Accessibility links

АҚШ Қорғаныс министрі Д.Рамсфельд Ауғанстанның ресми өкілдерімен кездесті


Бүгін Кабулда АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд президент Хамид Карзаймен және Ауғанстанның басқа да ресми өкілдерімен келіссөз өткізді. Кездесу барысында Талибан соғысушыларымен күрес мәселесі және елді қайта құру процесі талқыланды. Ал өткен айда бұл елге АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс та келген болатын. Cоңғы кездері АҚШ жетекшілігіндегі коалиция күштері мен Талибан соғысушылырының арасында қақтығыстар көбейіп кетті деп хабарланған еді.

АҚШ Ауғанстанға көмек беруімізді одан әрі жалғастырамыз және қауіпсіздік мәселесін жақсартуға жәрдем береміз деп отыр. Бүгін Кабулда сөйлеген сөзінде Рамсфельд мырза Ауғанстандағы АҚШ жауынгерлерінің санын азайту жаспары болса да Вашингтон Ауғанстанға деген қызығушылығын жоғалтпады деді.

“АҚШ Ауғанстанның қауіпсіздік күштерімен бірге лаңкестікпен күресін одан әрі жалғастырады. Сондай-ақ, Ауғанстанның қауіпсіздік күштерін күшейту мақсатында елдің Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерімен бұдан кейін де жұмыс істей береді”, - деді Рамсфельд.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай оның елі бүлікшілермен соғысу үшін АҚШ-тың қолдауына мұқтаж деді.

“АҚШ-тың көмегі бізге әлі де керек пе деген сұрақ тұрса... Иә, өте керек. Біз АҚШ-тың кепілдігіне зәруміз бе? Иә, өте зәруміз. Ал АҚШ-тың қатысуы бізге керек пе? Иә, өте керек”,- деді Карзай.

Бүгін коалиция күштері Хелманд провинциясында күдікке ілінген 30 Талибан соғысуышысын өлтіргендерін хабарлады. Соңғы айларда қарулы бүлікшілер жасады делінген шабуылдардан кемінде 700 адам құрбан болды. Олардың арасында коалиция күштерінің жауынгерлері де бар.

АҚШ Қорғаныс министрі Рамсфельд кейбір шабуылдар “шекарадағы әрекеттер” кесірінен болған дейді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Ауғанстанның көршілес елдері де көбірек ынтымақтасуы керек. Рамсфельд, сондай-ақ, соғысушыларды қаржыландыруға көмек беріп жатқан есірткі саудасымен күрес мақсатында Еуропа елдерін Ауғанстанға “бас жоспар” дайындап беруге шақырды.

Рамсфельд дүйсенбі күні Тәжікстанға жасаған сапарында да осыған ұқсас мәлімдеме айтты. Тәжікстан астанасы Душанбеде АҚШ Қорғаныс министрі Рамсфельд Еуропа мен Ресейді Ауғанстан үкіметіне жәрдем беруге шақырған болатын.

“Батыс Еуропа Ауғанстанның жетістікке жетуіне қызығушылық танытып отырған болар. Карзай үкіметінің жұмысы сәтті болуы үшін оларға көбірек жәрдем беру керек”, - деді Рамсфельд.

Хамид Карзай оның үкіметі елдің қауіпсіздік жағдайын жақсарту және бүлікшілермен күресу мақсатында халықаралық қауымдастықтың көмегінен пайдалануда деді. Оның айтуынша, Ауғанстандағы лаңкестер жеңіледі.

“Лаңкесттерді әлбетте жеңеміз. Олардың тезірек жеңілуі үшін әрекет жасаудамыз. Терроризмге қарсы соғыс одан әрі жалғасады. Лаңкесттер жеңілді, бірақ енді олардың қалдықтарын жою керек”, -деді Карзай.

Бүгін Дональд Рамсфельд те Ауғанстанда тәліптер жеңіледі деді. Ал БҰҰ-ның Ауғанстандағы өкілі Том Коэнигс елдің қауіпсіздік жағдайына байланысты алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастық бүлікшілермен күресу мақсатында бұл елге көбірек жәрдем беруі керек деп мәлімдеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG