Accessibility links

Шымкентте 1 және 2 жастағы екі сәбидің қанынан ВИЧ-инфекциясының белгілері анықталды


Бұл екі сәби бейімсіз отбасынан шыққан балалар болып отыр. Дәрігерлер күдік келтіріп отырған тағы жеті сәби бүгінде тексеруден өткізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Келесбай Жұмағұлов сейсенбі күні “Азаттық” тілшісіне берген сұхбатында, қанынан ВИЧ-инфекциясы табылған екі бұлдіршінді қазір дәрігерлер бақылауға алғанын хабарлады.

- Әр үш ай сайын қандарын алып тексеріп отырамыз. Егер тексеру қорытындысы бірін-бірі растаса, біз ол балаларды шын мәнінде ВИЧ дертіне шалдыққан деп есептейміз. Оларға ем қолданамыз. Бұл екі сәби бейімсіз отбасынан, аналары -жезөкше, әкелері - нашақор Біреуі тастанды, балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Дәрігерлердің күдігін туғызып отырған тағы да жеті баладан қан алынып, оны республикалық СПИД орталықтың зертханасына жібердік, қазір жауабын күтіп отырмыз, - деді К.Жұмағұлов мырза.

Маман бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясының таралуы әйелдер арасында ұлғайып отырғанын айтады. Республика бойынша ВИЧ/СПИД дертінің таралуы жағынан төртінші орында тұрған Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай жағдай сәбилер арасында бірінші рет тіркеліп отыр екен.

Ресми дерекке жүгінсек, биылғы жылғы мамыр айының соңында Қазақстанда осы дертті жұқтырған 6 мыңнан астам адам тіркелген. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, бұл дерттен көз жұмғандар саны 350 адамнан асқан.

Ал кейбір мамандар шын мәнінде науқастар саны ресми деректегіден көп болады деп отыр.

- Орталық Шығыс Азия аймақтарында осы дерттің таралу деңгейі әлем бойынша жоғары болып отыр. Қазақстанда СПИД дертін жұқтырды деп ресми тіркелген 6 мың адам шынайы деректі көрсете алмайды. Сарапшы мамандар бұл деректердің шынайы өмірде 5 есеге дейін көп екендігін айтып жүр, - дейді Алматыда орналасқан «Шығыс-Батыс СПИД қорының» аймақтық директоры Николья Канто.

Ол келтірген дерекке сүйенсек, осы уақытқа дейін бұл өңірлерде 64 мыңға жуық адам СПИД дертінен көз жұмыпты.

Қазақстандық дәрігер мамандардың айтуынша, ауруға шалдыққандардың 87 пайызы дертті ине арқылы жұқтырады екен. Сонымен бірге бұл дерттің жыныстық жолмен берілу деңгейі де жыл сайын артып отыр дейді мамандар.

- Бұл тәрбие жұмыстарының әлсіздігінен. Бізге салауатты өмір салтын насихаттау 15 жастан кейін ғана жүргізіледі. Көп жерлерде ата-аналар жыныстық қатынас мәселесін ашып айтуға қарсы. Оған мұғалімдер де дайын емес. Ал негізі деректерді алып қарасақ, 11 жастағы балалардың өзі салауатты өмір салтын бұзып жатады, - дейді Алматыдағы салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының директоры Қазбек Төлебаев.
XS
SM
MD
LG