Accessibility links

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Жасарал Қуанышәлі сот үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылып, амнистия туралы заңмен жазаны өтеуден босатылды


Дүйсенбі күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты оппозициялық бағыттағы "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының мүшесі Жасарал Қуанышәліні Қазақстан президентінің ар-ожданына тиді деп айып бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, Қазақстанның тәуелсіздік күніне байланысты қабылданған амнистия туралы заңға сүйене отырып сот Жасарал Қуанышәліні жазасын өтеуден босатты.

ҚР қылмыстық істер кодексінің 318-бабының 2-інші тармағы бойынша Қазақстан президентінің ар-намысына тиген деген негізде «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Жасарал Қуанышәліні Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Владимир Зубков айыпты деп тапты. Соған сәйкес 2 жыл жалпы тәртіптегі жазалау мекемесінде мерзімін өтеуге үкім шығарды. Бірақ, тәуелсіздік күніне орай қабылданған амнистия туралы заңның 8-ші бабына сүйене отырып, судья Зубков оппозициялық саясаткерді жазасын өтеуден босатты.

Алайда, саясаткер Жасарал Қуанышәлі өзіне тағылған айыппен де, тіпті ісінің амнистияға жатқызылуымен де келіспейді:

- Маған жазбаша да, тергеу кезінде де, қайта-қайта амнистия қабылдау туралы ұсынды. Бірақ, мен амнистия қабылдасам, онда кінәлі екенімді мойындағанмен бірдей болар еді. Алайда мен өзімді кінәлі емеспін деп санаймын. Бар «кінәм» - Назарбаевты ашық сынап, оған ашық қарсы шыққаным ғана.

Жасарал Қуанышәлінің сот алдында жауап беруіне өткен жылдың қазан айында баспасөз мәслихатын өткізіп, онда: “Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке жасаған сатқындығы және ұлтқа опасыздығы үшін жауап беруі тиіс” деп айтқан пікірі себеп болды. Ал оның ондай мәлімдеме жасауына өткен жылдың тамыз айында президенттің тікелей телеэфир арқылы халықпен сұхбатында: “Қазақта ешуақытта шекара болмаған” деген сөзі түрткі болыпты. Жасарал Қуанышәлінің қоғамдық қорғаушысы Маржан Аспандиярова бұл – саяси іс, ал Жасарал Қуанышәліге ең алдымен Қазақстанның ұлттық-патриоттық ұйым белсенділері қолдау көрсетулері керек еді дейді:

- Бірақ, өкінішке орай, ұлтшыл-патриотпыз деп кеудесін соққандардың бірде-біреуі сотқа келгенде, қатысқан да жоқ...

Жасарал Қуанышәлінің қорғаушысы Мұстахим Төлеевтің айтуынша, олар сот үкімімен келіспегендіктен, енді келесі жоғарғы инстанция – Алматы қалалық сотқа шағымданбақ:

- Судья Зубков үкімін жариялаған кезде оның біржақты, объективті емес екендігі байқалып тұрды. Ал Қазақстанда әрбір судья президенттің тікелей жарлығымен тағайындалады. Сондықтан, ол – тәуелді тұлға болып есептеледі. Заңға қайшы болса да, тәуелді шешім қабылдайды.

Жасарал Қуанышәлінің соты Қазақстанда соңғы кезде қайта жанадана түскен оппозиция өкілдерін қудалаудың бір көрінісі, дейді «Әділетті Қазақстан» үшін қозғалысының мүшесі Маржан Аспандиярова:

- Егер елімізде шынымен заң үстемдік етсе, мұндай қылмыстық істі сот қабылдамаушы еді. Бірақ, сот қанша жыл болса да, сонша шешім шығаруға дайын. Бірақ амалсыздан амнистия туралы заңға сәйкес келгендіктен, сондай шешім шығарды... саяси процестер осымен жалғасуда. Сондықтан, қазір жақсылық күтетіндей кезең емес.

Ал мемлекеттік айыптау жағы - прокуратура өкілдері өздері сұраған жаза, яғни, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілгендігін айтады.

Бұған дейін, өткен аптадағы дүйсенбі күні Қарағанды облысындағы Теміртау қалалық соты оппозциялық бағыттағы «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловті 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ жаза 2 жыл сынақ түрінде берілген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG