Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.07.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөзде тараздық оппозиционер Әлібек Жұмабаев жайында, сондай-ақ былтыр күзде жұмбақ жағдайда қаза болған Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты іске байланысты мақалалар жарық көрді. Сонымен бірге басылымдар бастапқы білім беру бойынша Қазақстан әлемде 63-ші орында екендігіне мән берсе, газеттердің бірі Жамбыл облысында үш инкассаторды өлтірген қылмыстылардың ізі табылғандығын хабарлады.

«Тараздық оппозиционер Әлібек Жұмабаевтың бес жылға бас бостандығынан айрылуы – қазақстандағы қазіргі саяси жүйенің жемісі» деген пікірді «Республика» газетіне «Алға» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Шернияз Таванов білдірген. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Жамбыл облыстық филиалының белсендісі Әлібек Жұмабаевқа осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Тараз қалалық соты 5 жылғы бас бостандығынан айырып, бұл үкімді өткен аптада облыстық сот күшінде қалдырған болатын. Жергілікті оппозиция жетекшілері бұл процесті саяси астары бар, оппозицияға қарсы бағытталған жайт деп бағалады» делінген мақалада. Коммунистік партияның Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Кеңес Басқанба аталған газетке берген сұхбатында Әлібек Жұмабаевқа тағылған айыптың барлығы жергілікті жоғарғы оқу орнының студенттері берген көрсетулер негізінде жасалғандығын айтқан. «Бір таң қаларлығы, мәлімет берушілердің айтқандарының бәрі біреу алдын-ала жаттатып қойғандай ұқсас», деді Кеңес Басқанба. Ал Тараздағы «Поколение» азаматтық қозғалысының басшысы Зубира Беляева болса, бұл процесс оған ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы үштік соттың әрекетін еске түсіретіндігін жасырмады. Облыстағы тағы бір оппозиционер Шернияз Таванов осы іс бізге судьяның, прокурор мен тергеушінің қолында ешқандай билік жоқ екендігін тағы бір мәрте дәлелдегендігін айтқан» деп жазды «Республика» газеті.

Ал «Караван» басылымы Қазақстан полициясы мұрағаттан Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты істі алып, қосымша тергеу шараларына кіріскендігіне мән берген. «Алайда Нұрқаділовтың қайғылы өліміне біраз уақыт өтсе дағы, құпия өлімнің кейбір жайттары әлі күнге дейін ашылған жоқ» делінген мақалада. «Расы сол, қоғам бұл туралы шындықты ешқашан білмес болар. Өйткені бұл іске қатысты тергеу аяқталған» деп жазды «Караван». Тергеуші органдар Нұрқаділовтың өлімі өз-өзіне қол жұмсаушылық деп шешкен болатын. «Тіпті, АҚШ елшісінің Федералдық барлау бюросының мамандарын Алматыға алдыруы да бұл іске қатысты жаңа дәйек таба алмады. Алайда олар тергеу барысында бір-бірімен қабыса бермейтін жайттар бар екендігіне назар аударған болатын. Енді қосымша тергеу жұмыстарынан жаңа дәлелдер табылатындығы да үлкен сұрақ» деп жазды «Караван» газеті.

Аталған басылым сонымен бірге Жамбыл облысындағы «Валют-транзит банкінің» үш инкассаторының өліміне қатысты жаңа мәліметтер пайда болғандығы туралы хабарлады. Бұл оқиға осы жылы маусымның 20-күні болған еді. Тараздан Шу қаласына шығып, ұшты-күйлі жоғалған мәшине мен инкассаторлардың мәйіттері үш күннен соң Мерке ауылының маңынан табылған болатын. «Қарақшылардың шабуылы кезінде инкассаторлар тонаушыларға бірнеше мәрте оқ атқан деген жорамал бар. Қазір полиция әртүрлі жарақатымен облыстық емдеу мекемелеріне жүгінген азаматтардың барлығын тексеріп жатыр. Бұған дейін инкассаторларды тонау қылмысы осыдан бір жыл бұрын қыркүйектің 11-күні Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында тіркелген болатын. Сол кезде қарақшылар екі инкассаторды өлтіріп, 5 миллион теңгені ұрлаған. Бұл қылмыстық іс әлі күнге дейін ашылған жоқ. Осы екі істі жасаушылар бір болуы мүмкін» деп жазды «Караван» газеті.

Ал «Новое поколение» басылымы қаншама наразылық шеру өткізгендігіне қарамастан Алматыдағы пионерлер сарайын сақтай алмаған қоғам өкілдері енді соның маңындағы саябақты қалдыруға күш салып жатқандығына назар аударған. «Қарағайлы саябақ атанған бұл орынның қасынан қонақ үй салынатын болса, онда саябақ та соның қажетіне қарай оталып кетер деп алаңдайды тұрғындар. Алайда пионерлер сарайының ғимаратын сатып алған компания қарағайлы саябақтың егесі еместігіне байланысты, ол жерге тиісуге құқығы жоқтығын хабарлады» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Қазақстандағы бастауыш білім беру деңгейі әлемде тек 63-ші орында екендігі «Караван» газетінде айтылды. Елдің білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова келтірген мәліметке қарағанда Қазақстан жоғары білім жағынан 36-шы орында болса, орта білім деңгейі бойынша 46-шы орында» деп жазды «Караван» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG