Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.30.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз ақпарат құралдары туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасы Парламентте қабылданғандығын жазды. Сонымен бірге басылымдардың бірінде Алматы әкімшілігінің 15 миллион доллар қарызына қатысты іс Англияның коммерциялық сотында қаралғалы жатқандығы айтылған.

Мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінің маусымның 29-күнгі Парламент Сенатының жалпы отырысы туралы мақаласында былай делінген: «Сенат отырысын ақпараттық жағынан қамтамасыз етуге келген журналистердің бәрін ақпарат құралдары туралы заң жобасы қызықтырып жүргені көрініп тұрды. Әсіресе, өздерін тәуелсізбіз деп санайтын ақпарат құралдарының өкілдері осы мәселенің қалай шешілеріне қатты алаңдаулы секілді. Шын мәнінде заңға енгізілетін өзгерістердің сөз бостандығына ешқандай қысым жасамайтыны, тек ақпарат құралдары иелерін ғана тәртіпке шақыруға бағытталғаны алдын ала белгілі болса да, кейбір журналистер тәртіп тезіне ұшырағалы тұрған олардың жыртысын жыртып, заң жобасының өтпеуін қалап жүр».

Ал тәуелсіз «Республика» басылымы болса баспасөз туралы заң жобасын Парламент мәжілісі депутаттарының қайсысы қолдап, қайсысы қарсы шыққандығына мән берген. Газет редакциясына дауыс беру мәліметі бойынша екі қағаз келіп түскен: біріншісі - мәжіліс депутаттарының заң жобасына бағасы; ал екіншісі - жоба бойынша қаулы қабылдау үшін. Осы екі қағазды салыстырып қарағанда, талқылауға қатысқан депутаттардың саны екеуінде де бірдей көрсетілген, ал жобаға қарсы дауыс бергендер туралы мәлімет келіспейді. Мәселен, жоба бойынша Вера Сухорукова «қарсы» дауыс берсе, қаулы қабылдағанда оның аты-жөні жоқ болып шықты. Оның себебін білгісі келгендерге депутаттар дауыс бергенде қажет кнопканы басуды ұмыт қалдырған болуы керек деген жауап алған. «Парламент қабырғасында үшінші маусымды өткізген депутаттар дауыс беру тәртібін қалай ұмытып қалуы мүмкін?» деп жазды «Республика» газеті.

«Айқын» газетінде мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың сөздері келгірілген: «Сенаторлар алдында эмоцияға толы сөз сөйлеген министр Е.Ертісбаев «бұл заң Қазақстанды ОБСЕ-ге төрағалық ету мұратымен қоштастырады деген кейбір оппоненттердің пікірлерінің бос байбалам» екендігін мәлімдеп, алаңдаған депутаттардың жүректерін орындарына түсірді. Министр заң жобасы Конституцияға толық сай келетінін айтады. «Кейбір оппоненттер осы заң жобасы Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық етуіне кедергі жасайтынын жариялап жүр, бұл – бос сөз. Мен мұндай мәлімдемелерге назар да аудармаймын. Өйткені, ОБСЕ-ге мүше елдерде, соның ішінде ЕуроОдақ мемлекеттерінде қаталдығы тұрғысынан мұны мың орап алатын заңдар бар, ақпарат құралдарына арналған!» деді министр Е. Ертісбаев Сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде.

Ал «Караван» газеті болса Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның арнайы өкілі Рахат Әлиевтің баспасөз заңының үкіметтік нұсқасына қатысты айтқандарын басты. Рахат Әлиев «Deutsche Welle» арнасына берген сұхбатында «Қазіргі мәдениет және ақпарат министрі шулы мәлімдемелерді үсті-үстіне айтып жатыр. Мұның барлығы Еуропадағы қауіпсіздік ұйымына төрағалық ету қарсаңындағы Қазақстанның беделіне нұқсан келтірері сөзсіз» деген. «Қазақстанның ОБСЕ ұйымына берген уәделері бар. Алайда, әлдебір шенеуніктің еркінсуі салдарынан аталған ұйымға төрағалық ету жолында маңызды кедергілер пайдал болып отыр» деген сыртқы істер вице-министрі Рахат Әлиев. «Караван» газетінде, сонымен бірге, Алматы әкімшілігі халықаралық «Депфа банкіне» 15 миллион доллар қарыз екендігі жазылған. «Бұл қаржыны әкімшілік өткен жылдың соңына дейін қайтаруы тиіс болған. Алайда осы күнге дейін бір тиын көрмеген шетелдік банкі Алматы шенеуніктерімен соттасуды жөн деп тапты. Жақында Англияның коммерциялық сотында осы іске қатысты шағымдарды тыңдау басталады. Қаржы министрлігі болса осы мәселені анықтау үшін арнайы тексеру жүріп жатқандығын айтқан. Алматы әкімшілігі жауап беруден бас тартты» деп жазды «Караван» газеті.
XS
SM
MD
LG