Accessibility links

Шаңырақтағы қақтығыста ауыр қылмыс жасады деп күдіктелген адамға іздеу жарияланды


Жұма күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті 14 шілдеде Шаңырақ ықшам ауданында болған қақтығыс кезінде ауыр қылмыс жасады деген күдікпен Құрманғазы Өтегенов деген азаматқа қылмыстық іздеу салды. Сонымен бірге, Шаңырақтағы қақтығысты ұйымдастырып, басқарған деген күдікпен «Қазақ мемлекеті» қозғалысының жетекшісі Арон Атабек қамауда отыр, ал Алматы прокуроры Жақсылық Байтұқбаев Шаңырақтағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін ондағы тұрғындарға жер беру немесе өтемақы төлеу мәселесін шешуді ұсынды.

Шілденің 21-күні Қазақстан бас прокуратурасында өткен жиында Алматы қаласының прокуроры Жақсылық Байтұқбаев Шаңырақтағы жағдайды реттеудің екі жолын ұсынды.

- Біріншіден, тек қана қауіпті аумақтардағы – газ құбыры өтетін жерде тұрғызылған үйлерді ғана бұзу керек деп санаймыз. Ондай құрылыс саны – 224. Ал қалғандарын заңдастырып, қазіргі тұрғындарға қалдыру керек. Шиеленісті шешудің келесі жолы – сот шешімін толық орындап, яғни барлық үйлерді бұзып, ал олардың осыған дейін иесі болып келгендерге шығындарын өтеу керек. Оның орнына тұрғындарға балама ретінде басқа жер телімдерін беріп немесе ақшалай өтемақы төлеу керек, - деді Алматы прокуроры.

Шілденің 14-күні Алматының Шаңырақ ықшам ауданында болған қақтығыс кезінде тұрғындар мен полиция арасында келіссөз жүргізгендердің бірі, «Жер-Ана» бірлестігінің төрағасы Сәлім Оразалиев былай дейді:

- Билікке осы керек пе еді?! Аяғында осындай мәлімдеме жасау үшін қаншама қақтығыс туғызудың қажеті бар ма еді? О баста осылай бір шешімін іздеуге болушы еді ғой? Енді мұны заң орындарының адамы айтып отыр.

Қақтығыс кезінде ықшам аудан тұрғындары мен полиция арасында келіссөз жүргізгендердің ішінде болғандардың тағы бірі - «Қазақ мемлекеті» қозғалысының жетекшісі Арон Атабек 7 күннен бері Алматы полициясының абақтысында қамауда отыр. Жұма күні «Азаттық» тілшісімен әңгімеде «Жер-Ана» бірлестігінің төрағасы Сәлім Оразалиев тергеу орындары Атабекті заңға тартпақшы екенін жеткізді:

- Арон Атабек бүгінгі күні алдын ала тергеуде жатыр. Оған заңның 96-ші және 24-ші баптары бойынша айыптар тағылмақ. Олар, Шаңырақтағының бәрін Арон ұйымдастырған, адамды жағып жіберуге де Арон бұйрық берген деп отыр. Мұндай айыпты екі куәгер жасаған екен. Сол Шаңырақта ұсталған ол жігіттер де қазір тергеуде отыр.

Жұма күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті 14 шілдеде Алматының Шаңырақ ықшам ауданында болған қақтығыс кезінде аса ауыр қылмыс жасаған деген күдікпен, Жамбыл облысының тумасы, қазірде Алматы обылсында тұратывн 30 жастағы Құрманғазы Өтегенов деген азаматқа қылмыстық іздеу салды. Полиция бұл адам жайлы дерек-ақпарат берген адамға қомақты сыйлық тағайындалғанын хабарлап отыр.

Шілденің 14-күні Шаңырақта полиция өкілдерімен тұрғындар арасында болған қақтығыс салдарынан ондаған адам жарақат алып, әлдекімдер полицияның бір офицерінің үстіне жанармай құйып өрт қойған еді. Денесінің 70 пайызы күйіп қалған 24 жастағы Әсет Бейсенов есімді ол жігіт қазір Алматыдағы №4-ші ауруханада жандандыру бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның халы ауыр екенін айтады.
XS
SM
MD
LG