Accessibility links

ТМД елдерінің бейресми саммитінде ТМД-ның болашағы талқылануда


Сенбі күні Мәскеуде ТМД елдері басшыларының ресми емес саммиті жалғасуда. Кездесу аясында Қазақстан президенті ТМД ұйымын реформалау бойынша бірқатар ұсыныстармен шықпақ. Онда негізінен көші-қон, энергетикалық қауіпсіздік және тасымалдау-көлік мәселесі қамтылмақ. Алайда, кейбір қазақстандық сарапшылар ТМД-ның алда интеграциялық ұйым ретінде сақталып қалатындығына күмәнмен қарайды.

Мәскеудегі ТМД елдерінің ресми емес саммитіне бұрынғы 15 одақтас совет елінің 8-інің басшысы келді. Мұның өзі бұрыннан бері байқалған ТМД ұйымының соңғы күнінің тақау қалғанын байқатады дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

- Ал оны толықтай қайта құрып, күшейту бойынша қозғалыс әзірге байқалмайды. Тек қана бұл ұйымды жасанды түрінде ұстап тұрғылары келеді. ТМД-ның болашағы бар деп ойламаймын. Мысалы, бұл ресми емес саммите оны реформалау мәселесі көтерілгенімен, онда нақты құжаттар мен міндеттемелер қабылданбайды, - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Сондықтан, ол бұл жиын ТМД-ның болашағына әсер ете қояды деп ойлаймайды. Дегенмен, сенбі күні Кремльде 8 бұрынғы совет елінің президенттері ТМД-ның болашағын талқылауға кірісті. Оның ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарабаев ТМД-ның болашағы бойынша өз жобасын ұсынды. Қазақстан президенті өз сөзінде бұл құжаттың мақсаты - барлық мемлекеттердің қанағаттандыратын өлшемге қол жеткізу екендігін екшеледі. Қазақстан президенті әкімшілігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, бағдарлама 5 бағытты ұстанады. Яғни, көші-қон саясаты, көлік құрылымын дамыту мен оны бірлесе пайдалану, ғылым және білім саласында, мәдени-гуманиатарлық салада, шекралық қылмыспен күресте ынтымақтастықты қамтитды. Дегенмен, саясаттанушы Андрей Чеботарев ТМД-ны сақтау негізінен Рсей мен Қазақстанға ғана керек деп есептейді.

- Егер қазір ТМД-ны тарқатып жіберсе, онда Ресей, мәселен, Грузия мен Молдоваға екіжақты қарым-қатынастан өзге ықпал ете алмайды. Сондай-ақ, Қазақстан үшін бұл ұйымды сақтап қалу тиімді. Біріншіден, бұл ұйым арқылы оған кіретін елдермен қарым-қатынаста тепе-теңдікті ұстап, Ресейдің басымдылығынан өзін сақтайды. Екіншіден, ТМД ұйымына Қазақстан төрағалық ету арқылы мемлекет пен президент Назарбаев халықаралық алаңда имиджін көтергісі келеді. Егер дәл қазір Қазақстан төрағалық еткен кезде бұл ұйым тарқаса, бұл оның абыройына нұқсан келтірер еді, - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Осыдан 15 жыл бұрын ТМД ұйымын құруға атсалысқандардың бірі, сол кездегі Қазақстан Жоғары Кеңесінің төрағасы, қазіргі кезде билікке оппозициядағы Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин де бұл ұйымының болашағына күмәнмен қарайды. Ол кезіндегі Кеңес Одағы тәрізді ТМД-ның да ыдырайтын жоққа шығармайды:

- Өйткені, осы ұйымға кіретін елдер Ресейден де, Қазақстаннан да өздеріне үлгі алатындай жол жоқ екендігін түсінді. 4 мемлекеттің де саммитке келмеуі соның бір белгісі... Мен Кеңес одағы деңгейінде бір күшті ұйымның болғанын жақтайтын саясаткерлердің бірімін. Бірақ, оны жасай алмай отырған – сол мемлекеттер басшыларының саясатындағы олқылықтар.

Алайда, саясаттанушы Камал Бұрханов болса, Қазақстанның төрағалық етуі ТМД-ны күшейтеді. Ал бұл ұйым жұмысын жуық арада тоқтата қоймайды дейді ол:

- Өйткені, біз кезінде бір мемлекеттің құрамдас бір бөліктеріміз ғой. Сондықтан, адамдар арасындағы тығыз қарым-қатыныс сақталған. Бірінің шешесі – анда, бірінің баласы – мында... Әрине, бұл мәңгілік болмауы тиіс. Бірақ, белгілі бір уақыт аралығында ТМД-ның қоғамға, халыққа, мемлекеттерге пайдасын тигізетін мүмкіндіктері бар деп ойлаймын.

ТМД елдері басшыларының галстуксіз саммиті осымен жетінші мәрте өткізіліп отыр. Саммитте ТМД болашағынан өзге халықаралық жағдай, оның ішінде Иран мәселесі талқыланады деп жоспарланған. Бірақ, ресми емес саммит барысында нақты құжаттар қабылданбайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG