Accessibility links

Парламент БАҚ туралы жаңа заң жобасына енгізілген үкімет толықтыруларын қабылдады


29 маусымда Астанада Парламент Сенатының депутаттары БАҚ туралы жаңа заң жобасына енгізілген үкімет толықтыруларын қабылдады. Журналистер қауымының бір бөлігі бұл толықтырулар сөз бостандығына шектеу болады деп отыр.

Пленарлық отырыста парламенттің жоғарғы палатасының депутаттарына заң жобасын ұсынған мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев бұл заң жобасы ұлттық қауіпсіздікпен байланысты деген пікірін кезекті рет жеткізді. Оның айтуынша қазір қағаз жүзінде республикада 7 мыңнан астам БАҚ тіркелген, ал, іс жүзінде жарыққа шығатыны 2 жарым мыңнан аспайды. Және олардың жартысына жуығы жарнама туралы, тіл туралы және басқада заңдарды бұзып келеді, дейді министр. Бірақ, ең сорақысы жарыққа шықпайтын басылымдар мен арналар тендер кезінде саудаға түсіп жемқорлыққа әкеп соқтыруы мүмкін, деді Ертісбаев.

Сондықтан осы олқылықтарды жою үшін министрлік бірнеше өзгерту енгізуді ұсынды. Бастысы бас редактордың жауапкершілігін арттыру және сот шешімімен жабылған БАҚ-тың бас редакторға 3 жылға дейін өз қызметімен айналысуына тыйым салынғаны жөн, дейді министр Ертісбаев. Сенатор Қуаныш Айтаханов шектеу неге ұзақ деген сұрақ қойды:

- Неге бір жыл емес, неге екі жыл емес. Мысалы бір жылдың ішінде бас редакторлық қызметтен босатып бір жыл шығармашылық демалысқа жіберсеңіз оған жеткілікті болады деп ойлаймын

Бұл сұраққа ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Нұрлан Нұрғазин жауап берді:

- Бұл үш жыл деген кесіліп айтқан нәрсе емес. Үш жыл бола ма, екі жыл бола ма, бір жыл бола ма, оны сот шешеді.

Ал есімін айтқысы келмеген газет тілшісі соттардың тәуелсіздігіне күмән келтіріп отыр:

- Кез келген сот, аудандық, қалалық кішкентай сот белгілі бір желеумен жаба салуы мүмкін. Ал, соттарда қандай жағдай бар екенін біз жақсы білеміз. Мысалы қазір БАҚ-пен билік арасында белгілі бір қақтығыстар жүріп жатыр. Мұның бәрі түптеп келгенде қожайындарға келіп тіреледі.

Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Нұрлан Нұрғазин болса БАҚ туралы заң жобасында қорқатындай ештеме жоқ дейді:

- Сөз бостандығына келетін болсақ өздеріңіз көріп отырсыздар журналистерге қарсы бір нәрсе бар ма, жоқ. Текқана бас редакторғағана байланысты нәрсе бар, оның өзіндеде бас бұзарлық қателік кетсеғана. Газетті жауып тастайды дегенде жоқ. Сонан кейін оны министрлік жаба алмайды, ол тек сот шешімімен жабылады.

Есімін жасырған телеарна тілшісі болса бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді:

- Бұл заңға негізі келісемін, ұлттық қауіпсіздік жағынан болсын. Бірақ, соттың шешімімен басылым жабылатын болса соның бас редакторы да үш жылға дейін қызметімен айналыса алмайды дегенімен келіспеймін. Өйткені ол сотталмаған адам. Қазақта айтады «бас кеспек болсада тіл кеспек жоқ» деген. Сөз бостандығына шектеу келеді, өйткені бас редактор қайткенде де құрылтайшысының айтқанын істейді.

Ал, ақпарат министрі БАҚ-тарды қайта тіркеуден өткізуді ұсынып отыр. Екіншіден, қайта тіркелген басылымдар мен арналар бір мәрте 5 мың теңгеге дейін қаржы төлеуі шарт деді ол. Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Нұрлан Нұрғазиннің айтуынша бұл өте маңызды:

- Тіркелген кезде құрылтайшысын көрсетсін. Құрылтайшылары кім екенін білмейміз. Бізде заң бар ғой шетелдіктерге 20 пайыздан алуға болмайды деген. Сатып алып жатыр. Электрондық басылымдардың артында кім тұр? Мысалы, «ОРТ Евразияның» артында, «Хабардың» артында бір адам тұрады. Аты-жөні бар - Сәуле Тілеулесова. Бірақ, ол кісінің Швейцарияда тұрғанына 10 жыл болыпты. Қазақстанның азаматы ма, Швейцарияның азаматы ма, білмейміз. Оппозицияда. Мәселе - оппозицияның бағыт-бағдарында. Мысалы, «Республика с Петрушевой» дейді. Петрушева - Ресейдің азаматы, білесіздер.

Ал, есімін айтқысы келмеген газет тілшісі қайта тіркеу мәселесі күні ертең халыққа кесірін тигізеді деп отыр:

- Бұрынғыдай еркін тіркелу болмайды. Екіұшты пікір айтқандар өте алмайды. Тек қана биліктің саясатын қолдаған БАҚ-тар тіркелетін болады. Сондықтан ертең «Шаңырақ», «Бақайдағы» жағдайларды жазып жатқан басылымдар болмауы мүмкін. Дариға Назарбаева айтпақшы бір сұқбатында: «бүкіл Қазақстанның газеттері анау «КазПравда», «Егемен Қазақстанға» айналатын шығар».

Бейсенбі күнгі Сенат отырысына қатысқан 36 депутаттың барлығы заң жобасын алғашқы оқылымда қарап, оны жақтап дауыс берді. Бұдан соң депутат Қуаныш Сұлтанов екінші оқылымды да осы күні қарап жіберуді ұсынды. Бұл ұсынысты да қық деместен бірауыздан қабыл алған сенаторлар, БАҚ туралы заң жобасын талқыламастан толық мақұлдады. Сөйтіп, енді бұл заң жобасын президенттің қол таңбасы күтіп тұр. Немесе, осыдан екі жыл бұрынғыдай, президент Назарбаевтың қоғамда дау туғызған осы заң жобасына вето салу құқы бар.
XS
SM
MD
LG