Accessibility links

Куба президенті Ф.Кастро билікті бауырына тапсырды


Куба президенті Фидель Кастроға операция жасалған соң ол енді билікті уақытша өзінің бауыры Раульге берді. Кастро соңғы 47 жыл ішінде алғашқы рет биліктен бас тартып отыр.

Кастроның мәлімдемесі Куба телеарнасы арқылы жарияланды. Кастроның мәлімдемесін оның көмекшісі оқып берді:

“Денсаулығымның нашарлауына стресс себеп болып, ішек ауруым асқынып кетті. Сондықтан маған күрделі операция жасалды”.

Кастроның мәлімдемесіне қарағанда, операциядан кейін ол енді бірнеше апта демалуы керек. Сондықтан Кастро билікті уақытша өзінің бауыры Раульге тапсырып отыр. Рауль Кастро енді Коммунист партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы және әскери күштердің бас қолбасшысы, сондай-ақ, үкімет президенті болды. Сөйтіп Фидель Кастро соңғы 47 жыл ішінде алғашқы рет билігін бауырына беріп отыр.

Флориданың Майами қаласындағылар бұл жаңалықты есітіп қуанып жатты. Куба туларын ұстап алып шыққан халық “Азат Куба жасасын!” деп үндеулер айтты. Ал Кубаның өзінде бұл жаңалық түрліше қабылданды. Кейбіреулер елімізде енді не болады десе, ал басқалары болса 79-жастағы Кастроның денсаулығы қаншалықты нашарлап кеткендігін білгісі келеді. Өйткені Кастро осыдан екі жыл бұрын құлап қалып, оның оң қолы мен тізесі жараланған болатын.

Өткен жылы Орталық Барлау Агенттігі Ф.Кастро Паркинсон ауруына шалдыққан болуы мүмкін деген мәлімет таратқан еді. Бірақ Кастро бұл болжамды жоққа шығарып, “денсаулығым мықты” деп айтқан тұғын.

Сарапшылар егер Фидель Кастро қайтыс болса, бірінші кездері оның бауыры Рауль өте маңызды роль атқаратын болады дейді. Куба және Куба-Американдық зерттеулер институтының директоры Джэйм Сухликки мынандай пікірін білдірді:

“Кастро соңғы жылдары қолбасшының орынбасары болған бауырына билікті беру үшін оны жаттықтырып келеді. Кастро елдің әскери күштеріне байланысты билікті бауырына жүктеп қойды. Сонымен қатар, Кубаны басқару үшін Партия құрылымдарын күшейттіріп жатыр. Кастро өзінің өлімінен кейін де, тіпті Раульден кейін де Революция жалғасып жатыр деп сенгісі келеді”. Кастроның 80-жылдық мерейтойы тамыздың 13-іне белгіленген болатын, бірақ ол енді желтоқсанға қалдырылып отыр.
XS
SM
MD
LG