Accessibility links

Өзбекстанда Ресейшіл жастар қозғалысы құрылды


Совет Одағы кезінде айтылған “үлкен аға” немесе “өзбектер мен орыстар ағайын елдер” деген сөздер соңғы 15 жыл ішінде тәуелсіздігін алған Өзбекстан халқының сана-сезімінен дерлік өшірілген болатын. Дегенмен “Біздің Ресей мен Өзбекстан” деп аталатын жаңа жастар қозғалысының ұйымдастырушылары бұрынғы Совет Одағы құрамында болған Өзбекстан халқына жоғарыда айтылған сөздерді есіне салуы мүмкін. Бұл қозғалыстың белсенділері Өзбекстанның бағыты Ресеймен “параллель” болуы керек дейді.

Өзбекстан Ұлттық университетінің студенті Руслан Мураков жаңадан құрылған “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысының лидері. Бұл қозғалыс ресми түрде әлі тіркелмесе де, сәуір айынан бері оған мүше болуға жүздеген адам қызығушылық танытып отыр, деді Мураков. Аталған қозғалыс шілденің 8-і күні Өзбекстан астанасы Ташкентте өзінің алғашқы бейресми отырысын өткізді. Мураков “Азаттық” радиосының өзбек қызметіне берген сұхбатында жаңа қозғалыстың Ташкенттің өзінде ғана 100-ден аса белсендісі және мыңға жуық қолдаушысы бар деді.

“Біз Ресей бағытын ұстанатын және Өзбекстанды жақсы көретін жастармыз. Өзбекстанның болашағы Қытай, АҚШ, Европа елдерімен емес, тек Ресей ынтымақтастығымен байланысты деп ойлаймыз. Ресей - біздің үлкен ағамыз. Біз Өзбекстанның Орта Азия аймағында жетекші роль ойнауын қолдаймыз, ал жалпы келешекте Ресейдің басқаруын қалаймыз”, - деді Мураков.

Оның айтуынша, бұл қозғалыс Совет Одағының қайта орнатылуына қарсы. Өзбекстан тәуелсіздігін сақтауы керек және Ресей бағытына параллель етіп өзінің даму бағытын ұстануы тиіс, дейді Мураков.

“Біздің басты мақсатымыз Ресей мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастарын нығайту. Ресейдегі серіктестеріміз сияқты біздің қозғалысымыз антифашисттік болып табылады. Құдайға шүкір, Өзбекстанда фашизм жоқ бірақ бұл елде аздап ұлтшылдық элементтері бар. Біз соған қарсымыз. Біз достық қарым-қатынастарды нығайтуды және халықаралық ынтымақтастықты қолдаймыз”, - деді Мураков.

Оның айтуынша, “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысы президент Ислам Каримов пен оның Ресеймен достық қарым-қатынастарын қайта қалпына келтіру әрекеттерін қолдайды.

Ал Ресейде Кремльді қолдайтын “Наши”, яғни біздің деп аталатын қозғалыс та бар. Мураков пен “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысының басқа да белсенділері Ресейге барып, әлгі “Наши” деген қозғалыстың лидерлерімен кездескен болатын.

2005-ші жылы құрылған Ресейдің ”Наши” қозғалысын президент Владимир Путин қолдайды. Олар өздерін “демократиялық антифашисттік жастар қозғалысы” деп атайды. Бірақ кейбір бақылаушылар бұл қозғалыс Кремльге қатысты сыни пікірлермен күресу мақсатында, сондай-ақ, Грузия, Украина және Қырғызстан елдерінде орын алған түрлі-түсті төңкерістерге қарсы тұру үшін құрылған дейді. Сергей Белоконев - Ресейдегі ”Наши” қозғалысының жетекшісі. Ол Өзбекстанда “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысының құрылып жатқанына қуанышты екенін айтып, “өзбектер мен орыстар бір халық” дейді.

“Біздің ортақ тарихымыз, ортақ трагедиямыз бар. Біз Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Германия нацисттерін жеңу мақсатында бірігіп әрекет жасағанбыз. Бұл - елдерімізді біріктіреді”, - деді Белоконев.

Өзбекстандағы тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысы Ресейдегі ”Наши” қозғалысы сияқты үкіметтің қолдауына ие болған.

Ташкенттегі адам құқықтарын қорғаушы Азам Турсуновтың мәлімдеуінше, жаңа қозғалыс Өзбекстанның сыртқы саясаты өзгергеннен кейін пайда болып отыр. Естеріңізде болса, Әндіжан оқиғаларынан кейін ресми Ташкент Батыстан алшақтап, Мәскеуге қарай бет бұрған болатын.

Белоконев пен Мураков болса “Біздің Ресей мен Өзбекстан” қозғалысы Өзбек үкіметі тарапынан қаржыландырылады деген пікірді жоққа шығарды. Бұл жаңа қозғалыс өзіне қанша адамды тарта алатыны белгісіз. Орыстар Өзбекстан халқының тек 5 пайызын ғана құрайды және олардың көбі Ташкентте тұрады.
XS
SM
MD
LG