Accessibility links

Төрт тәуліктен бері Израиль Ливанға әуеден соққы беруде


Израиль Ливан астанасы Бейруттағы әуежай мен күре жолдарға әуеден зымыран соққысын 4-ші күн одан әрі жалғастыруда. Бүгін Израиль ұшақтары Ливанның шығыс және оңтүстік аймағындағы көпірлер мен газ, жанармай стансаларына шабуыл жасады. Сириямен шегаралас аумақтағы шабуылда кемінде 3 адам қаза тапты. Ал 4 күннен бері жалпы 80-дей кісі құрбан болды. «Хезболла» тобы да Израиль шабуылына жауап ретінде зымыран соққысын берген. Израиль таратқан мәліметке қарағанда, 3 адам мерт болған. Ливанның зымыран соққысына кезіккен Израиль кемесінде 4 теңізші қаза тапқан.

БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі жұма күні төтенше жиын өткізіп Ливандағы Израиль басқыншылық әрекетін талқылады. Ливандық ресми өкіл Наухад Махмұд Израильдың басқыншылық әрекетін айыптап, Қауіпсіздік кеңесінен бұл қантөгісті шабуылдың жедел тоқтатылуын сұрады.

Ал БҰҰ-дағы Израильдық елші Гиллерман болса, бұл соғысқа Ливан алдымен себепші, «Хезболла» тек қана терроршы топ болып қана қоймай, Ливан үкіметіне де кіріп алған деген айыптама айтты. Оның айтуынша, «Хезболланың», тіпті «Хамастың» Газадағы террорлық әрекеттеріне де Ливанмен қатар демеу беріп отырған Сирия мен Иран кінәлі екен.

- «Хезболланың» қолының қызыл қанға боялуына Сирия мен Иран кінәлі екендігін халықаралық қауымдастық түсінуі қажет. «Хезболла» мен «Хамас» лаңкестіктің жаңа бір ошағы, - дейді Ирзаильдық елші.

Ал Сириялық елші Башар Жафаридің айтуынша, 2000-жылы Ливан әскерлері кері қайтарылғалы бері Израиль Ливан-Сирия шегарасындағы жасыл аймақты кемінде мың рет басып өтіп, қақтығыс жасап келген.

– Израиль ұшақтры Ливанға әуеден де, теңізден де заңсыз басып кіре берген, сондықтан бұл мәселені өте терең зерттеп шешу ләзім, - дейді Жафари.

Бұл арада бүгін Санкт Петербургта президент Путинмен келіссөздер жүргізгеннен кейінгі баспасөз маслихаты кезінде АҚШ президенті Д.Буш Таяу Шығыстағы бұл дағдарысқа байланысты:

- Бұл жанжалды тоқтату үшін алдымен оның неден басталған себебін анықтау керек. «Хезболла» алдымен қару-жарағын қойып, өз шабуылын тоқтатуы керек. Бұл орайда Сирия «Хезболлаға» өз сөзін өткізсін, - деп Израильді қолдағандай болды.

«Хезболла», яғни Жаратқан Алланың партиясы, 1982-жылы Израиль Ливанға басып кіргенде Иран революциялық күзетшілерінің көмегімен дүниеге келген топ.
XS
SM
MD
LG