Accessibility links

Ақпараттық технологиялар паркін құру бойынша Үндістанмен хаттамаға қол қойылды


Шілденің 14 күні Алматыда Қазақстан мен Үндістанның бірлескен жұмысшы тобы арнайы хаттамаға қол қойды. Бұл құжат биылғы жылы қыркүйек айының бас кезінде Алматыда ашылады деп жоспарланып отырған алғашқы ақпараттық технологиялар паркі жобасына қатысты іс-шаралар аясында жасалып отыр. Ол паркті құрудағы мақсат - Қазақстанда жоғары технологиялы өндірісті дамыту, ақпараттық технологиялар саласында жаңа өнімдерді игеру, осы салаға инвестиция тарту болмақ.

Қазақстан әлемдік базарға тек шикізат, оның ішінде мұнай шығарушы мемлекет ретінде мәлім. Республикалық бюджеттің басым бөлігін осы саладан түсетін табыс құрайды. Ал мемлекеттің ғылыми-техникалық және инновациялық мүмкіндігін пайдалану мақсатында Қазақстан президенті «Ақпарттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша 2003-ші жылы тамыз айында арнайы жарлыққа қол қойған болатын. Бірақ озық ақпараттық технологияларды игеру, оларды өндіру, осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы парк тек биылғы жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

- Ақпараттық технологиялар паркінің (АТП) құрылысы аяқталуға жақын қалды. Ол жерде қазір техникалық тексеру жүруде. Шілде айының соңында мемлекеттік комиссия АТП-ның алғашқы кезеңін қабылдап алу үшін жұмыс істейді, - деді Қазақстанның индустрия және сауда министрлігінің өнеркәсіп және ғылыми-техникалық даму комитетінің төраға орынбасары Құралбек Бұхарбаев «Азаттық» радиосына.

Бүгінгі таңда Қазақстан ақпарттық технологиялар саласын меңгеруде бірнеше мемлекетпен келісімге келіп, тәжірибе алмасып жатыр.

- Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар парктері даму үстінде. Оның алғашқысының құрылысы аяқталуға тақау. Қыркүйек айының басында оның ашылу салтанатын өткіземіз. Бүгінгі күнге дейін бірнеше меморандумға қол қойдық. Мысалы, Малайзия ақпараттық технологиялар паркімен келісім бар. Таяу күндері ортақ жоба жасау үшін біздің бизнес делегация Малайзияға аттанады. Сонымен бірге Пекин ақпараттық технологиялар паркімен де келісім бар, - дейді Ұлттық инновациялық орталық басқармасының бастығы Нұрлан Раев.

Шілденің 14-күні Үндістан мен Қазақстан тарабы ақпараттық технологиялар паркін құру мақсатында бірлескен жұмысшы тобының отырысында арнайы хаттамаға қол қойды.

Үндістанның ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибесін Қазақстан да пайдалана алады. Мысалы, Үндістанда 100-ден аса ақпараттық технологиялар паркі бар екендігін айтты Үндістанның коммуникация және ақпараттық технологиялар министрлігінің ұлттық ақпараттық орталығының бас директоры Виджаядитья.

Үндістанда ақпараттық технологиялар саласының дамығандығын Қазақстанның индустрия және сауда министрлігінің өнеркәсіп және ғылыми-техникалық даму комитетінің төраға орынбасары Құралбек Бұхарбаев да айтады. Оның сөзіне қарағанда, Үндістанмен қол қойылған ортақ хаттамада Қазақстан үшін маңызды бірнеше мәселе қамтылған:

- Біріншіден, Қазақстандағы ақпараттық технологиялар жүйесін дамыту. Одан кейін Алматының маңында салынып жатқан «Ақпарттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту. Үшіншіден, ақпараттық технологиялар саласына қазақстандық жергілікті мамандарды даярлау. Осы мәселелер бойынша үнді тарапымен хаттамаға қол қойылды, - деді Құралбек Бұхарбаев мырза.

«Қазақстандағы ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын Қазақстан 2013-ші жылдың қазан айының 1-іне дейін құруды жоспарлаған.
XS
SM
MD
LG