Accessibility links

Қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін мұнай компанияларымен жасалған келісімдер қайта қаралауы мүмкін


Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша ол Энергетика және минералды ресурстар министріне қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін мұнай компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. Бұл туралы ол Астанада шілденің 7 күні министрліктің алқа отырысында хабарлады. Министрдің сынына іліккен кәсіпорындар арасында «Теңізшевройл» және «Аджип» компаниялары да аталды.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша министрлік биылдан бастап сот арқылы экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін табиғи тұтынушы кәсіпорындардың жұмысын тоқтату немесе жабу туралы үлкен акция бастады. Қазір қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін Қазақстан бойынша шағын 47 кәсіпорын жабылды. Тұңғыш рет олардың тізімі белгілі болды. Енді ірі компаниялармен сот үдерістері жүргізіліп жатыр, деді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов:

- Тек қана шағын бизнес нысандары ғана емес, талапты орындамаған ірі компанияларға да шара қолданылатын болады. Мысалы, мен Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне хат жібердім. Ол хатта мысалы, «Теңізшевройл» компаниясы да бар. Ол компанияны қаншама тексерсек те ешқандай өзінің жұмысын жақсартуға шара қолданбай жатыр. Өздеріңізге белгілі 9 миллион тонна күкірт далада жатыр. Сондықтан біз шара қолдану туралы, тіпті келісім-шартты қайта қарастыруды ұсындық. Өйткені сондағы екінші пункітте жазылғандай, әрбір кәсіпорын өз жұмысын толығымен Қазақстан заңдарына сәйкес жүргізуі керек.

Қазақстан бойынша экологиясы нашар аумаққа жататын Атыраудың табиғат прокуроры Батыр Жазбаев, негізінен қоршаған ортаға кесірін тигізетіндер - мұнай компаниялары екенін айтады:

- Алаңдатып отырғаны - «Теңізшевройл» және «Аджиптің» жұмысы, тағы басқа табиғат ресурстарын қолданатын 46 кәсіпорын бар. Мұнай өндіретін жерде экология бұзылады.

Ал, Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов, экологиялық проблемалардың шешілмей келе жатқандығына аумақтық басқармалар да жауапты екенін баса айтты.

- Соның кесірінен соңғы 5 жыл ішінде қордаланып қалған экологиялық проблемалар осы уақытқа дейін шешілмей келеді, - деді министр.

Ал, Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ақылбек Дадиннің айтуынша, бұл проблемалардың шешілмей келе жатқандығына заңдағы олқылықтар себепкер:

- 5-6 жыл емес, тарихи қордаланған мәселелер бар. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің суы бор мен хроммен ластануы өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарынан келе жатыр. Кезінде борды пайдаланған, өндірген химия зауыты бүгін жоқ. Ал, оның орнына келген «Ақтөбехром қосындылары» зауыты жұмыс жасап жатыр, бірақ, акционерлік қоғам жөніндегі, инвестиция жөніндегі заңдар тарихи бүлінгенге кейін келген кәсіпорынды міндеттемейді.

Ал, министр қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл түсімдері төмен екенін айтады. Өйткені, аумақтық басқармалар алдын ала рұқсат қағаздарында қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың көлемін жоғары етіп көрсетеді, дейді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов:

- Егер былтырғы жылы 2,5 миллион тоннаға рұқсаттама берілсе, соның биылғы жылы орындалуы тек 23 пайыз ғана. Яғни, қалғандарының барлығы алдын ала беріліп қойған. Ластай берсең де менің жасайтын мөлшерім әлі биік. Сондықтан табиғи қорғау бақылау комитетінің жұмысы қиындалып отыр. Өйткені олар ешқандай айыппұл сала алмайды.

Министрдің айтуынша соның кесірінен компаниялар айыппұл төлемей құтылады. Ал, кәсіпорындарға бұл айыпты төлеген күннің өзінде құқық бұзушылықты жалғастыра берген оңай және олар жыл сайын қайталанып отырады, дейді министрлік басшылығы. Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ақылбек Дадиннің айтуынша түсімдердің аздығына тағы да заң олқылықтары себепкер:

- Заңдағы олқылықтарға байланысты біздің қызметіміз жинаған барлық қаражат облыстық бюджетке түседі, сол облыстағы депуттардың құзырында ол, солар шешеді.

Осылайша, аумақтық басқарма өкілдері заңдарға өзгеріс енгізу керек деп отыр, ал, әзірге елдің шамамен 5 миллионға жуық тұрғыны ауасы ластанған жерде тұрады, 2 миллион адам өте ластанған аумақта тұрады деп хабарланған. Экологтардың мәліметінше, Қазақстанда 30 миллиард тонна өндірістік қалдық жиналған, оның ішінде 6 млрд тоннасы уытты қалдықтарға жатады. Және жыл сайын 1 миллиард тонна қалдықтар қосылып отырады деген мәлімет бар. Ал, әлемдік экология рейтингінде Қазақстан 133 елдің ішінде 70-інші орында тұр.
XS
SM
MD
LG