Accessibility links

Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы филиалдарын мемлекеттік тіркеуден өткізе алмай отырса, «Алға» ұйымы партия ретінде қайта тіркеуден өтуге шешім қабылдады


Көкек айының 27-сінде оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы екінші съезін өткізіп, заң талаптарына сай республиканың 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларында филиалдар құруға шешім шығарған еді. Партия мүшелері мамыр айында облыстарда құрылтай мәслихаттары өткізіліп, облыстық және қалалық әділет басқармаларына партияны тіркеуге тиісті құжаттарды тапсырған. Бірақ содан бері партияның бірде-бір бөлімшесі әлі күнге дейін тіркеуден өтпеген.

Оның себебі – жергілікті заң орындары түрлі сылтаулар айтып, оппозициялық ұйымды тіркетпей отыр дейді «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Төлеген ЖҮКЕЕВ «Азаттық» радиосына:

- Бір жерде әріп дұрыс емес десе, енді бір жерде орысшыдан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударған дұрыс емес дейді. Ал тағы бір жерде Әділет басқармасы құжаттарды облыстық әкімшіліктерге, олар өз кезегінде ұлттық қауіпсіздік комитетіне береді. Міне, осындай заңсыздықтар жасап жатыр!

Қазақстан заңнамасы бойынша партия тіркеуден өткеннен кейін 6 ай ішінде облыстағы бөлімшелерін есепке тұрғызуы керек. Яғни, «Нағыз Ақ жол» партиясына қыркүйектің 17-сіне дейін мерзім қалды. Егер оған дейін кемінде бір аймақта партия бөлімшесі тіркелмесе, онда партияны тіркеу жойылады. Сондықтан, жергілікті билік орындары оппозициялық ұйымға әдейі кедергі жасап отыр деп есептейді Төлеген Жүкеев:

- Біз бәрін үлгеріп, құжаттарды уақытында тапсырдық. Биліктің өзі әдейі тіркемей отыр. Оппозициялық партиялардың бәрін жоққа шығарғысы келетін тәрізді.

Алматы облыстық филиалын тіркеу үшін тиісті құжаттар мемлекеттік құзырлы органға осыдан 2 ай бұрын өткізілген. Бірақ, түрлі сылтаулармен партия бөлімшесі әлі күнге тіркеуден өте алмай келеді. Мысалы, Алматы облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі тіркеуді кейінге қалдыру туралы ұсыныс түсірген дейді «Нағыз Ақ жол» партиясының Алматы облысындағы жетекшісі Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ:

- Құжаттарды қарап, тексермек болған көрінеді. Ал оны тексеруге, партиялардың жұмысымен айналысуға олардың құқы жоқ. Партияны тіркеу-тіркемеу мәселесімен облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімі емес, облыстық әділет басқармасы айналысуы тиіс. Сондықтан, біз бұл заң бұзушылық бойынша талап-арызды кеше Талдықорған сотына бердік.

Бұл жайт бойынша Алматы облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі мен Әділет басқармасынан түсіндірме алу мүмкін болмады. Партия бөлімшесінің тіркелуіне жергілікті билік орындарының не үшін кедергі қойып отырғаны белгілі дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- «Нағыз Ақ жол» - демократиялық өзгерістерді талап ететін бірден-бір партия. Сондықтан, оны тіркемей, заңсыз санағылары келеді. «Алға» партиясын тіркемегенін білесіздер. Оның заңсыз екендігі айтылды. Дәл сондай қысымшылықты олар енді «Нағыз Ақ жол» партиясына жасағылары келеді.

Бірақ «Нағыз Ақ жол» партиясына қойылып отырған тосқауылдар - уақытша деген ой айтады Қазақстанда тіркеуден өте алмаған «Алға» саяси ұйымының жетекшісі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:

- Себебі, бізді тіркемегеннен кейін елде, тым болмаса, бір нағыз оппозициялық партия болуы керек қой?! Әрине, бір оппозциялық партия – Қазақстан Коммунистік партиясы бар. Бірақ, либералдық жағынан алғанда тағы бір партия керек деп ойлаймын. Меніңше, «Нағыз Ақ жолды» тіркейді.

Оппозициялық «Алға» ұйымы Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен, Әділет министрлігінен тіркеуден өте алмады. Ал сейсенбі күні Алматыда осы ұйымның 70 мүшесі қатысқан республикалық жиынында партия ретінде қайта тіркеуден өтуге шешім қабылдағандарын жеткізді Асылбек Қожахметов:

- Бұған дейін әр облыста 700 адамнан жиналыстар өткізілді. Сол кезде мынандай сұрақ туды: «Енді қай жолмен барамыз? Осымен қоямыз ба? Әлде партияны қайта тіркеуміз керек пе? Әлде жәй қоғамдық бірлестік ретінде тіркелу керек пе? Бәлкім, басқа партияға қосылуымыз қажет пе?» Соған орай айтылған пікірлерді жинап, кеше республикалық жиын өткіздік. Онда қайта тіркеуге баруымыз керек деген шешім қабылданды.

Қазақстанның саяси алаңында президентшіл «Асар» мен «Отан» партиялары қосылғанға дейін 12 саяси партия болған еді. «Нағыз Ақ жол» партиясы былтыр күзде Әділет министрлігіне құжаттар өткізгеннен кейін, 9 ай өткенде, Жоғарғы сотқа жүгінгеннен кейін ғана, сот шешімімен биылғы наурыздың 17-сінде тіркеуден өткен болатын.
XS
SM
MD
LG