Accessibility links

Қырғызстан үкіметі Қазақстанда зорланған екі қырғызстандық әйелге қатысты жергілікті заң орындары тергеу ісін қайта қолға алмаса, халықаралық қауымдастыққа шағымданбақ


Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Қырғызстанның екі азаматшасын зорлаған қылмыскерлерге қарсы шара қолданбаған қазақстандық полицейлердің іс-әрекетіне наразы деген мәлімдеме таратты шілденің 17-сі күні Қырғызстан ішкі істер министрлігі. Қырғызстан тарапы егер қазақстандық құқық қорғау орындары әрі қарай да әрекетсіз қалса, қылмыскерлерді өз беттерінше ұстап, жазалау шараларын қолданатындарын және халықаралық қауымдастық арқылы әрекет жасайтындарын хабарлады «Азаттық» радиосына Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі. Алайда, істі жүргізген жергілікті полицейлер ондай қылмыстың болмағандығын айтып, еңбек мигранттарының осындай мазмұндағы шағымдарды жиі түсіретіндерін алға тартып отыр.

Маусым айының 12-сіне қараған түні Алматы облысындағы Шелек ауданы аумағында Қырғызстаннан келген екі әйел – шешесі мен қызы, өздеріне біреуі маска киген, барлығы 3 адам адам зорлық көрсеткенін айтып, жергілікті полицияға шағым түсірген. Бірақ полицейлер шара қолданудың орнына екі ортада делдалдық жасамақшы болған, деді «Азаттық» радиосына Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нуриддин ЖАНҒАРАЕВ.

- Жәбірленушілер алдымен аудандық полицияға шағымданған. Полицейлер болса оларға «ақша ал да, өтінішіңді қайтарып ал» деп талап қойған. Әйелдер одан бас тартқан соң ешқандай зорлық болған жоқ деп, қайта арыз жазуға мәжбүрлеген. Зорланған әйелдің жасы 44-те, қызы 25-те. Оларға зорлық көрсеткен адамдардың кімдер екені анықталған. Бірақ жергілікті полиция оларға қатысты ешқан әрекет жасамай отыр. Шарасыз қалған әйелдер елге қайтып оралып, біздің омбудсмен мен ішкі істер министріне шағымданды, - дейді Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетікшісі Нуриддин Жанғараев.

Ал, Алматы облысы Шелек ауданы ішкі істер басқарма бастығы Сымбат АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ болса «Азаттық» радиосына әлгіндей қылмыстық оқиғаның болмағанын, полицейлер тарапынан да ешқандай заңсыздықтар жіберілмегендігін айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, маусымның 12-сіне қараған түні қырғызстандық әйел полицейлерді шақыртқан. Бірақ қылмыстық оқиға болмағандықтан, ол әйел өзінің бастапқы арызынан бас тартқан дейді жергілікті полиция өкілі:

- Жоқ, зорлады деп мүлдем көрсеткен жоқ! Жәй «қызымды зорлап кетті» деп хабарлаған. Барсақ, зорламаған. Еш нәрсе болмаған ол жақта. Сонан кейін өз қолымен арыз жазып, тапсырып берді. «Қызым жылап келген соң шақырттым» дейді. Қызы айтады: «ешнәрсе болған жоқ. Жәй бір балалармен ерегесіп қалдым» деп. Медициналық тексеруден бас тартты. Арызды өз қолдарымен, қырғызша жазып берді ғой: өзіміз шақырттық, кешірім сұраймыз, деп.

Сымбат Алдабаргенұлы, Шелек ауданындағы темекі плантацияларында жұмыс істейтін еңбек мигранттары алған жалақыларына қанағаттанбай, елдеріне оралғаннан кейін билік орындарына жиі шағымданады дегенді айтты. Бірақ кейін еңбеккерлердің арыздарын тексерген кезде көп жағдайда онда айтылған заңсыздықтар дәлелденбей жатады дейді Шелек аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы:

- Білмеймін не ойлағандарын. Бәлкім, жұмыс істеген қожайындары ақшаларын дұрыс бермеген шығар. Олар ана жаққа барғанда, «жұмыс істедің, ақша қайда?» деп сұрағанда бір нәрсе айту керек қой? Көбісі Қырғызстанға кетіп қалады да, арыз жаза береді. Тексереміз, дәлелденбейді. Әсіресе министрліктен сондай шағымдар көп түседі. Былтыр 6-7 арыз-шағым түскен: менің қызымды ұрлап кетті, тағы бірдеңемді ұрлап кетті деп. Расталмай шығады көбісі!

Қазақстанға көрші елден келетін еңбек мигранттарының зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтындығын Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері Айна ШОРМАНБАЕВА да растап отыр. Оның айтуынша, бұған екі жақ та кінәлі: егер еңбеккерлер заңсыз түрде жұмыс істесе, жергілікті полицейлер олардың құқығын қорғауда бойкүйездік танытады:

- Мигранттардың көбісі біз жаққа жұмыс істеуге келеді. Олар заңсыз жағдайда келетіндіктен, өздерін-өздері осындай заңсыз жағдайға қояды. Егер бір жаман жағдай болып қалса, шағым беруге де қорқады. Оларды біздің азаматтарымыз емес дей ме, жергілікті полиция да оларға селқос қарайды. Оған қоса еңбек мигранттарының мұндағы уақыты да шектеулі.

Алайда, Қырғызстандық құқық қорғаушылар қазақстандық полицейлердің немқұрайлығына төзбейтіндіктерін айтады. Егер Қазақстан Республикасының құқық қорғау орындары тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, онда Қырғызстанның ішкі істер министрлігі өз азаматтарының заңды құқықтарын қорғау үшін қылмыс жасаған азаматтарды ұстау мен кінәлілерді жазалау бойынша дербес әрекет етеді делінген Қырғызстан ішкі істер министрлігі таратқан мәлімдемеде. Сонымен бірге халықаралық қауымдастық арқылы да Қазақстанға ықпал етуге тырысамыз дейді Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нуриддин Жанғараев:

- Енді Қазақстан жағының реакциясын күтеміз. Не істейді? Соларға қарай іс қыламыз. Егер шынайы ештеңе істемесе, онда білмеймін. Біз кішкентай елміз, күш көрсете алмаймыз ғой. Бәрін өркениетті жолмен шешеміз. Халықаралық қауымдастық арқылы шығатын шығармыз.

Қазақстан аумағында қырғызстандық әйелдердің зорлануы оқиғасы бойынша қазіргі кезде Қырғызстан полициясы қылмыстық іс қозғағаны хабарланып отыр. Қырғызстанның ішкі істер министрі Мурат Суталиев бұл істі тікелей өз бақылауына алып, қазақстандық әріптесіне хат жолдаған. Әйтсе де, әзірге Қазақстан үкіметі бұл жайтқа қатысты ресми түрде жауап берген жоқ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG