Accessibility links

Каспий аймағы: газ құбыры Еуропа Одағын газбен қамтамасыз етуге тиіс


Еуропа Комиссиясы мен Туркия, Болгария, Румыния, Мажарстан және Аустрия өкілдері Каспий аймағының газын Еуроодаққа тасымалдайтын газ құбырын салу жобасын мақұлдады. Жалпы ұзындығы 3.300 шақырым болатын “Набукко” газ құбыры Еуроодақтың өзін қуат көздерімен жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекетінің құрамдас бөлігі. Осы жылдың басында Ресей мен Украинаның арасынан шыққан жанжалдың салдарынан Ресейден экспортталатын газдың қысымы айтарлықтай төмендеп, Еуропа елдері орыс газына тәуелді болып отырғанын сезінген болатын.

Еуропа Одағы өзін энергия көзімен жан-жақты қамтамасыз ете алады-ау деген маңызды бір ісін қолға алды. 26-ыншы маусым күні Еуропа Комиссиясы еуропалық 6 елдің энергетика министрлерімен Каспий аймағының газын Орталық Еуропаға дейін тасымалдауға мүмкіндік беретін және құны бірнеше млрд. еуро болатын еуропалық газ құбырын салу жобасы бойынша өзара келісті. “Набукко” деп аталған осы жоба бойынша жыл сайын Каспий аймағының шамамен 30 млрд. текше метр газын ұзындығы 3.300 шақырымды құрайтын құбырмен Аустриядағы газ терминалына жеткізіп, сол жерден Еуропа елдеріне тарату көзделіп отыр. Осы туралы Венада келісімге келгенін хабарлаған Еуроодақтың энергия көздері бойынша арнаулы өкілі Андрис Пиебалгс (Andris Piebalgs) : “энергетика қауіпсіздігі – Еуропа Одағының әрбір сыртқы істер, қаржы, өнеркәсіп және энергетика министрлері үшін бірінші кезектегі мақсат және “Набукко” жобасы біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге өзінің нақты үлесін қосады”, -деп мәлімдеді.

“Азаттық” радиосына берген сұхбатында А.Пиебалгстің өкілі Фарран Тарраделлис (Farran Tarradellis) жаңа газ құбыры көгілдір отынды жан-жақтан үзбей тасымалдау үшін өмірде бар және жобаланып қойған өзге барлық құбырмен байланысатынын атап көрсетті.

Ф.ТАРРАДЕЛЛИС: “Біз газды Каспий бассейнінен, яғни негізінен Әзірбайжаннан импорттай аламыз. Бірақ “Каспий келісімі” бойынша газ құбыры салынатын болса, газ көлемі Қазақстан есебінен ұлғаюы мүмкін; біз газды Таяу Шығыстан, Ираннан, Ирақтан және Мысырдан Түркияға дейін салынуға тиісті басқа құбыр арқылы Мысырдан да импорттай аламыз; сондай-ақ біз газды “Көк ағын” құбыры, яғни “Набукко” құбыры арқылы тіпті Ресейден де импорттай аламыз”.

“Набукко” құбыры үшін Иранды да газ көзі ретінде қарастыру – дәл қазір өзінің ядролық бағдарламасы байланысты Иранның халықаралық қауымдастықпен қарама-қайшы көзқараста отырған себепті – саяси тұрғыдан өте сезімтал проблема болып шығуы мүмкін. Америка Құрама Штаттары БҰҰ-ын Теһранға жаза қолдануға шақырды, демек Ұлттар Ұйымы Иранның табиғи газын сатып алуға тыйым салуы ықтимал. Бірақ “Набукко” жобасының ең басты инвесторы болып қарастырылған Еуроодақтың Еуропалық инвестициялық банкінің өкілі Душан Ондреджичка (Dusan Ondrejicka) аталған жобаның іске қосылатын мезгілін еске салды.

Д.ОНДРЕДЖИЧКА: “Бұл “Набукко” жобасы толығымен тек үстіміздегі ғасырдың екінші онжылдығында пайдалануға беріледі және жұрттың көбі қазіргі саяси проблеманың көбі ол кезде шешімін табады ғой деп үміттенеді”.

Еуропаның инвестициялық банкі “Набукко” жобасының 4.8 млрд. еуро тұратын 1/3 бөлігін қаржыландыруды қалайтынын атап көрсетті. “Азаттыққа” берген сұхбатында Ондреджичка жобаның қалған үлкен бөлігін жеке кәсіпкерлер мен Еуропаның қайта құру және даму банкі қаржыландыратынын хабарлады.

Еуроодақтың өкілі Фарран Тарраделлис, сонымен қатар, Каспий аймағындағы саяси тұрақтылықтың шайқалу мүмкіндіктерінен де бейхабар емес. Мысалға, өткен аптада Әзірбайжан президенті Ильһам Әлиев халықтың басым бөлігін құрайтын армяндар сепаратистік көңіл-күйде отырған Таулы Қарабақты қайта бағындыру қажет болса, онда өзінің соғысқа дайын екенін мәлімдеді. Оңтүстік Кавказдағы соғыс қимылдары қайта жалғасатын болса, онда ол мұнай экспортына тосқауыл болуы мүмкін. Бірақ Ф.Тараделлистің айтуынша, энергия көздерінің көп болуы – осындай күтпеген жағдайға дайын болудың “кілті” болып табылады.

Ф.ТАРРАДЕЛЛИС: “Бұл “не былай, не олай” деген емес, менің пайымдауымша, келесі 20 жылда өзіміздің газға деген сұранысымызды толық қанағаттандыру үшін біз оның шығатын аймағы мен тасымалдаудың сан-алуан бағытын дамытуға тырысамыз”.

Фарран Тарраделлистің айтуынша, жылына шамамен 30 млрд. текше метр газды тасымалдайтын “Набукко” жобасы тек Еуроодақтың Ресей, Норвегия, Алжир және әлемнің баса елдерінен алатын газына қосымша ғана болады.

“Набукко” жобасы бойынша келісім – газ бағасына байланысты Ресей мен Украинаның арасынан шыққан жанжалдың салдарынан Еуроодақтың наурыз айында көрген соққысынан кейін туып отыр. Ол кезде газ тапшылығын Еуроодақтың бірқатар елі де сезінді. Міне содан бері Брюссель газды жан-жақтан импорттауды мақсат етіп алды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG