- Ибрагимовтың жақтаушысы ретінде мені Мирошниктің айтқан жауаптары қанағаттандырды. Мен ол ақиқатқа жанасады деп есептеймін. Себебі, біз бәрібір психологтармыз ғой. Мен үшін бүгін оның Бауыржан Байбосынды танитындығы жаңалық болып отыр. Бұл жағдай көп нәрсені аңғартады, - дейді, негізгі қылмыскердің бірі деп күдіктеліп отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушыларының біріСерік Сәрсенов мырза.
Бұл пікірге өзге адвокаттар да қосылады.
- Тергеу жорамалы бойынша атуға машинадан ең соңында Байбосынды шығарған. Ал машина рулінде Мирошник болған. Ондай жағдайда ол Байбосында таныған болар еді де, бұл оқиғаға орын бермес еді. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бұл талқылауды да қажет етпейтін жағдай деп ойлаймын. Тіпті, сол кезде Рустам Ибрагимовтың қолындағы қаруынан қорықты десек, қазір ақиқатты айтқан болар еді, - дейді Мирошниктің жақтаушысы Виктор Сюткин.
Мирошниктің соттағы айтқандарына сілтеме жасаған адвокат Сәрсенов «одан жауапты қинаумен алғандықтан, оның бұған дейін айтқандарын айғақ-дәлел ретінде қарастыруға болмайды» дейді.
- Ол (Мирошник) өзін ұрып-соққаны, ұйықтатпағаны, қорқытқаны туралы айтты. Мен оның бәрін қинау деп айтамын. Ал біздің ел «жауап алу барысында түрмедегілерге қинау, зорлық-зомбылық әдістерін пайдаланбау туралы» халықаралық конвенцияға қол қойған ел екенімізді айта отырып, Мирошниктен алдын-ала тергеу барысындағы қинау арқылығ яғнм заңды бұза отырып жауап алған дер едім, - дейді Сәрсенов мырза.
Сот барысын бақылағандар бұл істе көптеген түсініксіз жайттардың барын айтады.
- Тергеу сот ісінің көптеген тұстарын шикі, жалған жорамалмен қалдырған. Оны көптеген жақтаушылар байқағаны анықталып отыр және жақында олар жариялануы керек. Бірақ, олардың айтқандарына сот құлақ аса қояр ма екен? Ол жағы беймәлім, - дейді тәуелсіз журналист Сергей Дуванов.
Талдықорғандағы соттың сейсенбі күнгі отырысын қорытындылаған оппозициялық қайраткер Петр Своик мырза «бұл істе мына тордың арғы жағында отырғандардан басқа үшінші жақтың бар екені айдан анық бола бастады» деді «Азаттық» радиосына білдірген пікірінде.