Accessibility links

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресейлік саясаткер Жириновскийдің ел аумағына келуіне ресми рұқсат берді


Шілденің 17-күні Қазақстан сыртқы істер министрілігінің өкілі Е.Ашықбаев Астанда өткен брифингте, Қазақстан жағы Ресей Думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің Қазақстанға келуіне рұқсат беріп отырғанын хабарлады. Былтырғы жылы ақпанда Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараға қатысты Жириновский мырзаның айтқан сөздері «анти-қазақстандық» деп бағаланып, Қазақстанның сыртқы істер мекемесі бұл ресейлік саясаткердің ендігі уақытта Қазақстан аумағына келуін қажетсіз деп тапқан болатын.

Алматылық 33 жастағы Есет Бөлекбаев Жириновскийдің Қазақстанға аяқ басуына қарсылардың бірі. Есет Жириновскийдің елге келуіне оң қабақ танытып отырған сыртқы істер министрлігінің шешімімен келіспейтіндігін айтады.

- Жириновский – бейбітшілік жауы. Ол өткен жолы қазақтар туралы, Қазақстан туралы жаман пікірін айтқан. Енді келіп – бұл менің Отаным дей қалыпты! – дейді Есет ресейлік саясаткерге деген наразылығын білдіріп.

Ресейлік атышулы саясаткер Владимир Жириновский өзінің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өзі туған Қазақстанда болып қайтуды ұйғарыпты. Бірақ, былтыр «Қазақстан деген ел болмаған, қазақтарда жер де болмаған» деп айтқан сөздерінен кейін Қазақстанда ресми орындар оның елге келуіне тиым салу мәселесін көтерген болатын. Сондықтан, енді Алматыға ат басын тіреуге ниет еткен ресейлік саясаткер Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен арнайы рұқсат алуға мәжбүр болған. Ол үшін Жириновский Ресейдегі Қазақстан елшісімен кездесіп, тіпті оның қазіргі таңда ТМД аумағында Қазақстаннан асып түскен елдің жоқ екенін, сондай-ақ президент Назарбаевтың атына мақтау-мадақтау айтқан арнайы видеожолдауы дүйсенбі күні Қазақстандық кейбір телеарналардан көрсетілді.

Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Болат Ибраханов ресейлік саясаткер В.Жириновскийге Қазақстан аумағына келуге рұқсат берілгенін «Азаттық» радиосына растады.

- Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі Жириновскийдің Қазақстанға келуіне рұқсат беріп, қолдауды өтінген еді. Қазақстан тарапы ізгі ниет пен гуманизм қағидаттарын басшылыққа ала отырып, мемлекеттер арасындағы достастық қатынастарды негізге ала отырып, Жириновскийдің Қазақстанға келуіне кедергі жасамауға шешім қабылдады, - деді Қазақстан сыртқы істер мекемесінің өкілі.

Атышулы ресейлік саясаткердің Қазақстанға сапармен келмек болып отырғанына Қазақстандағы ұлтшыл-патриоттар наразылық танытып отыр. Жириновский мырзаның өткен жылғы мәлімдемелеріне байланысты, «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожахмет бастаған бір топ азамат былтыр Қазақстандағы Ресей елшілігі алдында наразылық шарасын ұйымдастырып, Жириновскийдің суреттері мен онымен сұхбат басылған газеттерді өртеген болатын. Ал, биыл Хасен Қожахмет ондай шараға бармайтындарын айтты.

- Жириновскийдің осы уақытқа дейін жақсы бір саяси, экономикалық пікірін айтқанын естімедім. Үнемі шовинистік ойларды қоздырып, бедел жинап жүр, әсіресе, орыстар көп тұратын Қазақстанға шүйлігіп, басқа ұлттарға неше түрлі айтып жүр. Оның сөзіне құлақ асудың өзі артық, - деді «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожахмет шілденің 18-күні «Азаттық» радиосына.

«Азат» қозғалысы бұл жолы тыныштық сақтағанымен, АТТАН қозғалысының көсемі Амантай қажы Жириновскийдің сапарына өз қарсылығын білдіріп, сейсенбі күні Алматы қаласында шеру ұйымдастырды.

- Бұл келейін деп жатқаны - біздің намысымызға тиіп тұр. Сондықтан біз бүгін «Жириновский, кет Қазақстаннан!», Жириновский – бандит!» деген ұран көтеріп тұрмыз, - деді Амантай қажы.

Ресейдегі Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаевпен жолығып, сыртқы істер министрлігінен Қазақстанға келуге рұқсат алған Жириновский мырза былтыр айтқан сөздері үшін кешірім сұраған жоқ. Оның бейнежазба арқылы Қазақстан мемлекетінің басшылығы тарапына айтқан ілтипатқа толы жылы сөздері мен Қазақстанда бұл саясаткерге деген ресми көзқарастың өзгергенін сыртқы істер мекемесінің баспасөз хатшысы Болат Ибраханов былай деп түсіндіреді:

- Мүмкін ол, Қазақстанға келген соң, арнайы ақпарат құралдарын шақырып, кешірім сұрайтын шығар.

Ресей Думасының вице-спикері Владимир Жириновский дәл қай күні келетіні әзірге айтлыған жоқ. Осы сапардында Жириновский мырза Қазақстаннан кейін көршілес Қырғызстандағы туған-туыстарына барады деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG