Accessibility links

Жамбыл обылысында көп ақшамен жоғалып кеткен инкассаторлардың мәйіттері табылды


«Валют-транзит банкі» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының үш инкассаторы өлтірілген. Бұл оқиға маусымның 20-күні болған, ал банк қызметкерлерінің денесі маусымның 23-күні табылды. Инкассаторға шабуыл жасаушылар 32 миллион 845 мың теңгені алып кеткен.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Роза Қалдыбаеваның айтуынша, «Валют-транзит банкінің» Тараздық қызметкерлері Ерлан Бекбергенов, Жұмабек Ахметов және жүргізуші Виктор Баклагин маусымның 20-күні «Нива» маркалы арнайы мәшинемен Тараздан шығып кеткен. Олар Шу қаласына басқа бір банкке 33 миллионға жуық теңгені жеткізбек болған. Келесі күні, яғни маусымның 21-де қызметкерлердің жоғалып кетуі туралы шағымды облыстық ішкі істер департаментіне «Валют-транзит банкінің» жамбыл филиалының директоры Зәуреш Тотаева жеткізген. Осы іс бойынша іздестіру жұмыстары екі күнге созылып, банк қызметкерлерінің денесі және мәшине маусымның 23-күні Мерке ауданының аумағынан табылды. Қарақшылар мәшинені күрмеу жолдан 800 метр қашықтықта қамыстың арасына тығып кеткен. Банктің үш қызметкерінің басына және арқасына оқ тигені анықталып отыр, хабарлады Азаттық радиосына баспасөз хатшысы Роза Қалдыбаева:

- Қылмыс орнынан еш жерде тіркелмеген «Макаров» тапаншасы және «Байкал-442» маркалы үш инкассаторлық тапанша, 11 гильза және 4 оқ табылған. Оқиға орнына жедел түрде тексерушілер жеткізіліп, тиісті тексерулерін жүргізген. Шу және Мерке аудандарының тұрғындарына өтінішіміз, қандайда-бір ақпараты бар болса Жамбыл облыстық ішкі істер департаментіне хабарласуын сұраймыз. Сіздің көмегіңізді құпия сақтауға уәде береміз.

Роза Қалдыбаеваның айтуынша, инкассатор мәшинесінде ешқандай ақау байқалмаған. Сонымен қатар тексеру барысында адам қолының таңбасы алынғандығын айтты. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал «Валют-транзит банкіндегілер» зардап шеккендердің отбасыларына мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатқандығын жеткізді. Сонымен бірге осы қылмыстың ашылуына септігін тигізгендерде сыйақы белгіленген.

«Осы қылмыстың ашылуына көмектескендер үшін 1 миллион теңге көлемінде сыйақы белгіленіп отыр», дейді «Валют-транзит банкі» қызметкерлері.

Бұған дейін Қазақстандағы инкассаторларға ірі шабуыл былтырғы жылы наурыздың 24-де тіркелді. Сол жолы да Алматының орталық ауданындағы қарақшылықтан үш адам қаза болған еді. Ақпарат құралдары арасында «жылдың ең ірі қылмысы» атанған осы іс әлі күнге дейін ашылған жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG