Accessibility links

АҚШ-тан қайтып оралған әндіжандық 12 босқынның тағдыры беймәлім қалып отыр


2005-жылғы мамырда Әндіжанда болған қанды қырғыннан кейін әуелі Қырғызстан, сонан соң Румыния арқылы АҚШ-тан саяси баспана тапқан 12 өзбек азаматы АҚШ-тағы Өзбекстан елшілігінің көмегімен шілде айының ортасында Әндіжанға қайтып оралған болатын. Өзбек ресмилерінің хабарына қарағанда, ол 12 азамат АҚШ-тан Әндіжанға өз еріктерімен қайтқан. Бірақ Халықаралық адам құқықтары ұйымдарының айтуынша, Әндіжандағы ол азаматтардың қазіргі жағдайы беймәлім қалып отыр.

«Азаттық» радиосы ол 12 өзбек азаматының АҚШ-тан Әндіжанға аман-есен қайтып оралғандығынан хабардар болғанымен, олардың аты-жөні, жас мөлшері, жынысы және өзге деректерінен әзірге дейін хабарсыз болып отыр.

Адам құқықтары ұйымы «Хьюман Райтс Уачтың» Тәшкендегі кеңсе директоры Андреа Бергтің тілшімізге айтуынша, ол 12 азамат АҚШ-тан қайтқалы олардан ешқандай хабар алудың мүмкіндігі болмай отыр екен.

– Мен олар жөнінде ештеме біле алмай отырмын. Олардың келгендігі жөнінде Өзбек үкіметі мен Сыртқы істер министрлігі электрондық сайттарында көлемді мақалалар жариялады. 12 азамат Өзбек елшілігінің көмегімен атамекеніне қайтты деп, қызыл қаріптермен бөліп жазды. Бірақ, жарты күн өтпей жатып, ол хабарлар интернеттен жойылды, - дейді Адам құқықтары ұйымының өкілі.

Андреа Бергтің айтуынша, Әндіжанда адам құқықтары ұйымы немесе тәуелсіз журналистерден ешкім жоқ екен. Ал ол жерге барып, қатардағы азаматтармен кездесіп, оларды қауіп астында қалдыру орынды болмас, дейді өкіл.

Ал Әндіжандағы өткен жылғы қанды оқиғалардан кейін Қырғызстанның оңтүстігіне қашып келіп, сонда тұрып жатқан Мақсут есімді жігіттің «Азаттық» радиосына айтуынша, ол сол 12 адамнан 5 әйелді және екі кісіні біледі екен.

– Менің өз туыстарыма телефон шалып білуімше, 12 босқын АҚШ-тан қайтып келгенде үлкен қуанышты қауышулар болыпты. Өткенді еске алмаса да, әсіресе әйелдер өте шат көңілді екен, - дейді Мақсуд.

Олардың төртеуінің жұбайы Өзбек абақтыларында отыр екен. Ол азаматтарды өткен жылғы Әндіжан қырғынынан кейін тұтқындаған. Бірақ, әзірше сот ісі болмапты. Дегенмен, қыркүйек айына дейін олар бостандыққа шығып қалар деген мәлімет бар екен.

Босқындардың елде қалған балалары жоқшылықтан мектепеке де бара алмай қалған екен. Өзбек үкіметі енді ғана оларға айлық төлемақы бере бастапты. Мақсуттың пікірінше, ол балалардың әке-шешелерінің АҚШ-тан қайтуына осы жағдай себепші болған секілді. Сондықтан, БҰҰ-ның көмегімен босқын мәртебесіне ие болған Мақсұттың өзі де Еуропаға бару мәселесін ойлана бастапты.

Сондай-ақ, маусымның 27-сінде Германиядан баспана алған бір топ өзбек босқыны да президент Кәрімовке ашық хат жазып, елге қайтуды қалайтындықтарын білдіріпті.

Румыния арқылы АҚШ-қа барып орналасқан 150 өзбек босқыны бар. Олардың бірқатары елге қайту ниетімен туысқандарына сауға-сәлемдеме ала бастапты. Бұл жөнінде олардың біреуі тілшімізге айтқан. Дегенмен, адам құқықтары тобының ескертуінше, олар Өзбекстанға қайтып, өз өмірлерін қауіп астына қалтыруы мүмкін екен.

АҚШ-тың Огайосында әндіжандық босқындар мәселесімен шұғылданушы, Акрон көші-қон агенттігінің үйлеструшісі Дебелногихтың айтуынша, елге қайтып, ол босқындар қиын жағдайға тап болуы мүмкін екен.

- Өзбекстандағы туыстары жағдайдың нашарлығын айтып жатыр екен. Бірақ оларды қайтуға үгіттеп жатқан Өзбекстан үкіметі көрінеді. Ал біз олар Отандарына қайтқанда оның арты не боларын, оның салдарын білмейміз, - дейді агенттік өкілі.

«Хьюман Райтс Уач» ұйымынан Бергтің айтуынша, Өзбекстанда жұбайлары қамауда отырған шетелдегі босқынның көңіл-күйін түсінуге де болады.

– Түрмеде отырған кісіге айына 12 кг ғана зат алуға мүмкіндігі бар екен. Ал ол азық-түлік, киім-кешек, тіс тазалау пастасы, сабын, сүлгі секілді заттарды апарып берер кісісі болмаса олар өте ауыр, бейшара халде қала бермек. Міне сондықтан босқындар соны ойлап, елге қайтқанды дұрыс деп отырған сияқты, - дейді Андреа Берг.

Өткен жылғы мамырдың 13-індегі Әндіжан қырғынынан қашқан 700-дей адамнан 439 өзбек босқыны Қырғызстан, одан кейін Румыния арқылы Еуропа елдеріне, АҚШ, Канада, Аустралияға дейін жетіп, саяси баспана алған болатын. Бірақ әлемдегі саяси беделін ойлаған Өзбек әкімшілігі, олар шетелдерге алданып барып қалған, олар терроршы емес, сондықтан елге қайтқаны жөн деген саясат ұстанып отырған секілді.
XS
SM
MD
LG