Accessibility links

Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Миклош Харашти Орта Азиядағы баспасөз еркіндігін қалай бағалайды?


Орта Азия елдерімен арадағы қарым-қатынаста Батыс ұйымдарының әрдайым ерекше назарға алып келген тақырыбы бұл аймақтағы баспасөз еркіндігі болып келді. Орта Азия елдерінің жетекшілері үкімет пен ресми орындарды сынауға мүмкіндік беретін еркіндікті мүмкін болғанынша шектеуге тырысып бағуда. Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ)-ның Орта Азия аймағындағы әрекеттерінің бір парасы осы еркіндіктің қалайша жүзеге асып жатқанын бақылау. Азаттық радиосы бұл тұрғыда ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Миклош Хараштимен сұхбат өткізген болатын.

Мажарстандық жазушысы, журналист, әрі адам құқығын қорғаушы қайраткер Миклош Харашти Орта Азиядағы баспасөз жөнінде сөз қозғағанда газет пен Интернет басылымдары және радио мен теледидардағы жағдай өзгеше екендігін атап өтеді.

"Түрлі пікір білдіру мүмкіндігіне келгенде плюрализм деңгейі басылым беттерінде жоғарырақ, ал радио-теледидарда төменірек. Бүтін аймақта плюрализм негізінен газет пен Интернет маңында шоғырланған. Ал радио-теледидарға келгеде, жеке меншік арналар бар елдердің өзінде, тіпті үкіметтік арналарды жалпы халықтық етіп қайта құру ниетін танытып отырған елдердің өзінде, ақпарат таратудың бұл құралы монополияландырылған және елдегі саяси өмірді еркін, шынайы түрде қамтып отыр деп айта алмаймыз",- дейді Миклош Харашти.

Ол, сондай-ақ, соңғы кезде Орта Азиядағы үкіметтер баспасөз құралдарына қатысты заңдылықтарды қатайтуға тырысып отырғанын атап өтті. Бұл тұрғыда әсіресе, мемлекеттің саясатын, яки ресми қызметкерлердің іс-әрекеттерін сынай алатын тәуелсіз ақпарат құралдарына заң жағынан қадағалау орнату үрдісі байқалып отыр дейді ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Миклош Харашти.

"Экономикалық жағынан қауқарсыз тәуелсіз баспасөз құралдарына қарсы әкімшілік қысасты байқап отырмыз. Толып жатқан жаңа ережелер, тіркеу тәрітібі, қайта тіркелу тәртібі, аккредитация алу ережелері, т.т – осының бәрі бір қарағанда қалыпты әкімшілік әрекет боп көрінгенімен, іс жүзінде бұл ережелердің бәрі тек тәуелсіз ақпарат құралдарына ғана қатысты боп шығады, ал ресми, үкіметтік ақпарат құралдарын айналып өтеді. Осының өзі қысастың бір түрі", - дейді Миклош Харашти.

Хараштидің созінше, бәрі де Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына мүше боп табылатын бес Орта Азиялық мемлекет ақпарат құралдары мәселесіне келгенде Советтік көзқарас, Советтік әдістерден арыла алмай отыр.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілдігі, өзіне берілген мандатқа сай, Орта Азия мемлекеттеріндегі баспасөз заңдылықтарының ЕҚЫҰ ережелеріне сай келмейтін тұстарына жергілікті ресми орындардың назарын аудартып отырады, бұл мәселені әрдайым олардың естеріне салып отырады, дейді Харашти.

"Біз баспасөзді демократияландыру тұрғысында өтпелі межелерді белгілеп отырамыз. Мәселен, сөз еркіндігіне қатысты заң атаулыны қылмыстық жауапкершілік шараларынан арылту мәселесін көтеріп отырмыз. Журналист жауапқа тартылуы тиіс деп табылған күннің өзінде, оның мәселесін қылмыстық сот емес, азаматтық сот қарасын деп сұрап отырмыз", - дейді Миклош Харашти.

Мұндай заңдар бірқатар Орта Азия елінде журналисттерге қарсы қолданылған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG