Accessibility links

Ауғаныстанда İзгілікті Насихаттау және Күнәкарлықтан Сақтану департаментін құру ұсынысы қоғамның алаңдаушылығын тудыруда


Ауған үкіметінің İзгілікті Насихаттау және Күнәкарлықтан Сақтану бөлімін құру жөніндегі ұсынысы қарапайым ауғандықтар мен адам құқығын қорғаушылар арасында үрей мен алаңдаушылық тудырып отыр. Олар мұндай жоспар Талибан кезіндегі дәл осылай деп аталған министрлікті еске салатынын, ал Талибан кезіндегі ол министрлік дін және жүріп-тұру ережелерін күштеп енгізгенін ескертуде. Алайда Ауған ресмилері жаңа бөлім Ислам тәртібін қоғамда насихаттау барысында күш қолданбайтынын айтып отыр.

Кабул Университетінің студенті Фарид Талибан билігі кезінде сақалы қысқа болғандықтан діни полиция тарабынан соққыға жығылып, бірнеше күн абақтыда жатып шыққан. "Азаттық" радиосына берген сұхбатында ол үкіметтің İзгілікті Насихаттау және Күнәкарлықтан Сақтану бөлімін құру жөніндегі ұсынысы оған сол "түнек заманды" еске салатынын айтады.

"Егер олар мәселені Талибан кезіндегідей шешкілері келсе, онда сөз жоқ, жұрт мұндай "İзгілікті Насихаттау"-ға қарсы болады, өйткені ол кезде қалай болғаны әлі жұрттың жадында. Әсіресе жас адамдар бұған қарсы болады. Ауған халқына қазір керегі қайта құру, білім беру, ғылым мен технология. Өйткені тек осы арқылы ғана Ауғаныстан тұрақтылық, даму және демократияға қарай ілгерілейтін болады. "Насихаттау мен Сақтану"-ды қайта енгізу арқылы мәселе шешілмейді", - дейді "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Фарид есімді ауған студенті.

Талибан білігі кезіндегі қарапайым жұрттың ең көп үрейін тудырған үкіметтік билік осы İзгілікті Насихаттау және Күнәкарлықтан Сақтану Министрлігі болатын. Министрлік Талибан белгілеген діни тәртіптің жүзеге асуын қадағалайтын. Министрліктің жасақтары көше кезіп жүріп ән-күй тыңдаған адамдарды, денесін бақайына дейін жабатын киім кимеген әйел адамдар мен қыздарды ұрып-соғып, тұтқынға алатын. Ерінің көзіне шөп салған деп айыпталған әйелдерді таспен ату рәсімін де осы Министрліктің жасақтары жүзеге асыратын.

Енді міне, Талибан билігі құлағанына төрт жыл толғанда Ауғаныстанның діни қайраткерлерін біріктірген Ғұламалар Кеңесі Президент Карзайға аты ұқсас жаңа департамент тағайындау жөнінде ұсыныс түсірді. Үкіметтік бұл бөлімше алкогольды ішімдіктерді ішпеу іспетті діни ережелердің жүзеге асуын қадағалайтын болады.

Қажылық және Діни Мәселелер Министрінің орынбасары Ғази Сүлейман Хамед "Азаттық" радиосына берген сұхбатында бұл жобаны қолдап шықты. Оның сөзінше, жаңадан құрылатын департамент Талибан кезіндегі министрліктен мүлде өзге болмақ.

"Талибанның Исламды түсіндіруі басқа мұсылман әлемінен мүлде басқа болды. İзгілікті насихаттау және күнәкарлықтан сақтануды тілге тиек етсе де, ешкімнің басқа біреуді қорлауға қақысы жоқ. Діни қайраткерлер оқыту, уағыздау, жігерлендіру іспетті түрлі амалдармен халықтың Аллаға жақындауына көмектескілері келеді. Бұл бұрынғыдай арнайы полиция, абақты болады дегенді білдірмейді", - дейді "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Қажылық және Діни Мәселелер Министрінің орынбасары Ғази Сүлейман Хамед.

Алайда адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Human Rights Watch ұйымының Ауғаныстан бойынша жетекші маманы Сам Зия Зарифидің айтуынша, көптеген қарапайым ауғандықтар арасында соңғы ұсыныс үрей мен алаңдаушылық тудырып отыр.

"Көптеген ауған азаматтары, әсіресе әйел адамдар, Human Rights Watch ұйымына берген сұхбаттарында қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген, экономикалық проблемалар шәш етектен асып жатқан қазіргі Ауғаныстанның жағдайында мұндай министрлікті құру тек үрей сезімін ғана ұялататынын айтады", - дейді "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Human Rights Watch ұйымының Ауғаныстан бойынша жетекші маманы Сам Зия Зарифи.

İзгілікті Насихаттау және Күнәкарлықтан Сақтану департаментін құру ұсынысы Ауғаныстанда соңғы кезде өтіп жатқан алкоголь мен жезөкшелікке қарсы науқанмен сайма-сай келді. Дүйсенбі күні Ауған полициясы ел астанасы - Кабулда болған тексеріс кезінде 3000 шиша сыра мен 600 бөтелке шарапты, сондай-ақ басқа да алкогольды өнімдерді жойғанын хабарлады. Бірнеше шетелдік әйел жезөкшелік жасады деген айыппен тұқынға алынған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG