Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.21.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов Шаңырақта қалыптасқан жағдайға байланысты құқық қорғау органдары кәсіби шеберлігін көрсете алған жоқ деп есептейтіндігі туралы жазды. Сонымен бірге Әділет министрі Зағипа Балиева газеттердің біріне берген сұхбатында тіркелмеген мүлікті заңдастырудан бюджетке 3 жарым миллиард теңге түсетіндігін айтса, тағы бір басылым Астанадағы «Транспорт Тауэр» ғимарататынан шыққан өрттің себебі анықталғандығына назар аударған.

Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов www.zonakz.net Интернет-сайтына берген сұхбатында қаланың 28 елді-мекеніндегі 20 мыңнан астам жер телімі заңдастырылғандығын, 5 мыңға жуығының ешқандай құжаты жоқ екендігін айтқан. «Шаңырақтағы жағдайды көзімен көргендердің айтуынша, полиция кепілде қалған өкіл босатылған соң ауыл тұрғындарына берген уәдесінде тұрмай шабуыл жасады. Ашынған халықты алдауға болмайды ғой?» деген журналист сұрағына И.Тасмағамбетов былай деп жауап берген: «Мен бұл жерде құқық қорғау органдарының әрекетін құптамаймын: полиция қалыптасқан жағдайға сай өзінің кәсіби шеберлігін көрсете алған жоқ. Жалпы, бұл жанжал сот шешімін орындауға байланысты туып отыр. Мен жауапкершілікті басқаларға арта салғым кеп отырған жоқ. Сот орындаушылары қажетті техниканы және өздерін қорғап жүретін күшті әкімшіліктен сұра

йды. Жеме-жемге келгенде барлығы әкімге – Тасмағамбетовке келіп тіреледі. Сөз жоқ! Мен жауапкершіліктен қашпаймын!».

Мүлікті заңдастыру акциясы өткізілген кезде тіркелмеген мүліктің 30 пайызы заңдастырылғанда бюджетке қосымша 3 жарым млрд-тан астам теңге түсетіндігі туралы Әділет министрі Зағипа Балиева «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты. Министрдің мәліметіне қарағанда, мүлікті заңдастыру жөнінде акция өткізу тиісті жергілікті бюджеттен 107 миллион теңге мөлшерінде қаржы шығындалады. Министрдің айтуынша, «Қазақстанда жылжымайтын мүліктің 30 пайызы тіркелмеген. Мәселен, ауыл тұрғындарының қалаға жаппай қоныс аударуы, үнемі қала маңындағы жерлерді басып алуы, онда тұрғын үй салуы және бұлардың тіркелмеуі бұған толықтай себеп. Сонымен қатар, 1990-шы жылдары мемлекеттік мүлікті жекешелендіру барысында көптеген нысандар заңды және жеке тұлғалардың меншігіне өтті. Осыған орай құжаттар көп ретте тиісті түрде рәсімделмеді. Бұған тұрақсыз экономикалық ақуал және нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы да ықпал еткені белгілі» деді Әділет министрі Зағипа Балиева «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Астанадағы бірқатар министрліктер мен орталық мекемелер отыратын «Транспорт Тауэр» ғимаратынан шыққан өрттің себебі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жазылды. Көп қабатты биік ғимараттың тұтануына темекі тұқылы түрткі болған деген тұжырымды Төтенше жағдайлар министрлігі шығарған. «Тексеру жұмыстары барысында өрттің 27-ші қабаттың балконынан басталғандығы анықталды. Қазір ғимараттың өртенуіне себеп болған темекіні шеккен адамды іздеумен Астана қалалық ішкі істер департаменті айналысып жатыр. Осы жағдайдан соң қала әкімі Астанадағы алюкобонд материалымен салынған үйлердің тізімін жасауды тапсырып, алдағы уақытта оны пайдалануға тиым салған. Қаланың бас архитекторы Шоқан Матайбековтың айтуынша, қара тізімге министрліктер және ведомстволардың ғимараттарымен қоса, тұрғын үйлер мен базарлар ілінген. Астанадағы жаңа құрылыстың 90 пайызында алюкобонд материалы пайдаланғаны анықталып отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта Арқалық тұрғындары қаланың мерейтойына дайындалып жатқандығына «Айқын» газеті мән берген. «Той деген дұрыс қой. Бірақ Арқалыққа пойыз кіре бере-ақ қираған үйлер үйіндісі көзге шалынады. Қала ішіне кірген соң көп қабатты үйлердің он шақтысы қаңырап бос тұрғанын көресіз. Ең жақсы табыс табамыз дейтіндер бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер мен аграрлық саладағы кәсіпкерлер немесе дүкен дүңгіршектері бар жандар. Қазақстан жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салуға миллиардтаған теңге қаржы бөліп бостан- босқа шашылып жатыр. Ал мұнда дайын үйлер қаңырап бос тұр. Алыс-жақын шетелдерден оралмандар елге келіп жатыр. Олардың баспанасыз жүргендері қаншама. Міне, соларды паналату үшін де бұл қала Қазақстанға керек. Ал әзірге жарты ғасырлық мерейтойы қарсаңында қала тұрғындары мұңлықтың күйін кешіп жатыр» деп жазды «Айқын» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG