Accessibility links

Ұрыс болып жатқан Ливанда Қазақстан азаматтары қалып отыр


Ливанда Қазақстанның 12 азаматы және 11 бала қалды. Бұл туралы Астанада шілденің 24 күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев хабарлады. Оның айтуынша, қазақстандықтардың үшеуі елге оралудан бас тартқан, ал 5 адаммен Қазақстанның сыртқы істер мекемесі байланыс орната алмай отыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ливаннан Қазақстан азаматтарын эвакуциялау жұмыстарын жалғастырып жатқандығын хабарлады. Бұған дейін Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің ұшақтарымен Мәскеуге Қазақстанның 11 азаматы мен 10 бала ұшып келген болатын. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша Ливанда біршама қазақстандықтар болған:

- Ливанда жалпы саны 61 Қазақстан азаматы табылды. Олардың 9-ы 13 баламен бірге әскери қимылдар басталмай Қазақстанға оралған болатын. 17 Қазақстан азаматы 11 баласымен бірге Ливаннан Сирия арқылы Ресейге эвакуацияланды. 13 Қазақстан азаматы Сирияға өз бетімен жетіп, сол жерден Қазақстан, Ресей дипломаттарының көмегімен Мәскеуге жіберілген болатын.

Қазақстандағы «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы саясаткер Дос Көшім Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің кейбір мәліметіне күмән келтіріп отыр:

- Сол жерде кейде бір елшілік не консулдық жауапты болады. Сол жауапты болған Қазақстанның ресми адамдары кімдердің тұратынын және олардың қайда тұратынын біліп дер уақытында оларды елге қайтарудың жағдайына кірісу керек-тұғын. Кейбіреулер қазір Ресейдің ұшақтары арқылы, солардың ұйымдастыруы арқылы барлық ТМД елдерінің азаматтары қайтып жатыр деген онша шындыққа сай келмейтін мәліметтер таратып жатыр. Себебі, Украинаның арнайы ұшақтары барып келгені белгілі болып жатыр. Бұл шындығында адамның ашуын келтіретін және біздің сыртқы істер министрлігінің жұмысына қарның ашатын жағдай деп ойлаймын.

Ливаннан келген қазақстандықтардың айтуынша Ливандағы банктердің жұмысы тоқтатылуына байланысты халықтың жолға қаражаты қалмаған. Елде жанармайдың жоқтығынан автокөліктер қаңтарылып қалды, деген мәлімет бар. Ливанның оңтүстігіндегілер азық-түлік тапшылығын көріп отыр. Жолдар қираған, үйлерде жарық, газ, су жоқ, дейді Қазақстанға оралған азаматтар. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, қазір Ливанда қазақстандықтар әліде қалып отыр:

- Қазір Ливанда эвакуацияға әзір 12 Қазақстан азаматы мен 11 бала бар. 3 кісі эвакуациядан бас тартса, 2 Қазақстан азаматы әскери қимылдар аумағында болғандықтан елден шыға алмай отыр. Ал тағы 5 Қазақстан азаматымен байланысымыз жоқ.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы саясаткер Дос Көшім Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұрыс ошағында қалып қойған әрбір азаматын табуы тиіс деп санайды:

- Қазақстан өзінің бірде бір азаматын ондай оттың ортасында қалдырмауы тиіс. Бұл сыртқы істер министрлігінің дәл қазіргі кездегі ең бірінші жұмысы болуы керек. Соларды қазір іздеп табу, егер олар қиын жағдайда отырса - шығарып алу, жаралы болса - оларға көмек көрсету, тез арада Ливаннан алып кету - біздің мемлекеттің тікелей міндеті.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша қазір Ливан мен Сирияда Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілдері жүр. Олар сол елдерде қалған Қазақстан азаматтарын анықтамақ.

Осыған дейін Ливан үкімет басшысы баспасөз мәслихаттарының бірінде, мыңдаған ливандық көрші Сирияға босып кеткенін айтып, шетелдік үкіметтер өз азаматтарын бұл елден шығарып жатқанын хабарлаған еді. Ол өз сөзінде Израиль әскері мен «Хизболла» жасақтарының екінші аптаға созылған шабуылдарынан Ливанда 300-ден астам адам құрбан болып, мыңдаған адам жараланғанын және жарты миллиондай халық босып кеткенін хабарлады. Ал, Ливан полициясының ақпараты бойынша, Израиль 13-күн қатарынан Ливанға әуеден соққы беруде. Ливан үкімет басшысы екі тарапты да тез арада соғысты тоқтатуға шақырған. Және ол бұл жағдайға халықаралық қауымдастықтың араласуын сұрады. Бұл орайда Ресейдің сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде Израильдің лаңкестікке қарсы операциясы шегінен асып кетті деген. Ал, Израиль вице-премьері Шимон Перес әскери әрекеттерді тоқтатпайтындықтарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG