Accessibility links

Алматының билік орындары шілденің 14-күнгі Шаңырақ тұрғындары мен полицияның қақтығысы кезінде заңсыз әрекет жасаған ауыл тұрғындарын анықтау жұмысына кірісті


Шілденің 18-күні Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов бірқатар ақпарат құралдарының басшыларына Шаңырақтағы қақтығыс кезінде полицияға өрт қойған адам анықталғандығын хабарласа, қалалық ішкі істер департаментіндегілер қала басшысының бұл мәлімдемесін жоққа шығарып отыр. Шаңырақтықтар болса өздерін ұлттық қауіпсіздік комитетіненбіз деп таныстырған әлдекімдердің арандатушылық әрекетке барғанын айтады.

Сейсенбі күні Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен өткізген жиында Шаңырақтағы оқиға кезінде полицияның бір өкілінің үстіне жанармай құйып өртеген адам анықталғандығын хабарлады. Әкімшіліктің баспасөз қызметкері Нұрлан Асқаровтың «Азаттық» тілшісіне айтуынша, күдікті деп танылған кісінің аты-жөні аталмаған.

- Қала әкімі И.Тасмағамбетов бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларына Шаңырақтағы орын алған оқиғаға байланысты ахуалды түсіндіріп, полицейді бензин құйып өртеген адам анықталғандығын, ол адам бұрын полиция қызметінде істеген Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы екендігін, ең сұмдығы - әлгі адамдардың істеген іс-әрекеттерінде еш өкініш білдірмеуі болып тұр деп айтты. Күдіктінің аты-жөнін тергеу әрекеттері анықталған соң заң органдарының өкілдері айтуы керек, - деді Алматы әкімшілігінің баспасөз қызметкері Нұрлан Асқаров.

Ал осы іс бойынша тергеу шараларын жүргізіп жатқан Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарушы Ян Гирин болса, шілденің 19-күні «Азаттық» тілшісімен әңгімеде «қақтығыс кезінде полиция қызметкерінің үстіне жанармай құйған адам белгілі» деген мәліметті жоққа шығарды.

- Бұл біздің таратқан ақпаратымыз емес, оны растамаймыз да. Көпшілік осы мәселеге қатысты бізге телефон шалып сұрап жатыр. Бір айтарым, қажетті адамдар шақырылып, тергеу жүріп жатыр. Ал тәртіпсіздік және басқа да әрекеттері үшін әлдебір күдікті ұсталды деген сияқты ақпарат бізде жоқ. шұғыл іздестіру тобы жұмыс істеп жатыр, олар да ешқандай ақпарат бере алмайды. Бұл - тергеу ісінің құпиясы, - деді Ян Гирин.

Сонымен бірге билік өкілдері Шаңырақтағы оқиғаға қатысқан бірқатар қоғамдық ұйымдардың мүшелерін де тергеуге алғаны туралы хабарлар тарап отыр. Мәселен, өткен жұма күні Шаңырақтағы қақтығыста полиция қызметкеріне өрт қойған кезде соған жақын жерде жүрген «Алаш» қозғалысының төрағасы Арон Атабек екі күннен бері қалалық тергеу абақтысында жатқандығын шілденің 19-күні «Азаттық» радиосына «Жер-Ана» бірлестігінің төрағасы Сәлім Оразалиев хабарлады:

- Қазір мен ішкі істер департаментінде отырмын. Арон Атабекке тамақ әкеліп едік, әзір қабылдап жатқан жоқ. Арон Атабек полицияның қызметкері жанып жатқан кезде қасында болып, өзінің пиджагымен өртті өшірген.

Сәлім Оразалиевтің айтуынша, осы оқиғадан соң бірнеше полиция Арон Атабекті соққыға жығып, оның аяғына екі резина оқ тиген.

- Шілденің 14-інен бері қаладағы ауруханалардың ешқайсысы денесінде жарақаты бар Аронды қабылдамады. Ал дүйсенбі күні екінші мәрте тергеу абақтысына түсіп отыр. Арон Атабек халық пен полицияны келісімге келтіру үшін Шаңыраққа барған еді. Атабектің арадағы дәнекер болуға құқы бар екендігін оның қолындағы депутат Б.Тілеуханның қоғамдық жұмыстарға көмекшісі деген қағазы растайды, - деді Сәлім Оразалиев.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тергеу абақтысында жатқан Арон Атабек өзінің көмекшісі екендігін «Азаттық» тілшісіне растады.

Ал Шаңырақтықтар болса өздерін ұлттық қауіпсіздік комитетіненбіз деп таныстырған әлдекімдердің арандатушылық әрекетке барғанын айтады. Бір күннің ішінде Шаңырақтан отыздан астам адамды ұстап әкетті, деп хабарлады «Азаттық» радиосына ауыл тұрғыны Қорлан Даутова:

- Түнгі сағат 12 жарымда бір әйел: «мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінде істеймін, қазақ үшін – намыс үшін келіп тұрмын, сағат үште сендерді әскери танкімен құртады, жиналыңдар, ер кісілерің қайда?!» деп келіпті. Бір кісіні үйінің алдынан аузын жауып тұрып, мойнын қылқындырып тұрып алып кетті. Тіпті, күндіз келіп ұстап алып кетіп жатыр. Тек Шаңырақтан ғана емес Қаскелеңде жүрген біреуді алып кетіпті. Айгүл деген келіншекті кеше алып кеткен еді, кейін босатыпты. Лек-легімен апарып, қайтып шығарып жатқандығын сол айтып келді.

Ауыл тұрғындары өздерін ұлттық қауіпсіздік комитетіненбіз деп таныстырғандардың мініп келген көлігінің нөміріне дейін жазып алғандығын айтып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG