Accessibility links

Чешенстанның келесі президенті Шәміл Басаев болса жағдай қалай өзгермек?


Чешен дала қолбасшысы, 2004 жылы Беслан мектебін басып алу операциясын мойнына алған Шәміл Басаев Чешенстан сепаратистік үкіметінің вице-президенті боп тағайындалды. Бұл жаңалық сейсенбі күні Чешенстан қозғалысының интернет-сайтында жарияланды. Демек, Чешенстанның келесі сепаратистік президенті енді Шәміл Басаев болуы мүмкін. Шәміл Басаев – Ресей үкіметі қолға түсіре алмай жүрген ең үлкен чешен дала қолбасшысы.

Ресей үкіметі Чешенстан сепаратистік қозғалысын оның басшыларын өлтіру арқылы тізе бүктіруге күш салып жатқаны аян. Чешенстан сепаратистік қозғалысының қуғында жүрген үкіметі де бар, президенті және вице-президенті де бар. Сепаратистік президент Аслан Масхадов 2005 жылы Ресей әскері тарапынан өлтірілген. Оның орнын басқан Абдұл-Хәлім Садуллаев осы айдың басында өлтірілді. Чешенстан мәскеушіл үкіметінің бас министрі Рамзан Қадыров "міне сепартистік қозғалыстың басы алынды" деп жариялап та жіберген. Дегенмен, сепаратистік қозғалыстың басына жаңа жетекшілер келіп отыр. Президент боп Доку Омаров тағайындалды, оның орынбарасы боп Шәміл Басаев тағайындалды. Демек, Доку Омаровқа бірдеңе боп қалса, оның орнына ең мықты дала қолбасшысы Шәміл Басаев келеді. Сепаратистік үкіметте сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымын атқаратын Осман Фирзаули радиомызға берген сұхбатында осы мүмкіншілікті растап отыр:

- Иә, ол солай. Ичкерия Чешен республикасының конституциясына сай президент қызметін атқара алмаса, науқас болса, не өлтірілсе, вице-президент оның қызметін атқаруға кіріседі. Президент Омаров Басаевты тағайындап, әлем қауымдастығына осындай белгі беріп отыр.

Чешенстанның сепаратистік сыртқы істер министрінің орынбасары Осман Фирзаули Ресей үкіметі Ичкерия президенттерін өлтіру тактикасын іске асыра берсе үлкен мәселеге тап болады дейді. Яғни, Доку Омаров Масхадов пен Садуллаев сияқты өлтірілсе сепартистік президент лауазымына Шәміл Басаев келмек:

- Ресей Омаровтың басшылығы кезінде Чешенстанмен бейбіт келісім жасағысы келмесе, Омаровты өлтірсе, Ресей өзіне өзі сыйлық жасайды. Олар енді Басаевқа тап болады.

Бұл жердегі мәселе – Басаев Ресей үкіметі ұстай алмай жүрген, көзін жоялмай жүрген ең мықты дала қолбасшысы. Шәміл Басаевтың алға шығып отырғаны Чешенстан басшылығында байыпты бағыт ұстанған тұлғалардың азайғанын да көрсетеді. Ресей парламенті төменгі палатасының бұрынғы төрағасы Иван Рыбкин Чешенстан қозғалысының басшылығына Шәміл Басаев сияқты радикалды тұлғаның келгеніне Кремль өзі кінәлі дейді:

- Ресей үкіметі генерал Дудаев не болмаса полковник Масхадов сияқты байыпты тұлғалармен келіссөз жүргізгісі келмеді. Ал Дудаев совет генералы болған, Масхадов совет полковнигі болған. Енді міне Солтүстік Кавказда әлде қайда радикалды тұлғаларға тап болып отырмыз.

Чешенстанның сепаратистік сыртқы істер министрінің орынбасары Осман Фирзаули батыс елдері Чешенстан мәселесін шешу үшін көбірек көмек көрсетсе жөн дейді. Соғыс жағдайында отырған Чешенстанда сыртқа кәсіби мәлімет беретін журналист аз, бейүкіметтік ұйымдар жоқтың қасы. Сондықтан Чешенстандағы жағдай туралы нақты мәлімет батыс елдерінде тапшы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG