Accessibility links

Теміртау соты қазақстандық оппозиция жетекшісін 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды


Оппозициялық бағыттағы "Нағыз Ақ жол" партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловті Қарағанды облысы Теміртау қалалық соты 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бұл туралы "Азаттық" радиосына дүйсенбі күні хабарлаған Әбіловтің қорғаушысы Мұстахим Төлеевтің айтуынша, олар әрі қарай Жоғарғы сотқа дейін шағымданбақ. Кейбір сарапшылар бұл мерзім оппозициялық саясаткерді кезекті парламент сайлауына жібермеу үшін белгіленді деп отыр.

Сонымен, полиция қызметкеріне қол жұмсап, оның ар-ожданына, қадір-қасиетіне қол сұқты деген негізде қозғалған қылмыстық іс бойынша Қылмыстық кодекстің 320-шы бабының 1-ші бөлігі, 321-ші баптың 1-ші бөлігіне сәйкес «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов, шелдің 24-күні Теміртау қаласы сотының шығарған үкімімен 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

- Бұл әдейі тапсырыс бойынша шығарылған заңсыз, негізсіз үкім. Оны ақтау керек еді. Ең болмағанда 320-шы баппен айып салып, 321-ші баппен ақтау керек еді. Бірақ, ешқандай айғақ заттарының, дәлел-деректерінің болмағандығына қарамастан, нақақтық негізде соттады. Біз Қарағанды облыстық сотына аппеляциялық шағым береміз, Жоғарғы сотқа дейін барамыз, - деді сот үкімін тыңдап шыққан бетте «Азаттық» радиосына айтқан сөзінде Әбіловтың қорғаушысы Мұстахим Төлеев.

Қазақстандық сот бұл шығарған үкімі негізінде оппозициялық саясаткерді парламент сайлауына жібермеуді көздеп отыр деген пікір айтты, осы сотта Әбіловтың тағы бір қорғаушысы болған Петр Своик.

- Бұл - ең қатал шешімдердің бірі. Өйткені, сот кезінде барлық айыптар дәлелдер мен куәлар арқылы жоққа шығарылған. Меніңше, бұл мерзім - Болат Әбіловті парламент сайлауына жібермеуді ескеріп, шығарылған,- деді Своик мырза «Азаттық» радиосына.

Бұған дейін Теміртау прокуратурасы Әбіловті 2 жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің өкілі дүйсенбі күні «Азаттық» тілшісінің қойған сұрағына берген жауабында, сот шешімін әлі қарастырып, әрі қарайғы қадамдарын белгілейтіндіктерін айтты:

- Теміртау бізге хабарлауы керек. Содан кейін біз протест жасаймыз ба, жасамаймыз ба – сол жағын шешеміз. Сосын ғана нақты түсіндірме бере аламын.

Болат Әбіловтің шартты түрде бас бостандығынан айырылғанына сотқа қатысқан кейбір азаматтар келіспейді. Мысалы, сотқа Алматы облысынан келіп қатысқан Рысбек Сәрсенбайұлының сөзіне қарағанда, сотта сөйлеген 44 куәгердің арызданушыны қоса есептегенде 3-і ғана Әбіловке қарсы куәлік еткен. Қалғандары қылмысты жоққа шығарды немесе оқиғамен жақсы таныс емес екендіктерін айтқан болатын, дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Арызданушы Дмитриев сотта өз бетінше емес, біреудің айтуымен сөйлеп тұрғандай әсер қалдырды. Кейбір жалған куәлердің де бар екені білініп қалды. Шенді-шекпенді полиция қызметкерлері қызарып, терлеп-тепшіп жауап берді. Көпшілігі ар-ұяттарынан аттап өткен жоқ. Кейбіреулері жалтарып жауап берді. 2 куәден басқасы өтірік сөйлеген жоқ.

Сондай-ақ сотта тыңдалған филологиялық сараптама да полицейге қарсы ар-намысқа тиетін сөздің айтылмағандығын дәлелдегендігін алға тартады дейді осы сотқа бақылушы ретінде қатысқан «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Маржан Аспандиярова:

- Сотқа әділ шешім шығаруға негіз бола алатын жағдай мынандай еді: сотта Қарағанды өңірінде белгілі, заң-құқық орнында істейтін заңгер профессор сараптама қорытындысын берді. Соған қарағанда, полицейге айтылды деп, қылмыстық істе келтірілген сөздер полицей тұрмақ, ешбір адамның ар-намысына тимейді.

Сонымен, оппозициялық бағыттағы «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловке осымен үшінші мәрте сот үкімі шықты. Бұған дейін ол парламент сайлауы қарсаңында депутат Мұхтар Тінекеевтің ар-намысына тиді деген айыппен 1 жарым жылға шартты түрде жауапқа тартылған, одан кейін биыл ақпан айында заңсыз митингі ұйымдастырды деген айып бойынша Алматының әкімшілік сотының шешімімен абақтыга 15 тәулікке қамалып, әкімшілік жазасын өтеген болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG