Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.11.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз полициядан соққы жеген қарағандылық екі азаматтың мүгедек болып қалғандығы туралы жазды. Сонымен бірге басылымдар екі мемлекеттің заңымен өмір сүріп жатқан байқоңырлықтардың тұрмысына назар аударса, газеттердің бірі қазақстандағы әуежайлардың жағдайына тоқталған.

Қарағанды облысына қарасты Абай қаласының екі тұрғыны полицияның соққысына жығылып, мүгедек болып қалғандығы «Литер» газетінде айтылды. «Жиырмалар шамасындағы жас жігіттердің біреуі көз жанарынан жартылай айрылса, екіншісінің тістері түсіп, дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Түнгі қалада қыдырып жүрген бұларды полиция төбелес шығарған біреулермен шатастырып, соққыға жыққан. Көзінен жараланған Адрей Рябининге жанарын сақтап қалу үшін күрделі операция қажет болады» делінген мақалада. Ал полиция болса қателік кеткендігін айтып, кешірім сұраумен шектелген. «Алайда зардап шеккендердің ата-аналары істі бұлайша жылы жауып қоюға келіспей, заң органдарынан емдеуге қажетті барлық шығынды өтеп, оқиға бойынша тергеу жүргізуін талап етіп отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Алматыда орналасқан Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Мария Пульман «Литер» газетіне берген сұхбатында аталған бюро Біріккен Ұлттар Ұйымының комитетіне Зорлық-зомбылыққа қарсы конвенцияның Қазақстанда қалай сақталып отырғаны туралы баяндама дайындап жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, «Қазақстанда полиция қызметкерлерінің зорлық-зомбылыққа баратындығын айғақтайтын дәлелдер жетіп артылады». Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы конвенцияның орындалу барысы туралы бұған дейінгі баяндаманы тыңдағанда Біріккен Ұлттар Ұйымы бірнеше ескерту берген болатын. «Содан бері 5 жыл өтсе де тәртіп органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысы бар 16 ескертудің үшеуі ғана орындалып отыр» деді Мария Пульман «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Айқын» газеті болса екі мемлекеттің заңымен өмір сүріп жатқан байқоңырлықтардың тұрмысына назар аударған. «Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының болашағы бұлыңғыр екенін Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов аңғармағанда көзімізді шарта жұмып жүре берер ме едік» деп басталған мақала. Байқоңырдағы Ресей кәсіпорындарында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары болашақта зейнетақысыз қалуы әбден мүмкін екен. «Өйткені Ресейдегі зейнетақы жүйесі Қазақстандағыдай жинақтаушы жүйеге көшпеген. Яғни жұмысшының зейнетақы қорына қаржы аударылмайды. Уәкілдің жұлдызды қалашыққа сапары барысында анықталған осы тақылеттес жайлар Үкіметке ұсынылған. Осыдан кейін ғана Үкімет ведомствоаралық топ жасақтап, Байқоңырға жөнелтіпті. Адам құқықтары жөніндегі орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың пікірінше, әлгі мәселелердің екі ел арасында қол қойылған келісімге өзгерістер енгізілмей, шешімін таба қоюы екіталай» деп жазды «Айқын» газеті.

Сонымен бірге қазақстандық омбудсмен Алматыдағы «Шаңырақ», «Бақай», «Әйгерім», «Ұлжан» секілді ықшам аудандарда заңсыз тұрғызылған бұзу кезінде заңсыздық кетіп жатқандығы туралы мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдағандығы «Известия: Казахстан» газетінде жазылды. «Ұсынысқа орай Ішкі істер министрлігі өзінің қызметкерлеріне заңсыз баспаналарды қирату операциясына тек министрліктен рұқсат түскенде ғана қатысуды тапсырды» делінген «Известия» газетіндегі мақалада.

Ал «Жас Алаш» газеті баспана дауы Бақайға дейін де болғандығына назар аударған. «Алматыдағы үйсіз-күйсіз мыңдаған жастардың қаладан не пәтер ала алмай, не жер учаскесіне қолдары жетпей, ақыры жиналып алаңға шығуы 1990 жылдан басталды. Сол кезде екі жүздей ұл мен қыз Әл-Фараби даңғылының бойындағы бос жатқан учаскені иемденіп, үй тұрғызуға кіріскен. Бірақ олардың үйлері құлатылып, құрылыс пышақ кескендей тыйылды. Сол кездегі толып жатқан саяси оқиғалар үкіметті жастардың талабын орындауға мәжбүр етті. Ұзамай «Шаңырақ», «Таугүл», «Думан» ықшамаудандары дүниеге келген. Бірақ осының артынша ауылдарда, шағын қалаларда жұмыссыздық көбейіп, адамдар Алматыға ағыла бастады. Сөйтіп, жер дауы қайта қозды» деп жазды «Жас Алаш».

Баспасөзде көп айтылып жатқан тақырыптың бірі – Ресейдің Иркутск қаласында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы. «Осындай қайғылы оқиға болмас үшін Қазақстан енді әуе көлігінің жердегі инфрақұрылымын қолға алатын болады» деп жазды «Айқын» газеті. Үкіметтегі арнайы кеңесте Үкімет басшысы Даниал Ахметов Шымкент, Павлодар, Қызылорда, Қостанай әуежайларын қайта құру мәселесіне назар аударды. Кеңес соңында 2006-08-жылдарға арналған азаматтық авиация саласын дамыту Бағдарламасы бекітілді. Ондағы іс-шараларды жүзеге асыру үшін 121 миллиард теңге жұмсалуы керек» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG