Accessibility links

Қазақстанда құлаған «Днепр» зымыран тасығышының зардаптары зерттелуде


27 шілде күні Қазақстан аумағына құлаған Ресейдің РС-20 зымыраны аспанға көтерілген кезде онда 107 тонна амил қышқылы және 40 тонна гептил болған. Бұл туралы осы апаттты зерттеп жатқан комиссия өкілдерінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып,тамыздың 1 күні Астанада төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Болатбек Қуандықов хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, зымыран жерден көтерілген соң 73 секундтан кейін қозғағышы істен шығып, ұшып бара жатқан бағытын өзгерткен. Нәтижесінде зымыран құлаған жерде ұзындығы 65 метр, тереңдігі 15 метр шұңқыр пайда болды. Ал зымыран сынықтары 1 шақырым жерге шашырап құлаған деп хабарланады. Апатты зерттеп жатқан қазақстандық үкіметтік комиссия өкілдерінің хабарлауынша, адамдар кіріп, мал жайылмас үшін сол күні апат болған Қызылорда облысындағы аймақ қоршауға алынған. Аумақтағы 300-ге жуық адамды зерттеу нәтижесі бойынша ешбір адамның денсаулығына ақау келмеген деп хабарланады. Тек бір адам ауруханаға түскен. Бірақ, оның науқасы төтенше жағдаймен байланысты емес, дейді комиссия мүшелері. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Болатбек Қуандықовтың айтуынша, әзірге бар шығынды Қазақстан жағы көтеріп отыр, бірақ бұл уақытша, дейді ол:

- Шығынды бірінші анықтау керек. Анықтағаннан кейін оны кестесі бойынша Ресей жағы толығымен өтеп шығуға тиісті. Әзірге біз жұмыс істеп жатырмыз. Ертең сол шығындардың барлық есебі Ресей жағына беріледі.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің айтуынша бұл зымыран аспанға көтерілген кезде оның құрамында 107 тонна амил қышқылы және 40 тонна гептил болған. Бірақ, отынның едәуір бөлігі жанып үлгірген дейді Қазақстанның төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Болатбек Қуандықов:

- Бірінші сатысында зымыранда амил мен гептилдің қоспа көлемі 145 тоннадай болады. Бірақ, мен айтқандай, зымыранның бірінші бөлігінің бөлінуіне 10-ақ секунд уақыт қалған. Ол 73-74 секундтай жұмыс істеген. Соған қарағанда соның ішінде сегізден бірі ғана қалған. Ресейлік мамандардың айтуы бойынша, ішінде қалған көлемі амил мен гептилдің өте аз, өйткені ең көбісі оның ұшар уақытында жанып кетеді.

Осылайша тонналардан тек бірнеше келілер қалуы ықтимал, дейді мамандар. Ал «Табиғат» экологиялық қозғалысы төрағасының орынбасары Бахтияр Албанидің айтуынша гептил аз көлемде де зиянды:

- Ресейде Плесецкіде және әскери ғарыш кенішіндеде гептилмен ұшырады, бізде де сол гептилді пайдаланады олар. Өйткені, басқаларына қарағанда ол арзан. Енді қазір сараптама не көрсетеді екен, соны күту керек. Әйтпесе, ол азғантай-ақ болса да, бір грамм болса да - табиғатқа қауіпті, ол у ғой.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің айтуынша қатты жарылыс болғандықтан зымыраннан қалған қалдықтар кішкентай. Ал апат болған жердің суы мен топырақ бөліктері төртке бөлініп, Ресей және Қазақстан зертханаларына жіберілген. Бірақ, апаттты зерттеп жатқан үкіметтік комиссия төрағасы Азамат Әбдімомыновтың айтуынша, бұл жұмысқа биліктен тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар қатыспай отыр:

- Келісім бойынша экологиялық анализдер ресейлік ғалымдармен бірге алынуы тиіс. Мемлекеттік емес зертханалар осы жоғары деңгейде әлі күнге дейін халықаралық стандарттарға сәйкес ондай зерттеулер жасай алмайды. Бірақ, мысалы, университет бізден тапсырма түрінде ақша алса да, ол өз жағынан ғылыми жақтан бізден тәуелсіз.

Ал, үкіметтік емес ұйымға жататын «Табиғат» экологиялық қозғалысы төрағасының орынбасары Бахтияр Албани, комиссия бұл ақпаратты әдейі бермей отыр деген сын айтады:

- Белгілі ғой неге бермей жатқаны. Олар сол ақпаратты бермей жатыр. Олар бірдеме, расында бір қауіпті нәрсе болса, ешкім білмесін деп, сол бұрынғыдай ескі тәжірибе жасап отыр, ел білмесін деп.

АҚШ мамандарының атауына қарағанда мұндай зымыран «Satana», яғни қазақ тіліне аударғанда «Шайтан» деп аталады. Бұған дейін өте ауыр зымыран ядролық жарылғыш заттарды тасуға арналған қару болатын. Бастапқы кезде бұл зымыранның көзі жойылуға тиіс болған. Бірақ, оны бейбіт мақсатқа пайдалану шешілген болатын деп хабарланады.

Апатты зерттеп жатқан үкіметтік комиссия төрағасы Азамат Әбдімомыновтың айтуынша, бұдан былай мұндай зымырандар Қазақстаннан ұшырылмайды:

- Осы «Днепр РС-20» зымырандары - апаттың әрі қарай қорытындыларын білгеннен кейін - «Байқоңырдан» ұшпайтын болды.

Ал, апат келтірген экономикалық және экологиялық шығын Ресеймен келісілмейінше әзірге жарияланбайды дейді комиссия мүшелері.
XS
SM
MD
LG