озып тұрғандығынан алғашқы үштікке сол ілінді. «Алматы 2014» сұраныс беру комитетінің жетекшісі Владимир Смирновтың айтуынша, бұл шешімге бола қамығудың қажеті жоқ» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG