Accessibility links

Қазақстан президенті журналистік ұйымдардың наразылығын тудырған заңға қол қойды


Сәрсенбі күні Алматыда бірқатар журналистік ұйымдар "БАҚ туралы" заңға Үкімет енгізген толықтыруларға қарсы наразылық шарасын өткізіп, Халықаралық журналистер федерациясы президентке үндеу жарияласа, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарабаев бұл заң жобасына қол қойды. Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев "Азаттық" радиосына заң жобасына қарсы болып жүргендер заңды мүлдем оқымағандар десе, наразы журналистер жаңа заң Қазақстандағы сөз бостандығын шектейді деп отыр.

Сәрсенбі күні түсте Ұлттық баспасөз клубының алдындағы шағын алаңқайға далада өсетін жабайы өсімдік - ошаған отырғызылған бірнеше құмыра әкелініп қойылды. Содан кейін Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы МАТАЕВ тікен гүлдің тұқымын уыстап алып, «бас редактор ауысқан кезде басылымның қайта тіркелуі болмасын» деп, өзі басқаратын ғимараттың алдына шаша бастады. Мұны басқа журналистер де жалғастырып әкетті:

- Мен мамандыққа тиым салуға қарсымын!

- Заңдағы барлық өзгерістерге қарсымын!

- Ертісбаевтың өзіне де, оның заң жобасына да қарсымын!

Сейтқазы Матаев журналистік ұйымдар өтізіп отырған бұл шара 29-ы күні Парламент қабылдаған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге наразылық ретінде ұйымдастырылғанын айтты:

- Өткенде біз президенттің атына2500 журналист қол қойып, хатымызды жібергенбіз. Бірнеше шеру, баспасөз-мәслихаттарын өткіздік. Енді, мәне, осы шараны өткізіп жатырмыз. Біз бір жағынан дауысымызды қоғам естісін, екінші жағынан президент естісін дейміз.

Қазақстан Журналистер Одағы да, «Әділ сөз» ұйымы да бұл заң жобасына Қазақстан президенті вето қоятындығынан үмітті болатын. Бірақ сол күні түстен кейін Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ «Азаттық» радиосына «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына президент қол қойғанын айтты:

- Ия, бүгін қол қойды.

Министрдің сөзіне қарағанда, «Қазақстан - демократиял ел, сондықтан, әр азаматтың конституцияға сай митингілер өткізу құқы бар. Ал жиынды ұйымдастырушылар заң жобасын мүлдем оқымаған».

Ал осыдан кейін «Азаттық» радиосына сұқбат берген Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев өздерінің шарасыз күйде екендіктерін жеткізді:

- Заң жобасын, барлығын жақсы білеміз! Жұмыс тобының мүшесі болдық. Ол өзі заңды білмейді... Президент қол қойса... Енді өз жобамызды парламентке бердік. Соны күзде қарай ма деп жоспарлап отыр едік... Енді болғаны – болған дейді ғой.

Сейтқазы Матаев «Б

ұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға енгізілген толықтырулар Қазақстандағы 5-6 оппозциялық басылымға қарсы бағытталған десе, Халықаралық «Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева заңдағы өзгерістер жаңадан шығатын ақпарат құралдарына тосқауыл қоймақ дейді.

- Яғни, ол біздің ақпарт алаңымыздың, медия-базардың дамуына кедергі келтіреді. Бұрынғы ақпарат құралдарын жойып, жаңадан пайда болатындардың тамырына балта шабады, - дейді Тамара Калеева.

«Рахат» телеарнасының журналисі Азамат КЕҢЕСҰЛЫ болса, жаңа заң журналистердің емес, биліктегегі жекелеген топтардың мүддесін қорғайды деп есептейді:

- Әрине, заңның өсіп-өркендеуі, толықтырылып отырылуы кез-келген қоғам үшін қалыпты құбылыс. Бірақ халықтың емес, белгілі-бір топтардың мүддесіне қарай заңды ықшамдау, икемдеу барлық біздің қазір айтып жүрген демократиялық құндылықтарымызға, демократиялық қоғам құру бойынша жүргізіп жатқан әрекеттермізге қайшы келеді!

Шілденің 3-і күні Брюссельде 500 мың мүшесі бар Халықаралық журналистер федерациясы да Қазақстандағы «БАҚ» туралы заңға толықтырулар енгізу елдегі сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігіне қауіп төндіреді деп, оған вето қоюды сұрап Қазақстан президентіне үндеу жолдаған. Алайда, бұл құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев сауатсыз әзірлеген құжат деп сынға алды.

-Мұнда заң жобасы журналистердің қызметіне қатаң шектеу қояды деп жазылған. Біріншіден, журналистердің жұмысына заң жобасының ешқандай қатысы жоқ. Себебі, бізде Конституция бар, онда сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген. Болды! Олар сөз бостандығына айтарлықтай қауіп төніп тұр дейді, шын мәнісінде біздегі ең үлкен қауіпті медиа-базардағы монополия төндіріп тұр. Сонымен бірге үндеуде енді Қазақстан 2009-шы жылы ОБСЕ-ге мүше болуы сұрақ тудырады дейді, бұл мәселе төңірегінде олай саудаласудың қажеті жоқ. ОБСЕ-ге мүше елдерде бұқаралық ақпарат құралдарына одан да қатаң талаптар қойылған. Сол себептен, Халықаралық журналистер федерациясының үндеуін парламентте, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында менің оппоненттерім қолданған акциясының жалғасы деп есептеймін, - дейді министр Ертісбаев.

Тәуелсіз журналист Сергей ДУВАНОВ болса, заң арқылы осылайша сөз бостандығына қсымы жасау тек авторитарлы режимге тән дейді.

- Біріншіден, бұл Қазақстаннның жоғары жетекшілігіне қатысты батыста әшкере болған сыбайласқан жемқорлық шатақтарға байланысты. Халық олар жөнінде білмесін дейді. Екіншіден, бұл заңның кейбір нормалары билікті сынайтын ақпарат құралдарын уысында ұстауға мүмкіндік береді. Егер бақылаудан шығып бара жатса, тәуелсіз ақпарат құралдарын оңай жауып тастайды, - дейді Сергей Дуванов.

«БАҚ туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарсы бұған дейін қазақстандыұ журналистік ұйымдар митингі өткізіп, кейбір халықаралық ұйым өкілдері сыни пікір білдірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG