Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.03.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Балқаш көлі тартылып бара жатқандығы туралы жазды. Сонымен бірге басылымдар қазан айынан бастап Алматы қаласында жарық бағасы үш есеге қымбаттайтындығына мән берсе, «АТФ» банкінен 160 миллион теңге ұрлаған қылмыскердің ұсталғаны газеттердің бірінде айтылған.

Көлемі жағынан Қазақстандағы екінші көл – Балқаш соңғы бірнеше жылдың ішінде мың шаршы шақырымға тартылып кеткендігі туралы мақала «Zonakz» интернет сайтында басылыпты. «Жағдай осылайша өрбитін болса, онда Балқаш екінші Аралға айналмақ. Оған қоса соңғы жылдары Балқаштың маңайындағы өндіріс орындарынан шыққан қоқыстан көл айтарлықтай ластанған. Балқашқа құйылатын судың 73 пайызы Іле өзенімен ағып келеді екен. Бұл өзеннің бастауы Қытайда жатыр. Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң автономиясында өндірістің және аграрлық даму жұмыстары қолға алынғалы бері аймақта суға деген сұраныс артып, соның салдарынан Балқаш көлі Қазақстандағы тағы бір экологиялық апат аймағына айналып барады» деп жазды «Zonakz» интернет сайты.

Ал Қазақстандағы басылымдардың көбі қазан айынан бастап Алматы қаласында жарық бағасы үш есеге қымбаттайтындығына мән беріпті. Бұл туралы «Комсомольская правда» газетінде былай делінген: «Жақында Алматы әкімшілігінде «Алматы Пауэр Консалидейтед» акционерлік қоғамының жылу мен жарық бағасын өсіру туралы шешіміне байланысты көпшілік талқылау өтті. Жиында аталған компанияның тариф жөніндегі басқарма басшысы Тамара Аршимова осындай шара жанар-майдың қымбаттауына байланысты қабылданып отырғандығын айтқан. Монополияға қарсы агенттігі компанияның шешімін мақұлдайтын болса, жаңа тариф осы жылдың қазан айынан бастап енгізіледі» делінген «Комсомольская правда» газетіндегі мақалада.

Осы тақырыпқа орай «Казахстанская правда» газеті «АПК» компаниясы өткен жылы үш жарым миллиард теңгеге шығынға батқандығына мән беріпті. Қазіргі тариф сол қалпында қалатын болса, онда компанияның биылғы шығыны 7 миллиард болады екен. Алматы қаласында жарық бағасы 2000 жылдан бері, ал жылу тарифтері 2002 жылдан бері өзгертілген жоқ. Ал компания жұмысшыларының жалақысы өте төмен күйінде қалып келген. Соған байланысты компания басшылығы жарық бағасын үш есеге көтеру керек деп шешкен» деп жазды.

«Алматы пауэр консалидейтед» компаниясының жаңа қожайыны саналатын «КазТрансГаз» компаниясы өткен жылы энергокешенді жөндеу жұмыстарына 3 миллиард теңге бөлгендігі «Время» газетінде келтірілді. Алматы және Алматы облысы тұтынушылары құқығын қорғау қоғамының өкілі Юрий Кердод мырзаның айтуынша, «КазТрансГаз» компаниясы АПК-ға тағы 5 миллиард теңге бөлуге әуде берген, Сондықтан бағаны көтеру үшін АПК басшылығының келтіріп отырған дәйегі орынсыз. Тариф мәселесін енді арнайы құрылған комиссия қарап, екі аптадан соң түпкілікті шешімін шығармақ» деп жазды «Время» газеті.

Алматыда жарық қымбаттағалы жатқанда павлодарлықтар керісінше су бағасы арзандатылғаны «Казахстанская правда» газетінде айтылған. «Қала тұрғындары үшін осындай оң шешім Павлодардағы табиғи монополияны реттеу жөніндегі облыстық басқарманың тексеруінен кейін қабылданып отыр. Монополияға қарсы ведомство өндіріске кететін шығынның аз екендігін анықтап, соған байланысты суға төленетін тарифті де түсірген. Бұған дейін павлодарлықтар судың әрбір текше метріне 13 теңге төлеп келсе, енді 10 жарым теңге төлейтін болады» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

«Литер» газетінде осыдан бір ай бұрын Алматыдағы «АТФ банкінің» бөлімшесіне өзін «Голд Продукт» компаниясының өкілі ретінде таныстырып, 1 жарым миллионнан астам теңгені алып кеткен алаяқ ұсталғаны туралы жазыпты. Бұл оқиға жөнінде аталған банк өкілдері де, ол істі қараған полиция да мардымды ақпарат таратқан жоқ болатын. «Енді полиция мен банктің қауіпсіздік қызметі бір айдан соң жаңағы алаяқ ұсталып, қолды болған 164 миллион теңгенің көп бөлігі қайтарылғаны туралы хабарланған. Сонымен бірге қомақты ақшаны алдау әрекеті арқылы алып кету ісіне бірнеше адам қатысқаны да белгілі болып отыр. Бұл басқа да банктерге сабақ болып, олар қызметкерлері арасында сынақ жүргізуге кіріскен» деп жазды «Литер» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG