Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.26.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстанда биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 134 қылмыстық іс тіркелгендігі туралы жазды. Сонымен бірге басылымдарда 400 квадриллион теңгенің шағымы бойынша сот ісі аяқталғандығына назар аударса, тағы бір газетте елде тұңғыш рет бата беру бәсекесі өткізілгендігі айтылды.

Осы жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік қызметтегі 24 адамның жұмыстан босатылып, 7 адамның лауазымымен қоштасқандығы «Айқын» газетінде жазылды. Бұл мәлімет қауіпсіздік кеңесінің Астанада өткен жиынында келтірілген. Сонымен бірге 54 тұлғаның қатысы бар 48 қылмыстық, сол сияқты жемқорлыққа қатысты 21 заң бұзушылық іс бақылауға алынған. Қауіпсіздік кеңесінің өткен отырысынан бері құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері жемқорлыққа байланысты қосымша 135 қылмыстық іс қозғаған. Қызылорда облысында тікелей кеніш орнынан мұнай жымқырған 18 жасырын шағын зауыт әшкереленіп, 56 адам тұтқындалды. Жобамен бұл зауыттар ай сайын 1 млн доллардың өнімін өндіріп келген» деп жазды «Айқын» газеті.

«Экспресс К» газеті тұрғын үй саласында қылмыстың көбейгендігіне мән берген. Қаржы полициясы алты айдың ішінде осы салаға қатысты 54 қылмыстық іс қозғапты. «Одан келген шығын 5 жарым миллиардтан асады. Маусым айынан бері президент Н.Назарбаевтың атына тұрғындардан 140 өтініш келіп түсіпті. Оның көпшілігі ішкі істер органдары, прокуратура және қаржы полициясының жұмысына риза емес екендіктерін білдірген» делінген «ЭкспрессК» газетіндегі мақалада.

Осы тақырыпқа орай «Егемен Қазақстан» газетінде президент Н.Назарбаевтың айрықша келеңсіз фактілерді бақылауға алып, өзіне хабарлап тұруын Қауіпсіздік кеңесіне тапсырғандығы жазылған. «Жиында өтініштерге жүрдім-бардым қараушылықтың әр оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп, кінәлілер жазаланатыны айтылған. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барлық мемлекеттік органдар жұмысының негізгі бағытына айналып, ол жұмыс үшін қатаң сұраныс болатынын мәлімдеді» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта «Алматыдағы Медеу аудандық сотында 400 квадриллион теңге көлеміндегі шағым бойынша сот ісі аяқталды» делінген «Әділ сөз» ұйымының «ZONAKZ» интернет сайтында басылған мақаласында. «Алматы тұрғыны Борис Годунов өзінің ар-ожданына тигені үшін 19 адамнан қырық нөлі бар қаржыны сот арқылы талап еткен. Шағымда көрсетілгендердің қатарында «Курсив» газеті, «Навигатор» интернет сайты, Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро және оның заңгері Мария Пульман, қоғамдық ұйымдар, министрліктер мен ведомстволар бар. Борис Годуновтың шағым түсіруіне «Курсив» газетінде 2004 жылы жарық көрген мақала түрткі болған. Медеу аудандық соты мақалада көрсетілген жайттар шындыққа сай екендігін мойындап, Б.Годуновтың 400 квадриллион теңге сұраған шағымын кері қайтарды» деп жазды «Әділ сөз» ұйымы «ZONAKZ» интернет сайтында басылған мақаласында.

Қазақстанда жыл аяғына дейін АҚШ долларының құны 114 теңгеге дейін құлдырауы мүмкін екендігі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылды. «Қазір доллардың арзандауына байланысты жалақысын АҚШ валютасымен алатындар ұтылып жатыр да, керісінше, банктен долларлап несие алғандар үшін тиімді болып жатыр. Қаржы сарапшысы Николай Андриановтың айтуынша, осы жылдың аяғына таман доллар бағасы 114 теңге шамасында болады. Маманның пікірінше, халық өз қаржысының жартысын теңгемен, 25 пайызын доллармен, ал қалған бөлігін евромен сақтағаны дұрыс» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Қазақстанда алғаш рет бата беру бәсекесі ұйымдастырылғаны туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылыпты. Сайыс үш түрлі тақырыпта өткен. Бірінші сында күміс той, мерейтой, алтын той, туған күн тойларында берілетін баталар оқылса, екінші бөлімінде жастар тойларында айтылатын баталар қамтылып, соңғы сында аста берілетін баталар оқылған. «Қызылорда қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткен батагөйлер сайысына пайғамбар жасынан асқан 30-дан астам аталар мен ақжаулықты аналар қатысқан» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG