Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.28.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстанда наша заттары төрт есеге арзандағанын, ал Батыс Қазақстанда әрбір елу тұрғынның бірі ішімдікке әуес екендігін жазды. Сонымен бірге газеттерде бір рота сарбаздың әскерден қашқандығы айтылса, басылымдардың бірінде көмір өндірісі үстіндегі ауылдардың жер астына кетіп жатқандығына назар аударылды.

«Бір рота сарбаздың әскерден қашуы бұрын-соңды Қазақстан тарихында болмаған шығар» деп жазды «Айқын» газеті. Шымкентте орналасқан 6506 әскери бөлімшесінің барлау ротасының солдаттары 25-маусым күні сағат 3-те бөлімшені тастап, қашып кеткен. Таңертең оятпақ болған кезекші олардың казармадағы орындарын сипап қалған. «Әскерилер, әскери полицейлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері аяқтарынан тік тұрды. Көп ұзамай бір қашқын көшелердің біріндегі аялдамада қолға түсті. Артынша топтанып кетіп бара жатқан 8-і ұсталды. Жаппай шұғыл іздестіру барысында өзгелері де біртіндеп бөлімшеге қайтарылды. Қашқын солдаттар алдын ала тергеу барысында берген жауаптарында рота командирінің қаталдығына шыдамағандарын айтты. Бір қызығы, қашқын жауынгерлердің әскери борыштары биылғы күзде бітеді екен. Тергеу жүріп жатыр» деп жазды «Айқын» газеті.

Қарағанды облысындағы көмір өндірісі үстіне орналасқан бір ауыл жер астына кетіп жатқандығына «Литер» газеті мән берген. Мақалада былай делінген: «Оның, бірақ, себебі бар – қыстақ орналасқан жер астын «Саранская» шахтасының жұмысшылары ұңғып тастаған. Жер қойнауынан керегін алған олар жер астын қуыс күйінде қалдырған. «Миттал Стилл» компаниясы ауылдағы үйлерді арзан ақшаға сатып алуын ұсынған. Тұрғындардың бірқатары келіскенімен, көбі миллиардер ұсынған қаржыны азсынып отыр. Шахта иесі Лакшми Миттал ақша қосқысы жоқ. Қарағанды облыстық соты мұндағы үйлерді тәуелсіз сарапшыларға бағалатуды ұсынған. Сарапшылар үйлерді миллиондап бағаласа, компанияның төлегісі кеп отырғаны 60 мың теңгеден аспайды. Тәуелсіз бағалаушылар үйлердің құнын компанияға өткізген. Алайда олар тұрғындарды қауіпті жерден көшіруге асығып отырған жоқ» деп жазды «Литер» газеті.

Қазақстанда наша заттары төрт есеге арзандағаны «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде жазылды. «Қазіргі таңда Қазақстанда 53 мың адам нашақорлыққа шалдыққан. Әсіресе бұл жағдайдың жастар арасында кең таралуы алаңдатады. Наша заттарының 80-90 пайызы Ауғанстаннан келеді екен. Ауған жерінде өндірілген героин Тәжікстан арқылы Қырғызстанға, одан Қазақстанға, Алматы арқылы Сібір аймағына қарай өтеді. Ал марихуана және гашиш өнімдері Жамбыл облысы аумағында өндіріледі немесе алматылықтар сонда барып дайындап қайтады екен. Осы жылдың алғашқы бес айында нашақорлыққа қатысы бар 596 қылмыс тіркелген» делінген «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде басылған мақалада.

Жақында 52 келі героин Петропавл жылу электр пешінде жағылғандығы «Экспресс К» газетінде жазылды. «Қара базарда наша затының осындай көлемі 1 миллион долларға бағаланады. Өртенген героин өткен жылдың соңғы екі айында құқық қорғау орындарының жұмысы нәтижесінде қолға түскен. Ал жалпы өткен жылы облыста 1 тонна 250 келі әртүрлі наша заттары ұсталған, соның 64 келісі героин. Қауіпті шөп тасығандар үсітнен 21 қылмыстық іс қозғалды» деп жазды «ЭкспрессК».

Ал Батыс Қазақстан облысында әрбір елу тұрғынның біреуі ішімдікке әуес екендігі «Экспресс К» газетінде жазылды. «Қазіргі күні облыстық наркологиялық диспансерде алкогольдік ішімдікке әуес 12 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 107-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандардың айтуынша, ішімдікке әуестік, әсіресе, ауылды жерде кең таралған. Халықты арақтан арылтудың жалғыз жолы – мәжбүрлеп емдеу орталықтары. Оралдағы осындай мекемеде кезек арылмайды – орталық 120 орынға есептелген» деп жазды «Экспресс К» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG