Accessibility links

Министрліктердегі басқарма шенеуніктерінің саны екі есеге азайтылады


Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы басқарма шенеуніктерінің саны екі есеге азайтылады. Бұл туралы Астанада тамыздың 2-күні премьер-министрдің орынбасары Кәрім Мәсімов хабарлады. Оның айтуынша, есесіне мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы Қазақстандағы ірі жекеменшік компаниялармен пара-пар болмақ. Ал сыншылардың айтуынша, бұл ұсыныс көптен бері айтылып келгенімен, әзірге ол тек қағаз жүзінде қалып отыр.

Сәрсенбі күні Астанада өткен әкімшілік реформаларға арналған жиналыста хабарланғандай, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтерудің мақсаты - жемқорлықты азайту болмақ. Вице-премьер Кәрім Мәсімовтың айтуынша, қазір жекеменшік секторда, әсіресе шикізат және телекоммуникациялық салалардағы еңбекақы, тіпті халықаралық стандарттармен салыстырғанда жоғары болып тұр.

-Ал мемлекеттік қызмет бұған бәсеке жасай алмай отыр, - деді Мәсімов мырза.

Премьер-министр орынбасары Кәрім Мәсімовтың пайымдауынша, әкімшілік реформалардың негізгі мақсаты - ең таңдаулы қызметкерлерді мемлекеттік органдарға тарту. Вице-премьералдағы уақытта министрлердің құқықтары кеңейтілетінін хабарлады.

- Бұдан былай министр бір қызметкерге 3 адамның еңбекақысын төлеуге немесе 3 адамға бір адамның еңбекақысын беруге құқылы болады, - деді вице-премьер.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соңғы жобаларға сәйкес министрлерге көптеген мүмкіншілік берілгелі отыр:

- Әр министрліктің бүгінгі саны үкімет қаулысымен және бюджеттік комиссия бекіткен айлығымен әр министрлікке бұйрық ретінде тапсырылады. Ал енді бүгінгі біздің жобаларымызда 20 пайыздай бір өзі басқаратын министрдің резерві болады. Оны не 50 адамға не болмаса 40 адамға қалдыратын, өз аппаратында жұмыс істейтін айлыққа қосатын ақша ретінде дерлік министрде болады.

Ресми ақпаратқа сәйкес бұл реформалар шетелдердің тәжірибесінен алынған. Ал, саясаттанушы Болатхан Тайжан, шетелдердің көбінде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы Қазақстаннан өзгеше, бірақ, ондағы тәсілдердің көбі Қазақстанда қолданылмай келеді, дейді.

- Мемлекеттік мекемелерде істейтіндердің жалақылары шынында да өте көтеріңкі. Сонда ол өз орны үшін, осындай жалақыдан айырылып қалмас үшін жұмысын жақсы істеуге тырысады. Жемқорлық, әрине, азаяды. Өйткені, ол жемқорлықпен ұсталса, біріншіден, шетелде өте қатал - сотталуы өз алдында, бірден, тіпті бүкіл мүлкі мемлекет меншігіне көшуі мүмкін. Өкінішке орай, бізде мұндай тәсілдер пайдаланбай жүр, - дейді Б.Тайжан мырза.

Оның сыртында кәсіби ықшамды үкімет құру жоспарланып отыр. Сонда ол туындаған сұрақтарды жедел шешетін болады, дейді вице-премьер.

Қазақстанда мемлекеттік органдарды ықшамдау жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына 5 жыл болғанына қарамастан, кейбір функциялардың қайталануы әлі де кездеседі. Ал, сыншылардың айтуынша, бұл ұсыныс көптен бері айтылып жүргенімен, оны іске асыруға келгенде тек қағаз жүзінде қалып қояды. Премьер-министрдің орынбасары Кәрім Мәсімовтың айтуынша, бұл мәселе шынында да бірінші рет көтеріліп отырған жоқ.

- Әр кезде ол түрлі себептермен тарылып, қайта кеңейіп жатады, бірақ, бұл жолы нақты эффектіні біз алдағы екі жылда көреміз. Алайда, бұл үдерістерді нақты жүзеге асыру үшін заңдарды өзгерту қажет, ал, оған уақыт керек, - деді Мәсімов мырза.

Ал, саясаттанушы Болатхан Тайжан бұл ұсыныстарды орынды деп тапқанымен, оның тез арада жүзеге асатынына күмән білдіреді:

- Мәселелер орынды, тек шынында жүзеге асырылса жақсы болар еді. Ол шенеуніктердің саны аз болса, соғұрлым іс алға басу керек, бір-біріне сілтемей. Әсіресе бізде қол қоярдың алдында не болмаса шешім қабылдардың алдында тағы 4-5 адамның қолын алып кел деген жүйе болдығой - сол жүйеден арылу керек.

Осы жоспарлардың кейбіреуі президент Назарбаев қол қойған соң, 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілуге тиіс. Әкімшілік реформалар жобасына сәйкес мемлекеттік қызмет сапасы әлеуметтік сауалнама өткізу арқылы тексеріледі.
XS
SM
MD
LG