Accessibility links

14-ақпанда оқиға орнын қосымша тексеруге қатысқан аға тергеуші сот ісіне тіркелген хаттамада өзінің қолы сыртынан қойылғанын мәлімдеді


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінде сәрсенбі күні айыпталушылар жағының жақтаушылары "оқиға болған орынды қайта қарағандағы тергеу іс қағаздарының хаттамаларын алдын ала тергеу органдары қолдан жасағандығы анықталды" деп мәлімдесе, жәбір көруші жақтың өкілдері "ондай қортынды жасауға әлі ерте" деп отыр.

Талдықорғандағы сот ісінде сәрсенбі күні сот жалпы процедуралық мәселелерге көбірек тоқталды. Ал куәлар ретінде оқиға орын алған маңдағы он екінші бригада елді мекенінің екі тұрғыны жауап берді. Олар оқиға орнынан табылған оқтар мен гильзаларды тергеу орындары алған кезде куәлар ретінде болған адамдар және бригадаға күнде осы оқиға болған жердің маңынан өтіп жүрген. Бірақ олар соттың "сіздер қыратқа қарай бұрылған қардағы автокөлік ізін қай күні көрдіңіздер? Он бірінші ақпанда ма, он екінші ақпанда ма? Оқтарды тергеу орындарының өкілдері қандай ыдысқа салып алды?» деген және т.б. сұрақтарға анық жауап бере алмай, шатасып, "алты ай бұрын болған оқиғаны біз қайдан есте сақтаймыз?" деп терге малынды. Олардан соң сот он төртінші ақпанда оқиға орнын қосымша тексеруге қатысқан ішкі істер қызметінің аға тергеушісі Мұрат Қалиевты сұрастыра бастады. Соттағы іс қағаздардың арасынан тексеру қортындысы жазылған хаттаманы оған көрсеткенде, аға тергеуші: "Қолдан жазылған хаттама менікі, ал компьютерде терілген хаттаманы мен жазған жоқпын, қойылған қол да менікі емес. Мен тексерген күні мәйіттер жоқ-тұғын, мына хаттамада тағы бір жедел іздестірушінің фамилиясы жазулы, ондай адам бізде істемейді" деген жауап айтты.

Айыпталушы Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов оған: "Сіз оқиға орнынан табылған гильзаларды баллистикалық зерттеуге емес, неге жібердіңіз?" деп сұрақ қойған еді, осы кезде сот төрағасы ертеңге дейін үзіліс жариялады. Осы жағдайларды соттан соң қортындылаған Сәрсенов мырза "біз үшін бүгінгі күн жемісті болды" деді.

- Сотқа әкелінген іс қағаздардағы оқиға орнын қосымша тексеру хаттамасының қолдан жасалғандығы бұлтартпас дәлелденіп отыр. Осы тексеру кезінде оқтар мен гильзаларды тапқан. Демек ол айғақтарға күмәнмен қарауға негіз бар, ол айғақтар - қолдан жасалған, міне бүгінгі күннің қортындысы, - дейді адвокат.

Оған қоса Сәрсенов мырза "табылған гильзалардан Ибрагимовтың исін иттердің сезуі екіталай" дейді. Сот ісінде одорологиялық зерттеу - ізшіл иісшіл иттердің қатысуымен өткізілетін зерттеу қортындылары тіркелген болатын.

- Жоғары температурада адамның тері мен май иісі буланып күйіп кетеді. Сондықтан атылған гильзаларда қоңырсыған күйіктің исінен басқа адмның қандай да исі қалады деу қисынға келмейді, - дейді Сәрсенов мырза.

Алайда жәбір көруші жақтың өкілдері сәрсенбі күнгі сот нәтижесі ешқандай жаңалық әкелмеді деп отыр. Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Қайнарбек Байболов:

- Ешқандай жаңалық ашылған жоқ. Барлығы тергеу барысында көрсетілген жауаптарын қайталап шықты. Одан тысқары бір жаңалық ашылған жоқ.

- Мынау Рустам Ибрагимовтың жақтаушылары оқиға орынан табылған гильзалар мен оқтардың сараптамасы қолдан жасалған деп мәлімдеп отыр ғой, ол қалай?

- Оны жасаған сарапшыларды біз әлі тыңдаған жоқпыз, олар әлі сотқа жауап берген жоқ. Мамандар, сарапшылар жауап берген соң қандай да бір қорытынды айтуға болады, - дейді Қайнарбек мырза.

Талдықорғанда жүріп жатқан сот бейсенбі күні кезектегі келесі куәлардан сұрақ-жауап алуды жалғастырмақ. Ал кезекте жақтаушылардың қажет деп тапқан жетпіске жуық куәлар бар. Бірақ, сәрсенбі күнгі отырыстағы процессуалдық талқылау барысында олардың біразы қажет емес деп табылды.
XS
SM
MD
LG