Accessibility links

ТМД басшыларының ресми емес саммиті басталды


ТМД елдері басшыларының жетінші «галстуксіз самиттіне» бұрынғы одақтас 12 мемлекеттің 10 елінің басшылары қатысады деп жоспарланған еді. Бұған дейін Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың саммитке келмейтіндігі мәлім болса, шілденің 21-і күні Грузия президенті Михаил Саакашвилидің де саммитте болмайтындығы жария болды. Сондай-ақ, Армения мен Украина басшыларының да бұл жиынға қатыспайтыны хабарланып отыр.

Биылғы жылы кейбір ТМД елдері арасындағы қайшылықтардың ширыға түсуіне қарамастан, саммиттегі басты тақырып - Тәуелсіз мемлекеттер достастығының болашағы, оны реформалау екендігін айтады қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев.

- Қазақстан ТМД төрағасы ретінде оны реформалаудың өзінше формасын ұсынып отыр. Онда мемлекет достастықтағы бюрократтық аппаратты азайтып, мейлінше экономикалық мәселелерге назар салуға шақыруда. Қазақстан бұл ұйымға жаңа дем беруге тырысады, бірақ қазіргі кезеңде ТМД шынайы жұмыс істеуге қабілетті аймақтық бірлестіктен гөрі президенттер клубына көбірек ұқсайды. Оған қоса, ТМД-ның құрамындағы елдердің бәрі бірдей оның болашағына сене бермейді. Мысалы, Грузия мен Украина Ресейдің жүргізіп отырған саясатына көңілдері толмайтындарын айтып, бұл ұйымнан кетулері мүмкін екенін де бірнеше мәрте мәлімдеген. Сондықтан, бұл саммит ТМД құрылымында үлкен өзгерістер жасап, оны қазіргіден гөрі ықпалды ұйымға айналдырады дегенге сену қиын, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Былтыр Ресей президенті Владимир Путин де «егер Еуропа Одағындағы елдер бірігу үшін жұмыс істесе, ТМД өркениетті түрде ажырасу үшін құрылған болатын» деген. Бірақ ол ТМД- «ақпарат алысып, мәселелерді талықылау үшін пайдалы клуб. Сондықтан, оны біз жоғалтпауымыз керек» деп мәлімдеген еді. ТМД-ын сақтап, оны дамытуды жақтайтын мемлекеттердің басында Қазақстан тұр.

Қалай болғанда, ТМД құрамындағы елдердің өзара қарым-қатынасындағы мәселелер бұл ұйымның болашағына көлеңке түсірмеуі тиіс деп есептейді парламент Мәжілісінің халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі Амалбек Тшан:

- Ішкі талас әр уақытта болады ғой. Бірақ, соған қарамастан, барлық мемлекеттер осы ұйымға қатысады ғой деп ойлаймын. Мәселе - ТМД қандай мәселелерді қарайтындығында. Шекара, сауда-саттық, бір-біріне инвестициялық көмек көрсету сияқты мәселелерді қарастырғандары жөн. Ешқандай ішкі мәселелерді араластырмағанда ғана дұрыс ұйым болады деп ойлаймын.

Саммит аясында өтетін негізгі шаралар сенбіге белгіленіп отыр. Онда ТМД-ның болашағынан өзге халықаралық жағдай да талқыланады деп хабарлады бірқатар ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хатшысы Болат Ыбырайымов саммиттің күн тәртібіне Қазақстанның ұсынған мәселелерін алдын-ала жария еткілері келмейтіндіктерін жеткізді:

- ТМД департамент басшыларымен сөйлестік. Олар бұл ретте ешқандай ақпарат бере алмайтындықтарын жеткізді. Өйткені, кездескен кезде бәрі белгілі болады. Әркімнің талқылағысы келген мәселелері бар ғой.

Бұған дейінгі ТМД елдері президенттерінің ресми емес кездесуі былтырғы жылы Ресей астанасында совет-герман соғысындағы жеңістің 60 жылдығы қарсаңында өткен болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG