Accessibility links

Израиль жағы “Хезболлаһ” соғысушыларын ұстадық дейді


Израиль Ливанда “Хезболлаһтың” бірнеше соғысушысын ұстап алғанын хабарлады. Сәрсенбі күні Израиль әскерлері Ливанның шығысында шабуылдарын одан әрі жалғастырған болатын.

Израиль күштері тікұшақтарынан түсіп, Ливанның ежелгі қаласы Баалбекке рейд жасады. Израиль армиясының хабарлауынша, олар күдікке ілінген “Хезболлаһтың” бес соғысушысын ұстап Израильге алып кеткен. Бірақ “Хезболлаһ” бұл мәліметті жоққа шығарып отыр. Израильдің бұл шабуылдары Сирия шекарасына жақын жерде болған. Бұл аймақта кемінде 11 адам қаза тапты деп хабарланды. Израиль ұшақтары, сондай-ақ, Ливанның оңтүстігіндегі елдің әскери базасына шабуыл жасап, үш жауынгерді өлтірді. Жалпы бұл қақтығыстар басталғалы бері Ливанда 650-ге жуық адам қаза тапса, ал Израильде шамамен 50 кісі құрбан болған.

Соғысты тоқтатуға бағытталған халықаралық үндеулер айтылып жатыр. Еуроодақ Сыртқы істер министрлері әскери әрекеттерді тезарада тоқтатуға шақырды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс атыс бірнеше күннен кейін тоқтауы мүмкін деп мәлімдеді:

“Егер біз бұл бағытта әрекет жасасақ, бітімге осы аптада қол жеткізуіміз мүмкін. Әрине біз апталар туралы емес күндер жөнінде айтып жатырмыз. Зорлық-зомбылық әрекеттерін тоқтатуға уақыт келді”.

Бірақ премьер-министр Ехуд Олмерт Израиль халықаралық бітімгершілік күштерін орналастырылғанға дейін “Хезболлаһқа” қарсы әскери әрекеттерін жалғастыра береді деп мәлімдеді. Бірақ бұл аймаққа бітімгершілік күштерінің қашан жіберілетіндігі белгісіз. БҰҰ-ы осы мәселеге байланысты бейсенбі күні келіссөз өткізеді деп жоспарланған.

Олмерттің айтуынша, Израиль “Хезболлаһтың” әскери нысандарының көбін қиратқан.

“Израильдің әскери операциясынан Хезболлаһтың басым бөлігі қарусыздандырылды деп ойлаймын. Олардың атып жатқан зымырандары арқылы ғана мұны есептей алмаймыз. Хезболлаһтың инфрақұрылымы әбден жойылды. Израиль армиясы Хезболлаһтың 700-ден астам нысанын қиратты”, - деді Олмерт.

Ал бұл арада “Хезболлаһ” соғысушылары Израильдің солтүстігіне зымырандарын атты, оның салдарынан кемінде 7 адам жарақат алды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG