Accessibility links

Ақпаратқа ие болу еркіндігі Актісі - Құрама Штаттардағы баспасөз еркіндігі мен ашық қоғам идеясының негізгі тірегі


Шілденің 4-інде ол Актінің 40 жылдығы тойланды. Заң бойынша АҚШ-тың кез-келген азаматы ақпарат алу үшін кез-келген агенттікке, тіпті Орталық барлау агенттігіне де өтініш тапсыруға хұқылы. Бұл акт бойынша азаматтар ол агенттікті сотқа да тарта алады. Бұған ұқсас заңдар өткен 15 жыл ішінде бұрынғы социалистік жүйден босаған елдерде де қабылданған болатын.

Стивен Афтергуд мырза - Уашингтонда орналасқан, Америка ғалымдары федерациясы жанындағы Үкімет құпиялылығы бағдарламасының директоры. «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында ол, Ақпаратқа ие болу еркіндігі Актісі азаматтардың үкімет ақпараттарына қол жеткізуіне заң жүзінде хұқық беретіндігін айтты. Бұл Акт заңдық күшіне 1966-шы жылы енген болатын. Аталған заңның күшіне ену себебі уақыт талабы еді. Вьетнам соғысы жылдары, әсіресе халықтың бойында сенімсіздік көзқарасы өсе түсті. Үкімет жалпы халықпен санасуға тиісті деген түсінік күшейеген болатын. Ақпаратқа қол жеткізу үдерісі жөнінде Афтергуд мырза:

“Бұл Акті қарапайым азаматтардың қолдануына негізделген. Сондықтан, оны жүзеге асыру оңай. Сіздің заңгер болуыңыз шарт емес. Сізге заңгердің де керегі жоқ. Бұл жерде біраз жайларды ғана нақты білу шарт. Біріншіден, сіз өзіңіздің нендей ақпарат іздестіретіндігіңізді нақты білуіңіз керек. Әрине, өтінішіңіз нақты болған сайын, оны табу да қиынға соқпайтын болады. Екіншіден, кімді іздестіріп жүргеніңізді білуіңіз керек. Яғни, тұтас үкіметтің нақты қай агенттігінде сіз іздестірген құжат болуы мүмкін? Сондай-ақ ол агенттікпен қалай байланысуға болатындығын білгеніңіз де жөн. Ондай жағдайда ақпарат қажетті күйінде дайын болады. Тіпті, сол өтініш хаттарыңызды жазып, оны кімге жолдау керектігіне көмектесетін арнайы веб парақшалар да бар”, - дейді.

Белгілі бір ақпаратқа қол жеткізу үдерісі кейде бірнеше айларға, тіпті жылдарға да созылу мүмкін. Көп нәрсе сіздің жасап отырған өтінішіңіздің қаншалықты дәрежеде күрделі екендігіне байланысты. Өзіңізге қажетті ақпаратты сұрап сіз Орталық барлау агенттігіне де, Федералдық зерттеу бюросына да қайрыла аласыз. Тіпті оларды сотқа да тарта аласыз, дей келіп, Афтергуд мырза Орталық барлау агенттігін өзінің де 4 мәрте сотқа тартқандығын «Азаттық» радиосына айтып берді. Кейбір ақпаратты ашуларына оларды мәжбүрлей алмауыңыз да мүмкін. Алайда, сіздің өтінішіңіз бойынша олар мұндай қадамдарының себебін сотқа түсіндіруі тиіс.

Қандай да бір ақпаратты сұрап өтініш жолдаушы өз атын құпия ұстағысы келсе, бұл жұмысты атқару үшін оның өзіне агент алуына да болады. Себебі, үкімет үшін бұл ақпаратты сұраушының кім екендігін білу маңызды емес. Олар үшін әлгі жауаптарын кімге жіберуді білу шарт. Егер сіздің өтінішіңіз қандай да бір шектерден асып кетіп жатқан болса, ондай жағдайда ақпарат беруші агенттік сізден қаржы төлеуді талап ететін болады. Сондықтан да олар сіздің өзіңізбен болмаса да, сізге жалғастыратын әйтеуір біреуді білуі тиіс.

Әлем бойынша 40-тан аса елде ақпаратқа ие болу еркіндігі жөніндегі заң бар екен. Мысалы, Швецияда мұндай заң 200 жыл бұрын қабылданған. Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және сыртқы істер бойынша ең көп ақпарат жариялаған ел-Америка Құрама Штаттары, дейді Афтергуд мырза.
XS
SM
MD
LG