Accessibility links

“Үлкен Сегіздік” тобының отырысында басты тақырып - энергетикалық мәселе болмақ


Ресей президенті Владимир Путин шілденің 15-і мен 17-і аралығында Санкт Петерборда өтетін әлем елдері жетекшілерінің саммитіне төрағалық етуге дайындалып жатыр. Ресейде бірінші рет өткізілетін бұл жиынның күн тәртібіндегі басты тақырыптар - энергетикалық мәселелер, жұқпалы ауруларға қарсы күрес және білім беру жағдайы. Дегенмен, басқа мәселелер бұл кездесуде талқыланады деп күтіліп отыр.

Владимир Путин өнеркәсібі дамыған елдер “Үлкен Сегіздік” тобының осы жылғы саммитінде ең үлкен тақырыптардың бірі ретінде энергетикалық қамсыздандыру мәселесін бірінші орынға қойып отыр. Үлкен Сегіздік елдерінің жетекшілері энергетика саласындағы бәсекелесті күшейтіп, инвестицияны қолдау мақсатындағы құжатты мақұлдайтын болады.

Ресей ең үлкен энергетикалық экспорттаушы болғандықтан, оның Еуропаға мұнай мен газын сатуды ұлғайту әрі Батыс энергетикасы өнеркәсібінде бекіп қалу жоспары бар.

Үлкен Сегіздіктің басқа мүшелері Ресейдің орасан зор газ секторын реформалауға тағы шақыруы мүмкін.

Атап айтқанда, олар Ресейдің 1994 жылғы Энергетикалық Чартерді бекіткенін қалайды. Ресей қарсы болып келген ол құжат Ресейдің газ экспортаушы тасымалы жолын Чартерді бекіткен елдерге ашық болғанын талап етеді.

Мәскеудегі Херитейж қорының директоры Евгений Волк Атап өткендей, бұл саммитте ядролық қару таратпау келісімі де ең өзекті тақырыптардың бірі болады.

“Ядролық қару таратпау келісімі де талқыланатын болады. әсіресе, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер мен Солтүстік Кореяның таяудағы сынақ зымырандары туралы сөз болады” деген ол.

Бақылаушылар бұл отырыста Құрама Штаттар Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламаларына қатысты АҚШ бастаған елдердің бұл екі елге санкция салу ұсынысына Ресейдің қолдауын алуға тырысады дейді.

Сыртқы саясат мәселелері, оның ішінде Израйл мен Палестинаның Хамас жетекшілік ететін жаңа үкіметі арасындағы шиеленіс те алдағы саммитте ұзақ талқылауларды алатын болады.

Бұл арада Батыс елдері Хамасты қақтығысты тоқтатпайынша оқшаулап тастаймыз деп жатқанда, Ресей ол топпен келіссөздер жүргізіп, наурыз айында Мәскеуге Хамас жетекшілері барып қайтқан болатын.

Сонымен бірге Уашингтон Грузиядағы және Молдовадағы шиеленістерді де талқылау мүмкіндігін айтқан. Бірақ, Мәскеудің бұл елдердегі жікшілдік қозғалыстарға көрсетіп келе жатқан қолдауына қатысты айтылған сындар бұл аймаққа әлі де бұрынғы совет елдері ретінде қарап әдеттегі ықпалын танытып келе жатқан Ресейдің шамына тиюі мүмкін. Батыс елдері Ресейдің Путин кезінде демократиядан алшақтауы ашулы дауға әкелуі мүмкін деп алаңдайды.

Әсіресе, Құрама Штаттардың Путиннің соңғы кездегі күшейген авторитарлық бағытына алаңдаушылық танытқан дауысы қаттырақ шыққан. АҚШ-тың вице президенті Дик Ченей жақында Ресейді демокраиядан бас тартып, энергия көзін көршілеріне бопсалап отыр деп айыптаған. Сондай-ақ, сенатор Джон МакКейн әлем елдерін Санкт Петербор саммитіне байкот жариялауға шақырған.

Сейсенбі күні алда өзіне көп сындар айтылатынына тоқталған президент Путин, журналистерге өзінің жақсы ниеттегі сындарды тыңдауға дайын екенін, бірақ ешкімге де Ресейдің демократиясына алаңдаушылық танытқандай болып, өздеріне қысым жасауына жол бермейтінін ескерткен.

Мәскеудегі “Карнеги қорының” саяси сарапшысы Маша Липман, Ресейдің демократиясына деген алаңдаушылық тек жабық есік жағдайында ғана көтеріледі деп пайымдайтынын айтты.

“Ресей үшін маңызды мәселе ол Ресейдің ішкі саясатына қатысты, мемлекеттің демократияға қатысты істері, адам құқықтары ол жерде көтеріледі. Мәнісіне келер болсақ, ол жағдайлар ашық талқыланбайды. Хабарларға қарағанда, президент Буш ол мәселені жеке көтереді. Бірақ, қоғамда жасалынбаған нәрсенің көп маңызы болмайды”.

Әдетте экономикалық мәселелер “Үлкен Сегіздіктің” жиынында қаралмайды. Ал осы жолғы саммитте ұзақтан бергі Ресейдің “Дүниежүзілік сауда ұйымына” қосылу мүмкіндігі қаралуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG