Accessibility links

БҰҰ-ың Қауіпсіздік кеңесі Иранның уранды байытуды тоқтатуына бір ай мерзім белгіледі


Қауіпсіздік кеңесі дүйсенбі күні Иранның уран байыту ісін доғаруына бір ай уақыт берілсін деген шешімді дауысқа салды. Егер Иран тамыздың 31-іне дейін уран байытудан бас тартпаса, оған экономикалық санкциялар салынуы мүмкін. Бұл қарарға Қауіпсіздік кеңесінің 14 мүшесі жақтап дауыс берсе, Араб елдерінің өкілі – Қатар ғана қарсы болды.

Иран мәселесінде апталар бойына АҚШ, Франция, Германия және Британиямен жалғасқан келіссөздерде, егер Иран өзінің күдікті деген ядролық бағдарламасын дамытудан бас тартпаса, ол елге қарсы автоматты түрде санкциялар салу турасында қысым көрсетіліп келген болатын. Дегенмен де Қытай мен Ресей Иранның бұл ядролық мәселесін соншалықты қатаң жолмен емес, оның жұмсақтау, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігіне шақырған еді. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Қытай мен Ресейдің кез-келген қарарға вето қою хұқы болса, Британия, Франция, АҚШ-ың да дәл сондай хұқы бар.

Енді соңғы қабылданған, сәл жұмсартылған қарарға сәйкес, егер Иран тамыздың 31-інде уран байытуды тоқтатпаса, одан соң ол елге қарсы санкциялар салу мүмкіндігі талқыланады.

АҚШ пен Европа одағының үштігі - Британия, Франция және Германия, Иран өзінің ядролық бағдарламасын ядролық қару-жарақ жасау үшін дамытып жатыр деп мәлімдеп, оған қарсы шаралар қолдануды талап еткен.

Ал Тегеранмен жан-жақты сауда қарым-қатынасы бар Ресей мен Қытай Иранға санкциялар салу мәселесін талқылауға қарсылық танытып, наразы болып келген.

Десек те, соңғы қарар соншалықты қатаң болмаса да, АҚШ пен европалық үштік ол қарарға қанағаттанғандықтарын білдірді. БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Джон Болтон, енді Иранның іс жүзінде бір ғана таңдауы қалды деген өз ойын білдірді:

- Біз Иран ядролық бағдарламаны дамыта беру өздері үшін қауіпті екендігін түсініп, соған сәйкес стратегиялық шешім қабылдайды ғой деп үміттенеміз. Бірақ, біз Иранның басқаша жолды таңдауына да дайын болуымыз керек. Міне сондықтан да АҚШ және басқа да елдер егер Иран бұл шешімді орындамаса, оған БҰҰ Хартиясының 41 бабына сай санкциялар қолдану шарасын талқылауға әзірлік танытты.

Дәл осыған ұқсас ой-пікірді АҚШ-ың европалық одақтастары да білдірді. Британия елшісі Эмир Джонес Парри бұл шешім салынуы ықтимал санкциялар туралы ғана емес, егер Иран оны орындап, ядролық бағдарламасын тоқтататын болса, оның өзі үшін пайдалы болар еді дегенді айтты.

Бұл бастама бойынша Иранға бірқатар экономикалық жеңілдіктер де қарастырылған және АҚШ қазіргі бар кейбір санкцияларды алып тастауды да ұсынды. Сондай-ақ Вашингтон Тегеранмен соңғы үш онжылдықта алғаш рет келіссөздер жүргізуге ниет танытты.

Қарар мазмұны белгілі болғаннан кейін Иран президенті Махмұд Ахмединежад өз үкіметі оны қабылдай алмайды деп айтты. Ол сөйтіп Тегеранның осыған дейінгі мәлімдеулерін қайталап, өз елі басқа да елдер сияқты ядролық бағдарламасын дамыту хұқына ие деп атап көрсеткен. Иран елшісі Мохаммед –Жавад Зариф өз ойларын Қауіпсіздік кеңесі алдында былай білдірген еді:

- Иран Ислам респубилкасының үкіметі мен оның адамдары өздерінің бейбіт мақсаттар үшін ядролық технологияны дамытып және оның түрлі аспектілерін өз ғылымын дамытуға қолдану жөніндегі заңды хұқтарын жаттығудан өткізуге белдерін бекем буған.

Сөз болып отырған бұл қарар дүйсенбі күні қабылданды. Бұдан үш апта бұрын Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты үш мүшесі және Германия келіссөздерінің барысында Иранға одан бір ай бұрын берілген ұсыныстар пакетіне жауап бермегендігі айтылған болатын.

Ал Иран болса оның алдында бұл ұсыныстар пакетіне тамыздың 22-іне қарай жауап береміз деген еді. Қауіпсіздік кеңесінде дауыс берудің өткізілуі - Иран жауап бермей уақыт өткізгісі келді дегенге негізделді.

БҰҰ-ндағы Қатар елшісі Нассир Абдулазиз әл-Нассир өз елі үкіметінің бұл қарарға қарсы дауыс беруіне негізгінен қазіргі Таяу шығыстағы Израил мен Ливан арасындағы жағдайдың ушығып тұрғаны себеп болды дейді. Қатар елшісі Иранға санкциялар салынатыны турасында қоқан-лоққы көрсетпей-ақ, үш аптадай күте тұрғымыз келеді деп атап көрсеткен.

AzattyqTV

Ресейдің "тыңшысы"

Kaspersky Lab. дауы

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG