Accessibility links

Брюссельде Еуропалық Одақ пен Қазақстан өзара ынтымақтық кеңесінің мәжілісі өтті


Еуропа одағы сейсенбі күнгі бас қосуында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөнінлдегі ұйымға 2009-жылдағы кезекшілік төрағалығына үміткер ел ретінде Қазақстанның кандидатурасына қарсы емес екендігін мәлімдеді.

Бұл жөнінде Еуропалық одақтың қазіргі кезекші президенті, Финляндия сыртқы істер министрі Персти Торстилла соңғы жиын кезінде айтып, Еуропа одағы бұл туралы өзінің қорытынды шешімін алдағы күзде жариялайтынын хабарлады.

– Еуропа одағы әлі өзінің соңғы шешімін шығарған жоқ, бірақ алдағы күзде өз көзқарасын жариялайды. Жалпы алғанда біз Қазақстанның кандидатурасын қолдаймыз, дегенмен кейбір мәселелер бойынша Қазақстан өз тиісті жауабын беріп, өзінің ұйым төрағалығына лайықты екендігін Еуродақтың барлық мүшелеріне сендіре алуы қажет болады, - деді Еуропа одағының қазіргі кезекші Президенті Финляндиялық Тостилла.

Еуропалық одақтан өз есімінің жариялануын қаламаған бір ресмидің «Азаттық» радиосының тілшісіне айтқанындай, Одаққа мүше кейбір мемлекеттер Қазақстандағы демократиялық реформаларға күдікпен қарайды екен. Олар Қазақстандағы саяси еркіндікке, түрлі бас қосу, жиындардағы азаматтардың сөз, пікір айту, көзқарас білдіру бостандығына сенімсіздікпен қарайтын секілді. Ал кейбір партия, ұйымдардың еркін жұмыс жүргізуі тағы бір мәселе, дейді екен олар.

Дегенмен, Еуропалық одақтың кезекші президенті Торстилланың айтуынша, Одақ бұл мәселеге, келесі кандидатураның ТМД елдерінен алғашқысы болғандықтан ерекше көзқарас байқататындай сыңайлы.

- Мұның Қазақстан үшін де, Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы үшін де маңызы ерекше, - дейді Одақ президенті.

Еуропалық одақтан кейбір ресмилердің мойындауынша, Орта Азия Ресейді энергетикалық қуатпен қамтамасыз ету елдері ретінде мәнді аймақтың біріне айналып отыр. Еуропалық одақтың бұл басқосуында да энергетика мәселесі маңызды тақырыптардың бірі болды.

Ал Қазақстандық ресми топты бастап келген ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтің айтуынша, Қазақстан Еуропалық одақ елдерін энергетика қуатымен қамтамасыз ете алатын аймақтың бірі екендігін дұрыс түсінеді.

- Қазақстан Каспий аймағында мұнайды молынан өндіретін жетекші елдердің бірі. Өткен жылы 60 млн тонна мұнай өндірілген болса, болашақта оның көлемі 100 млн тоннадан асуы көзделген. Оның 20 пайызы Еуропалық одақ елдеріне ағызылмақ. Бір ғана өткен жылғы энергетикалық экспорт 10 млрд доллардан асып жығылды. Бұл Еуропалық одақтың энергетикалық қуатына деген мұқтажын қанағаттандыруда үлкен іс, - дейді Қазақстандық министр.

Ал Қазақстанның Брюсселдегі елшісі Жигаловтың айтуынша, Қазақстан жылына 67 млн тонна мұнай ағызатын транскаспий құбырын салуды аяқтамақ. Бұл дегеніңіз алдағы 4-5 жылдан кейін Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен тасылатын мұнайдың тең жартысы қазақ мұнайы болмақ. Сондай-ақ, қазақ мұнайы Қара теңіз арқылы батысқа - Балқан елдеріне, ал солтүстік бағытпен Украина мен Польшаға қарай ағызылмақ.

Оның үстіне Есімов пен Жигаловтың айтуынша, қазіргі кезде Қытайға қарай ағып бара жатқан 10 млн тонна мұнайдың көлемі алдағы кезде жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізілмек. Сондай-ақ, Ресей құбырлары арқылы жылына ағызылатын 17 жарым млн тонна мұнай тағы бар.

Бұл жобалардан тыс Иранға қарай ағызылатын мұнай жолын да айтпауға болмас. Бұл жобалар түбінде Қазақстанның Еуропалық одақпен байланыс мәртебесін Ресей мен Украинаның деңгейіне дейін көтеру мүмкіндігіне жол бермек.

Дегенмен, Еуропалық одақтың кезекші президенті Торстилланың айтуынша, Қазақстан заңсыз иммиграцияға жол бермеу үшін, халықаралық талапқа сай, өз шегарасын барынша бекемдей түсуі қажет екен.
XS
SM
MD
LG